Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.04.2007 жыл


Сейсенбі күні жарыққа шыққан «Время» газеті «Рахатгейт» ісі бойынша жаңадан тағы бір қылмыстық істің қозғалғаны жөнінде жазыпты. Ал «Жас алаш» басылымы болса осы «Рахатгейт» ісінде негізгі куәгерлердің бірі - Нұрәлі Әлиевтің куәгер ретінде сұралмай қалғандығына мән беріпті. Өзге де жарыққа шыққан басылымдар Қазақстанның ЕҚЫҰ-на 2010 жылы төрағалықа қол жеткізгендігін сөз етіп, «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ына төрағалығы ішкі саясатқа не береді?» деген сауалға жауап іздеп, сарапшылар пікірін ұсынған екен.

Сейсенбілік санында «Время» басылымы Алматы қаласының Медеу аудандық сотында жаңа бір қылмыстық іске байланысты сот процесінің басталғандығын жазыпты. Бұл жолы айыпкерлер орынтағында Мәдениет және ақпарат министрлігінің өнер және халықаралық қатынастар департаментінің директоры Валерий Кузембаев пен республикалық неміс драма театрының бұрынғы директоры Татьяна Калинина және осы театрдың бұрынғы менеджері Виктор Лебедев отырғандығы хабарланыпты. Оларға аса ірі көлемде жалпы сомасы 13,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып тағылғандығы жазылыпты.

Сондай-ақ, басылым атышулы «Рахатгейт» ісі бойынша Алматы ішкі істер департаменті жаңадан кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлапты. «Бұл із-түссіз жоғалған банкирлердің денесінің табылғандығын білдіре ме?» - деген газет тілшісінің сұрағына Бас прокуратураның аға прокуроры Владимир Кириленко әзірге Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлиевтің денелерінің табылмағандығын айта келіп, банкирлердің 10 айдан бері із-түссіз кеткені жаңа қылмыстық істің қозғалуына түрткі болып отыр, дейді. Сондай-ақ басылым бұл қылмыстық істің бүгінгі күні Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қаралып жатқан Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлиевті ұрлауға байланысты өтіп жатқан сот процесінен бөлек қаралатындығын жазыпты.

Осы «Рахатгейт» тақырыбы «Жас алаш» газетінің сейсенбілік санында «Дариға мен Нұрәли сотқа келе ме? деген тақырыппен беріліпті. Газет тілшісі: «Адам ұрлап айуандық әрекетке барғандардың сыбайласы болмаса да, туыстық жақындығы барлар өз аяқтарымен келіп, өздері естіп қалған деректерді сотқа айтар мекен? Бұл өз кезегінде ұрланған азаматтарды қайтаруға жәрдемдесіп, қылмыс жасаған жақындарының жазасын бір мысқал болса да жеңілдетер ме еді?» дейді. Автор өткен жұма күнгі болған сот отырысында жәбірленуші жақтың қорғаушылары 31 қаңтар күнгі оқиғаның негізгі куәгерлерінің бірі - Нұрәли Әлиевті сотқа шақыруды сұрағанын баяндайды. «Алайда, мемлекеттік айыптаушы Владимир Кириленко Нұрәлі Әлиевті әзірге сұраудың реті жоқ деп, бұл мәселенің басын ашық қалдырды. Судья Сейітовтің күткені де сол болса керек, бірден көне кетті. Сөйтіп 31 қаңтар күнгі эпизод бойынша негізгі куәгердің бірі - Нұрәлі Әлиев сұралмай қалды» деп жазады «Жас алаш».

«Айқын», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» басылымдары Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ына төрағалығын басты тақырыпқа айналдырып, сейсенбілік сандарын осы мәселеге арнаған екен. «Айқын» басылымы «Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ары қарай демократиялануына серпін береді» деп жазады. Мақала авторы одан әрі «осының арқасында енді ЕҚЫҰ Орталық Азияның, соның ішінде Ауғанстанның проблемаларына басым назар аудара бастайды. Бұған қоса адам және қару саудасымен, есірткі тасымалымен, ұйымдасқан қылмыс және терроризммен күрес күшейеді. Осының барлығы біздің аймақтағы қауіпсіздіктің артып, тұрақтылықтың нығаюына жәрдемдеспек» деп түйеді. Сондай-ақ, басылым «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ына төрағалығы ішкі саясатқа не береді?» деген сауалға сарапшылардың пікірін ұсынған екен.

Бұл тақырыпты сөз еткен «Жас алаш» басылымы «Төрді сұрағанға бер» атты мақалада: «Қазақстан 2010 жылғы ЕҚЫҰ-на төрағалыққа таза геосаяси стратегия тұрғысынан қол жеткізіп отыр. Бұл биліктің айтқанындай Ақорданың тамаша жетістігінің жемісі емес» деп жазыпты. «Орталық Азияның Қытай мен Ресей жағына ауып кетпеуі және Батыстың Каспийдегі энергоресурстарға тәуелділігі осындай стратегиялық шешім қабылдауға жеткізді» дейді мақала авторы Мұхтар Жанұзақұлы.
XS
SM
MD
LG