Accessibility links

Қазақстанның спорт министрі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірлік қызметінде отыруы - елге келетін инвестиция кепілі деді


Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас Ассамблеясына қатарынан төрт жыл вице-президент болып сайланған Қазақстанның спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамбетов сәрсенбі күні бұқаралық ақпарат құралдарына арнап өткізген баспасөз мәслихатында «Қазақстанға туризм саласына келіп жатқан инвестицияның көбеюінің себебі - президентімізді өмірлік етіп сайлап алдық, өйткені инвесторлар да тұрақтылықты қалайды» деген сенсациялық мәлімдеме жасады. Шын мәнінде, Қазақстан президенті Н.Назарбаев Конституцияға биылғы енгізілген түзетулер арқылы «мәңгілік президент» болып қалды ма?

Қазақстанның спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамбетов 2011 жылға дейін бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас Ассамблеясына вице- президент болып сайланды. Осыған орай сәрсенбі күні Астанада өткізген баспасөз мәслихатында Спорт және туризм министрі журналистердің алдында:

«Қазақстанда инвестицияның тұрақты болып тұруының себебі, соңғы уақытта президентті өмірлік етіп сайладық. Бұл да инвестицияның көбеюіне әсер етті. Өйткені, инвесторлар ақшаларын қайтарып ала алмайтын жерге инвестиция салмайды», - деген мәлімдеме жасады.

Қазақстанда соңғы рет президент сайлауы 2005 жылдың желтоқсан айында өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев, сол кездегі Конституцияға сәйкес, мемлекет басшысы қызметіне соңғы рет жеті жыл мерзімге сайланған болатын. Ал биыл маусым айында Қазақстан парламенті депутат Ромин Мадиновтың бастамашылдығымен Конституциядағы «Президент» деген тарауға түзету енгізіп, елді соңғы 18 жыл бойы басқарып отырған тұңғыш президентке шексіз мерзімге сайлану құқығы берілді. Бұл түзету қазіргі президентті мәңгілік етіп сайлады дегенді білдіреді ме? Оны сол кезде парламент қабырғасында аталған Конституцияны қабылдаған депутаттардан сұраған едік.

Парламент сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов Қазақстанның бірінші президентіне қатысты өзгеріске былайша түсініктеме береді:

- Президентті мәңгілік етіп біз сайлаған жоқпыз. Президентті 2005 жылы жеті жылға сайладық. Енді келесі президент сайлауы 2012 жылы өтуге тиіс. Егер сол сайлауға президент қайта түсемін десе - құқылы. Халық дауыс беретін болса, ол кісі сайланады.

Алайда, сенатордың сөздеріне сенсек, халық қазіргі мемлекет басшысын өмірінің соңына дейін президент етіп сайлай береді:

- Мен ойлаймын, егер біздің елімізді осындай тұрақтылық болып тұрса, біздің елімізді бүкіл дүние жүзі танып отырса, ЕҚЫҰ бізді 2010 жылға төраға етіп сайлап отырса – ол біздің президентке деген сенім. Сол кісінің арқасында біз сайланып отырмыз. Әрі қарай да ол кісіні халық сайлай береді деген сенімдемін.

Ал парламент қабырғасында Конституцияға енгізілетін өзгерістер талқыланып жатқан кезде мәжіліс депутаты болған, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Байменов елге келетін инвестиция мемлекеттің саяси-экономикалық тұрақтылығына байланысты екенін жасырмайды:

- Сөзсіз инвестиция жасайтын құрылымдар үшін кез-келген елдегі тұрақтылық және саясатты болжау мүмкіндігі маңызды факторлардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда, инвесторлар үшін ең маңыздысы экономикалық саясаттың сабақтастығы.

Бірақ, ел Конституциясына Спорт және туризм министрі айтып отырғандай өзгерістер енгізілмегенін айтады «Ақ жол» партиясының төрағасы:

- Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша, кезінде болған Түркіменстаннан айырмашылығы «мәңгілік сайлану» емес, «сайлауға қайта қайта түсу құқығы» жөнінде өзгерістер енгізілді. Бұл жерде министр тарапынан Конституцияның баптарын дұрыс түсінбеу бар сияқты.

Спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамбетов соңғы жылдары Қазақстанға келетін туристердің саны 30-35 пайызға көбейгенін айтады. Журналистердің сұрақтарына берген жауабында спорт министрі шетелдік туристердің Қазақстанға қызығушылық білдіруіне британдық сайқымазақ Саша Коэннің де ықпалы бар дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG