Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.01.2007 жыл


Сенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2009-шы жылы емес, 2010 жылы төраға болатындығы жөніндегі мақалалар, сондай-ақ Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы кеден бекеттеріндегі жүк тасымалы жағдайына зерттеу мақалалар жарық көріпті.

«Егемен Қазақстан» газеті Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, өзі үміт еткендей 2009-шы жылы емес, бір жыл кейінге, яғни 2010-шы жылы төраға болатындығын қуанышпен жеткізген мақаласын «Еуропа өз төрін 2010-шы жылға ұсынды» деген тақырыппен жариялапты.Мақалада айтылғанындай, Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин жұма күні Мадридте, ОБСЕ-ге мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кезекті бас қосуында баяндама жасап, онда Қазақстанда алдағы жылдары демократияны өркендетуге қатысты ОБСЕ және оның институттарының ұсыныстары ескеріліп, нақты істердің істелетіндігін айтқанын жазыпты газет. «Елдің сыртқы істер министрі М.Тәжин бұған дейін ОБСЕ тарапынан сынға алынып келген «Сайлау туралы», «БАҚ туралы» заңдардың қайта қаралып, бұл мәселедегі ОБСЕ ұсыныстары ескерілетіндігін уәде еткен соң барып, 2009-шы жылы Грекия, 2010-шы жылы Қазақстан, ал 2011 жылға Литваны ОБСЕ-ге төраға етіп бекіту ұсынысы енгізіліп, ол бірауыздан қабылданды» деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Казахстанская правда» газеті сенбілік санында Мадридтегі бұл шешімді Қазақстан үшін жеңіс ретінде бағалапты. «Қазақстанға қатысты осындай шешім қабылданғаннан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин мәлімдеме жасап, осындай үлкен де беделді халықаралық ұйымға төрағалық ету Қазақстанға үлкен жауапкершлікті жүктейтіндігін айта отырып, батыс пен шығыс арасындағы диалог үшін бұның маңызы зор екендігін атады. Сөзінің соңында ол барша қазақстандықтарды жеңіспен құттықтады және Қазақстанды қолдаған елдерге ризашлығын білдірді» деп жазады «Казахстанская правда».

«Айқын» басылымы сенбілік санында Мадрид отырысының аяқталғанын хабарлай келе, осы жолғы кеңесте ұйым қағидасының өзгеріске ұшырағанын, яғни бұған дейін кеңес төраға болуды бір жылға дейін анықтап келсе, осы жолы бірден үш жылдың төрағасы анықталғанын жеткізіпті. «Осы жолғы отырыста ұйымға мүше Батыс елдері мен ТМД елдері арасындағы тартыс пен бақталастық анық байқалды, әсіресе Ресейдің арыны қатты болды, ОБСЕ-нің өзі реформалануы керектігін айтқан Ресей Қазақстанның 2009-шы жылы ОБСЕ-ге төраға болуын қолдады, ал ТМД-ға мүше басқа елдерден Өзбекстан батысқа қарасты әлемде кейбір елдер ислам әлемін лаңкестермен байланыстырады, сондықтан ОБСЕ сонымен айналысуы керек деген пікір айтты» деп жазады «Айқын» басылымы.

Осы басылымда жарық көрген тағы бір мақала Қазақстанда жаңадан кедендік баж салығын енгізу ережесіне байланысты Қазақстан-Қытай шекарасында жұк тиелген көліктердің құжаттарын өзгертіп Қырғызстанға баратын жүк деп рәсімдеп, содан Қырғызстанға барып, одан қайта Қазақстанға өтіп кетіп жатқан заң бұзу оқиғаларына тоқталыпты. «Кедендік бақылау комитеті жанынан құрылған жедел әрекет ету тобы Қырғызстан шекарасы арқылы Қазақстанға заңсыз өткен осындай 40 көлікті анықтады, сонымен кеденшілер мен алыпсатар кәсіпкерлер арасындағы күрес тиялар емес» дейді газет тілшісі.

«Время» басылымы сенбілік санында Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің Қазақстан-Қытай шекарасындағы кеден бекеттері арқылы контрабандалық жүк өткізумен айналысқан қылмыстық топты әшкерлегенін жазыпты. «Қытай астанасы Бейжин қаласында тіркелген «Бамас» компаниясының 8 автокөлігін чекистер тоқтатып отыр. Оның жетекшісі Ресей азаматы Мәлік Дасиев деген азамат неше жылдан бері Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысып, аз емес табыс тауып жүрседе, ол туралы Қазақстанның салық мекемелері білмейтін болып шықты, яғни оның ешбір салық төлемей келгені анықталып отыр» деп жазады «Время» басылымы.
XS
SM
MD
LG