Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.06.2007 жыл


Бейсенбі күні жарыққа шыққан «Время» басылымы қоғам назарын аударып отырған атышулы «Рахатгейт» ісі туралы сот залынан репортаждар ұсынып, Алматы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Владимир Курбатовтың куәгер ретінде сотқа келе алмайтындығы жөнінде сот төрағасына хат жазғандығын хабарлапты. «Жас алаш», «Tасжарған», «Айқын» «Литер» басылымдары болса Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болуына орай талдау мақалалар беріп, өзге де әлеуметтік мәселелерге назар аударған екен.

«Время» басылымы өзінің кезекті санында биылғы жылы наурыз айында Алматы облысының Казатком ауылында қантөгіспен аяқталған жанжалға кінәлі ретінде қылмыстық жауапқа тартылған үш азаматтың облыстық сотта үкім күтіп жатқандығын хабарлапты. Басылымның жазуына қарағанда, желтоқсанның 5-і күні ақтық сөзін айтқан айыпталушы Қайрат Батырханов өзінің кінәсі жоқ екендігін айтып, соттан ақтауды сұраған. Басылымның осы санында «Рахатгейт» айдарымен берілген кезекті материалда Алмалы аудандық соттың судьясы Нұрділдә Сейітовтің атына Владимир Курбатовтан хат келіп түскендігін хабарланыпты. Басылымның жазуына қарағанда, хатта Алматы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Владимир Курбатов денсаулығының сыр беруіне байланысты сотқа келіп, куәгер ретінде жауап бере алмайтындығын айтқан. Сондай-ақ, «Нұрбанктегі» 200-ге жуық депозитарий ұяшықтарының 100-ін ашуға Рахат Әлиевтің тікелей тапсырмасы болғаны өткен сот процестерінде банктің күзет қызметінің бұрынғы жетекшісі Ерлан Сәрсенбековтан жауап алу кезінде белгілі болды. Өткен жылдың жазында банктен сейфті арендаға алып құны 200 мың доллар тұратын бриллиант таспен көмкерілген сақина, құны 5100 доллар тұратын мобильдік телефон, ерлердің 2 швейцар қол сағаты, жалпы сомасы 700 доллар мен 100 мың теңге ақша салған кәсіпкер Макетовтің құнды заттары мен ақшасын ұрлауға бұйрық берілген. Бұйрықты орындаушылар ақша мен құнды заттарды Рахат Әлиевке апарып берген», деп жазады «Время» басылымы. Сондай-ақ басылымның осы санында Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің сұхбаты жарияланыпты. Онда министр Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығын «президент Назарбаевтың сындарлы саясатының жеңісі екендігін» тілге тиек етіп, «төрағалық Қазақстанның ішкі саяси жүйесін либерализациялауға жаңа серпін береді», - депті.

«Бар жақсыны президентке жапсыра беру ЕҚЫҰ төрағасына лайық әдет емес» деп жазыпты «Жас алаш» газетінің тілшісі Ержан Әбдіраман. «Төраға болдым мінеки» атты мақаласында автор: «Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болатынын билік жалпыұлттық мейрамға айналдырып жатыр», дейді. Алайда бұл жерде бір ыңғайсыздық бар деген автор: «Неше жылдан бері сұрап келе жатқан 2009 жылды Қазақстанға ақыры бермеді. Мәнісін түсінгенге бұл маңдайдан шертумен бірдей» дейді.

Бұл тақырыпқа «Тасжарған» газеті Мадридтегі жиынға қатысқан оппозицияның шетелдегі бюросының жетекшісі Серік Медетбековтің сұхбатын жариялапты. Өз сөзінде Серік Медетбеков: «Төрағалықтың 2009 жылы Қазақстан берілмеуінің маңызы үлкен. Оған – елдегі саяси реформалардың бұрмалануы, сайлау науқаны барысындағы олқылықтар, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты саяси ойындар мен партияларды тіркеу мәселелері, елдегі жемқорлық, тағы да басқа кемшіліктер себеп болған» дей келіп, «енді Қазақстан билігінен халықаралық қауымдастық алдында берген уәделерін орындауға қол жеткізуіміз керек» дейді. Сондай-ақ, Серік Медетбеков Мадридтегі жиынға он күн қалғанда Қазақстан сыртқы істер миинстрі Марат Тәжиннің ОБСЕ жиынына төрағалық етуші Испания сыртқы істер министріне Қазақстан неге болса да көнеді, тек болашақта төрағалық креслоны берсеңіздер деп хат жолдағандығын айтыпты. «Бұл хатты өз көзіммен көрдім» дейді Серік Медетбеков «Тасжарған» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Литер» және «Айқын» басылымдары болса Қасымжомарт Тоқаевтың жуырда шыққан «Күнгей мен көлеңке» атты кітабынан үзінді жариялап, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығын жеңіп алуында дипломаттардың сіңірген еңбегінің аз емес екенін айтыпты.

«Экспресс К» басылымы Оңтүстік Қазақстан облысында мүлікті заңдастыру шарасы кезінде орын алған заң бұзушылықтарға назар аударған екен. Басылымның жазуына қарағанда, аймақтық прокуратура тексерісінің нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекетік компания жылжымайтын мүлікті заңдастыру шарасы кезінде осыдан үш жыл бұрын өмірден өткен әкімнің қолын жасағандығы әшкере болған.
XS
SM
MD
LG