Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.07.2007 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Жұма күні жарыққа шыққан «Республика» апталығы бүгінде Алматы сотында қаралып жатқан атышулы «Рахатгейт» ісіне орай «мемлекеттік құрылымдар кімдерге қызмет етеді?» деген сауалға саясаткер Төлен Тоқтасыновтан жауап алыпты. Ал «Свобода слова» басылымы болса экономикалық мәселелерге назар аударып, Қазақстан бас министрімен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынған. Сондай-ақ басылым Алматы қаласында баспаналары өртеніп кеткен 22 тұрғынның әлі күнге ашық астан астында тұрып жатқандығын жазыпты. «Караван» басылымы мен «Айқын» газеті демографиялық мәселелерге кеңірек орын берген.

«Республика» басылымының жұма күнгі санында жарыққа көрген «Егер тыныштық болса – онда сауда» атты мақалада Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясы, президенттің күзет қызметі адамдарының бүгінде Алматының Алмалы аудандық сотында атышулы «Рахатгейт» ісі бойынша айыпкер рертінде сотқа тартылып отырғандығына мән беріліпті. Басылым тілшісі «Қазақстандағы күш құрылымдары кімге қызмет етеді? Қазақстан билігіне жақын адамдар, соның ішінде бір уақытта мемлекеттің Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған адамның аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталуының себебі неде?» деген сауалдарға саясаткер Төлен Тоқтасыновтың пікірін жариялапты. «Мемлекеттік күш құрылымдарының, өкінішке орай, не мемлекеттің, не халықтың, не жеке бір азаматтың мүддесіне емес билеуші элита үшін қызмет ететінін» айтқан Төлен Тоқтасынов: «мұның арты осы жүйені құрушылар үшін жақсылықпен аяқталмайды» деп тарихтан мысалдар келтіріпті. Сондай-ақ Төлен Тоқтасынов интернетте жарияланған Қазақстан билігіне жақын адамдардың телефон әңгімесіне қатысты да пікір білдіріпті. Соңғы телефон әңгімелердің кейіпкерлері ретінде аталған «Владимир Ни мен Владимир Ким қалай болғанда да мемлекеттің жеке компаниядан ұшақ сатып алғандығын жанама түрде растады. Ал ол ұшақ не үшін, қанша ақшаға сатып алынғандығы басы ашық күйінде қалды» дейді Төлен Тоқтасынов «Республика» басылымына берген сұхбатында. Сондай-ақ, басылым әлемдік нарықта жанар-жағар май бағасының түскендігіне қарамастан, Қазақстанда бағаның күн өткен сайын шарықтап бара жатқандығына талдау материал беріпті.

Ал «Свобода слова» басылымы болса өзінің соңғы санында осы жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында өртеніп кеткен жатақхананың 22 тұрғыны бала-шағасымен әлі күнге далада тұрып жатқандығын хабарлапты. Басылымның жазуына қарағанда, зардап шеккен тұрғындарға 20 мың теңге көлемінде өтемақы төлене бастаған. Күні кешеге дейін далада қалған тұрғындар зарына құлақ аспай келген Түркісіб ауданы әкімшілігі тұрғындарға үй беру туралы, ал «Алматыжер» компаниясы болса өртенген үйдің жерін мемлекет қажетіне алынуына орай ғимарат құлатылуға жатқызылды деп рәсімдеуге уәде берген. Алайда әкімшілік уәде еткен баспананың қай күні берілетіні нақты емес екендігін жазған басылымға тұрғындар: «Жаңа жылды қалай ғана палаткада қарсы аламыз» деп мұңдарын шағыпты. Сондай-ақ басылымның осы санында Қазақстан бас министрі Кәрім Мәсімовтің сұхбаты жарияланыпты.

«Караван» газетінде демографиялық мәселелерге назар аударылып, Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер кінәсінен нәрестелер шетінеуінің көбейіп кеткендігі жазылыпты. Тек осы жылдың алғашқы 7 айында перзентханада 50 нәресте жарық дүние есігін ашпай жатып бұл өмірмен қош айтысыпты. Өскемен қаласындағы перинатальды орталыққа жүргізген прокуратура тексерісінің нәтижесі жағдайдың ушығып бара жатқандығын көрсетіпті. «Алғашқы жеті ай ішінде тумай жатып өлім құшқан 50 нәрестенің 27-сі дәрігерлік тексерудің қателігінен, 19-ы дұрыс емдемеу нәтижесінен көз жұмыпты» деп жазады «Караван» басылымы.

«Сәби өлімі өршіп тұр» атты «Айқын» басылымының соңғы санында жарық көрген мақалада, Қазақстан нәрестелердің өлім-жітім көрсеткіші жөнінен Батыс елдерінен алда екені айтылыпты. «Егер есеп-қисапқа жүгінер болсақ, сәбилер өлімінің 46 пайызы - туабітті кемістіктен, 21,5 пайызы - туабітті түрлі ауытқулардан, 12,9 пайызы -тыныс алу ағзаларының дертінен, 4,9 пайызы - жұқпалы аурулардан туындайтын көрінеді» деп жазады «Айқын» басылымы.
XS
SM
MD
LG