Accessibility links

Төрт айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген «Қуат» компаниясының жұмысшылары тағы да шеруге шықпақшы


Астанадағы ең ірі құрылыс компанияларының бірі болып саналатын «Қуат» корпорациясының жұмысшылары тамыз айынан бері еңбекақыларын ала алмай келеді. Олар осыдан бір ай бұрын президент резиденциясы Ақорданың жанында рұқсат етілмеген шеру ұйымдастырған болатын. Сол кезде компания басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «бүгіннен бастап ақшаларын төлейміз» деп уәде берген еді. Алайда компания басшылары ақша төлеудің орнына, «заңсыз шеруге шықтыңдар, айыппұл саламыз» деп өздерін қорқытқан көрінеді. Бірақ «Қуат» компаниясының жұмысшылары еңбекақыларын төлемесе, тәуелсіздік күні қарсаңында көшеге шығамыз деп отыр.

«Қуат» құрылыс команиясының әнұранында: «біздің құрылысшылар бақыт үйін салады» деген өлең жолдары бар. Бірақ қалтасы қалыңдарға бақыт үйін салған кәсіпорынның мың жарымнан астам жұмысшысы Астанада төрт айдан бері өздеріне тиесілі еңбекақыны ала алмай бақытсыздық күйін кешіп жүр.

Осыдан тура бір ай бұрын компанияның басқарма басшысы Александр Крылов заңсыз шеру өткізген жұмысшылардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында «бүгіннен бастап ақшаларыңды банк арқылы төлем карталарына жібереміз» деген уәде айтқан болатын. Бірақ, жұмысшылардың айтуынша, содан бері басшылық оларды күнде ертең деп алдаумен келеді екен. Мұны жұма күні Астанада журналистермен кездескен компанияның отыздан астам құрылысшысы айтты:

- Қазір айлық уақытылы төленбейді. Тамыз, қыркүйек, қараша, міне желтоқсан айы болды - жалақыларымызды ала алмай келеміз. Біздің бір ғана талабымыз бар – уақытында ақшамызды төлесе. Банктерден несие алған қаншама адам сол қарыздарын төлей алмай жүр. Одан қалса жалдап тұрған пәтерлеріне ақша төлеулері керек. Сонымен қатар зейнетақы қорымызға да ақша аударылмапты.

Ал қарашаның 1-і күні Астанада Ақорданың алдында заңсыз шеру ұйымдастырдыңдар деп арнайы қызмет орындары суретпен іздеп жүріп оларды тергеуге алған көрінеді. Бірақ жұмысшылар егер компания жалақыны төлемесе тәуелсіздік күні қарсаңында тағы да шеруге шығатындықтарын мәлімдеп отыр.

- Қалалық әкімдікке 15 желтоқсанға шеру ұйымдастыру үшін арыз бердік. 34 бригадир қол қойдық. 1500-ден астам адам шығады деп отырмыз, - дейді компания жұмысшыларының бірі Алпысбай Қалыбетов.

«Қуат» компаниясында жұмыс істейтін құрылысшылардың қолындағы еңбек келісім-шартында жұмыс істеу мерзімі көрсетілмепті. Ал кадрлар бөлімінде олардың жұмыс істеу мерзімі үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанына дейін деп жазылған екен. Жұмысшылар жаңа жылдан бастап бізге ақша төлемек түгілі, қабылдамауы да мүмкін деп қорқады. Ал қазір балаларының нанын табу үшін әр жерде уақытша жұмыстар істеп жатқанын айтады «Қуат» компаниясында бригадир болып істейтін Нұрлан Ташметов:

- Қазір жұмысшылардың әрқайсысы үшеу, төртеуден пәтерлер алып, соларға ремонт жасап жүр. Өздерінің жалдап тұрып жатқан пәтерлеріне, несиелеріне ақша тауып жатыр қазір. Қазір «Қуат» қалды. Онда жұмыс істейтін құрылыс материалдары да жоқ. Қазір онда адам да жоқ. Өткен айда біздің бригадамыз жұмыс істедік. Сондағысы әр балаға 2 мың теңгеден ғана жазылыпты. Ал олар орташа есеппен 90 мың - 130 мың теңгеден алып жүрген жұмысшылар.

Осы мәселеге байланысты «Қуат» компаниясы басқарма бастығының орынбасары Валерий Дмитриевич «Азаттық» тілшісіне:

«Өзім де төрт айдан бері жалақы алмай жүрмін. Бірақ мен жұмысшылардың шеру ұйымдастырғалы жатқанын қолдамаймын. Одан қайта келіп жұмыстарын істесін. Ақшаны береді», - деп жауап берді.

Ал «Қуат» компаниясының бас есепшісі жұмысшылардың еңбекақы қарызы туралы «Азаттық» радиосына жауап беруден бас тартты.

Астана қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бас инспекторы Рүстем Қалекенов болса:

«Кеше ғана Қуат компаниясының басқарма бастығы Александр Крыловпен кездестім, ол желтоқсанның он алтысына дейін жұмысшылардың еңбекақыларын, қарыздарын толығымен төлейміз деген кепілхат берді», - деп жауап берді.

Бас инспектордың сөздеріне қарағанда, компанияда ақша бар екен. Бірақ жұмысшыларға берешек 200 млн. теңгені төлеп бітіре алмай жатыр дейді ол.
XS
SM
MD
LG