Accessibility links

10 желтоқсан - халықаралық адам құқығы күні


Бүгін Алматыда бірқатар қазақстандық қоғамдық ұйымдар елдегі адам құқығы саласының хал-ахуалына қатысты жыл қортындысына өз бағасын берді. Олар аяқталып отырған жылы Қазақстанда бұл салада жағымды жаңалықтармен бірге құқық қорғаушы ұйымдардың алаңдаушылығын туғызған жайттардың да тіркелгенін айтты. Сондай-ақ, адам құқығын қорғаушы ұйымдар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төраға болып сайланар алдында Қазақстан үкіметінің халықаралық қауымдастық алдында берген уәдесін қалай орындайтынын өз бақылауына алмақшы.

Қазақстан өкіметі адам құқығын қорғау саласындағы халықаралық құжаттарға – азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің факультативті хаттамасына қосылғанын елдегі адам құқығын қорғаушылар биылғы жылы маңызды оқиға ретінде атайды. Енді бұл шешімді Қазақстан парламенті бекіткен соң осы пактіде айтылған құқықтарына байланысты өз еліндегі сот жүйесінен әділдік таба алмаған Қазақстан азаматтарына Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқығы жөніндегі Комитетіне жеке арызбен тікелей шағымдануға мүмкіндік тумақ. Сол секілді, Қазақстан қосылған тағы бір құжат: азаптап-қинауға қарсы халықаралық Конвенцияның хаттамасын да парламент мақұлдаған соң, мемлекет тарапынан қамау мекемелерінде азаптап-қинауға душар болған ел азаматтары Ұлттар Ұйымының азаптауға қарсы Комитетіне шағым беруге мүмкіндік алады.

«Және де, елдегі қамау мекемелерінде отырған адамдардың құқықтары қалай сақталатынын бақылаудың ұлттық тәуелсіз жүйелі механизмдері жұмыс істей бастаған болар еді», - дейді Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис. Ол сондай-ақ, биылғы жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істей бастаған алқабилер соты шығарған шешімдерде, бұрынғы кезбен салыстырғанда, айыпкерлерді ақтау шешімдерінің үлес салмағы көбейгенін де атап өтті.

Алайда, қазіргі уақытта елдегі қамау орнында жаза өтеушілер саны қайтадан көбейіп отыр дейді «Адам құқығы Хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова:

- Қазақстан бұрын 42 мың тұтқынмен дүниежүзі бойынша 25-ші орында болатын. Ал қазір елде бас бостандығынан айырылған 55 адам бар. Оның барлығы қазір біздің елді қайтадан артқа тартып отыр.

Сондай-ақ, тергеу және сот жүйелері кемшіліктерден арылмай отыр дейді адам құқығын қорғаушылар. Мәселен, «Рахатгейт» ісі бойынша қылмыстық іздеу жарияланған адамдарды Австрия сотының Қазақстанға беруден бас тартуы – халықаралық қауымдастық тарапынан Қазақстанның сот жүйесіне деген сенім деңгейінің қаншалықты дәрежеде екенін көрсетті дейді Евгений Жовтис.

«Ал биыл Негізгі заңға енгізілген өзгерістер Қазақстанды демократиялық даму жолынан күрт алыстатты, биліктің бөлінісі мен тепе-теңгерімдік жүйесін әлсіретіп, авторитаризмді нығайтты. Биыл жазда өткен парламент сайлауы халықаралық талаптарға сай өткізілмей, нәтижесінде елде бір партияның өкілдерінен құралған заң шығарушы органның пайда болғанын» айта келе, Евгений Жовтис, қазақстандық азаматтардың саяси құқықтарды, соның ішінде әсіресе оппозициялық саяси қызметке қатысты құқықтарын пайдалану барысында түрлі проблемаға кезігуі жалғасып келе жатқанына да назар аударды. Сондай-ақ ол «билік қазақстандық азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын өрескел бұзып, іс жүзінде ондай құқықтардан айырып отыр және де бұл Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы алдында Қазақстанның өзіне алған міндеттемесіне қарама-қайшы болып отыр» деп атап көрсетті.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалыққа сайланар алдында Қазақстан үкіметі елдің баспасөз, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарын халықаралық талаптарға сәйкес жетілдіруге уәде берген болатын. Алайда, Қазақстандағы сөз бостандығына бақылау жасайтын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева ол уәдеге күмәнмен қарайды.

«Себебі, бірнеше қоғамдық ұйымдар дайындап ұсынған заң жобасы биылғы сәуір айынан парламентте жатса да, үкімет ол туралы ләм-мим деп тіс жармай отыр», - дейді Калеева.

Қазақстан қосылған халықаралық құжаттарда ақпараттарды алу және тарату еркіндігі қандай да бір елдің мемлекеттік шекарасымен шектелмеу керектігі жазылған. Алайда қазақстандық заң шығарушылар болса ондайды тіпті естігісі келмейді, сөйтіп іс жүзінде Интернетке тұсау қоюға тырысады дейді Тамара Калеева.

Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға міндетін атқаруға кірісетін 2010 жылға дейін ел үкіметінің осы ұйымға мүше елдер өкілдерінің алдында берген уәдесін қалай орындайтынын қазақстандық адам құқығын қорғаушы топтар өз бақылауын алып, тұрақты мониторинг жүргізбекші. Олар бұл істі шетелдік әріптестері мен халықаралық ұйымдармен бірлесіп атқаратындарын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG