Accessibility links

Ресейдегі билік партиясы алдағы сайлауда президенттікке үміткерді атады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Ресей президенттігіне Дмитрий Медведевтің бірауыздан ұсынылуын күткендегідей деп қабылдаған Қазақстан саяси сарапшылары оны Владимир Путиннің саясатын жалғастырады деп есептейді. Сондай-ақ сарапшылар Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына Медведевтің президент болуы ешқандай кері әсерін тигізбейді десе де, Ресейдің Орта Азиядағы энергетикалық мүддесі белсенді түрде қорғалады деген болжам айтады.

Сонымен, Кремльдегілер 10-желтоқсанда ресейліктерге келесі президенттік сайлауда кімге дауыс беру керек екенін айқын аңғартқандай болды. Ресейдегі қазіргі билікті қолдаушы саяси ұйымдар - «Единая Россия», «Справедливая Россия», Аграрная партия және «Гражданская сила» партиялары бірауыздан келесі жылғы наурыздың басында өтетін президенттік сайлауға қазір вице-премьер қызметінде жүрген Дмитрий Медведевті үміткер ретінде ұсынды. Оны Ресей президенті Владимир Путиннің өзі қолдады. Онымен қоса, Медведевке Ресейдегі белді деген дін өкілдерінің Мәскеу Патриархаты, Муфтилер кеңесі, Ресейдегі Еврейлер қауымдастығы федерациясы дінбасшылары да батасын бергендей болды. Сөйтіп Ресейде де, ТМД елдеріндегідей, үйреншікті боп қалған сценарий бойынша президенттік сайлау науқанының тұсауы кесілді десе болады.

Қысқаша анықтама: Дмитрий Медведев 1965 жылы Ленинградта туған, мамандығы бойынша заңгер, заң ғылымдарының кандидаты. Президент Путиннің командасындағы ең жас маман және бұл командада жүргеніне 14 жылдан асыпты. Ал Путиннің өзі « Медведевті 17 жылдан бері білетінін» айтты. Тағы бір айта кетерлік жәйт, Медведев өткен президенттік сайлауларда Путиннің сайлау штабын басқарған. Ал Ресейде кешегі кеңестік билік кезінде Компартияның Бас хатшысының немесе бергі кезеңде президенттің сайлау штабын басқарған адам келесі сайлауда президент боп сайлану дәстүрі бар десе де болады.

Талайдан бері Ресей президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, одан жетекшісі боп қызмет атқарған Д.Медведев 2000-2003 жылдары «Газпромда» директорлар кеңесін басқарған әрі үкіметтің осы компаниядағы уәкілі болған. 2005 жылдан үкімет төрағасының бірінші орынбасары. Үйленген, 11 жасар Илья деген баласы бар.

Медведевтің президенттіке үміткер ретінде ұсынылуын бірқатар ТМД мемлекеттерінің өкілдері жылы қабылдап отыр. Мысалы, соңғы жылдары Ресеймен ара қатынасы дүрдараздықпен жүрген Украинаның, премьер Виктор Януковичтің басшылығындағы Аймақтар партиясының өкілі, депутат Вадим Колесниченко «Интерфакс» агентігіне «Ресейдегі бұл жағдай демократиялық процесс дегенді білдіреді» деп бағалайтынын айтса, Әзірбайжан президенті әкімшілігінің өкілі Фуад Ахундов оны «өте жылы» қабылдайтынын айтыпты. Ал кейбір батыс сарапшылары, мысалы, неміс саясаттанушысы Александр Рар «Медведевтің кандидатурасы батыс үшін басқа талқыдағы үміткерлер арасындағы ең қолайлысы» деген баға беріпті.

Осы орайда Ресей президенттігіне 5-6 үміткер сайлауға түседі деген болжам бар екенін айта кеткен жөн. Олардың ішінде «құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына тапсырып қойды» деп жүрген экс-премьер Михаил Касьянов пен Сергей Иванов та бар.

Биыл Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Путинді үшінші мерзімге президенттікке түсуге шақырған-тұғын. Ондай ұсынысты Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев те айтқан болатын. Алайда, Путин өзінше шешті.

Қазақстанның ресми билігі Ресейдегі келесі президенттіке үміткер жайлы әзірге баспа беттерінде пікір айта қойған жоқ. Қазақстандағы биліктің «Нұр Отан» партиясының саяси сараптама орталығының директоры Шәріпбек Әмірбек «Азаттық» радиосына мынадай пікірін білдірді:

«Бұл енді Медведевтің соңғы жылдары қолға алынған ұлттық жобаларды асырудағы істерінің нәтижесі болуы керек. Себебі, Иванов қорғаныс мәселесімен айналысса, ал бүкіл әлеуметтік-экономикалық мәселелер Медведевтың қолына шоғырланған болатын».

Жалпы, осындай пікірді «Азаттық» тілшісімен сұхбаттасқан барлық дерлік қазақстандық сарапшылар айтып отыр. Тіпті Медведевті атқарған әлеуметтік жұмысының арқасында ресейліктердің 95 пайыздайы таниды екен деген болжам да айтылып қалды.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым Медведев шынымен батысқа өте қолайлы үміткер екенін айтады:

«Ол Еуропамен қарым-қатынасты түзеуге ыңғайлы адам сияқты. Себебі, оның артында аса үлкен әскери немесе чекистік топтар тұрған жоқ. Сондықтан, оны батыспен қарым-қатынасты нығайтуға бірден-бір лайықты адам деп айтуға болады. Ал, мысалы үшін, Иванов секілді артында әскери кешен тұрған үміткер сайланса, онда Ресейдің біржолата милитаристік, бұрынғы кеңестік жолға түскенінің белгісі болар еді деп есептеймін».

Алдағы уақытта Медведев президент боп жатса, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы қалай дамуы мүмкін дегенге Шәріпбек Әмірбек былай дейді:

«Сол бұрынғы «мәңгілік көршілік» қатынас сақталатын сияқты. Себебі, Медведев - Путиннің саясатын жалғастырушы. Сонымен бірге Путин де, президенттік биліктен кеткенімен, ықпалды қызметте қалатын секілді. Жалпы, алдағы 10-15 жыл тарихта «Путинизм» деп аталатын концепцияның жүзеге асырылуымен сақталатын шығар. Ал ол концепцияда Қазақстанның өз орны бар. Ресей Қазақстанмен достық қарым-қатынасты сақтауға мүдделі. Сонымен бірге, әрине, экономика жағында біздің бәсекелестігіміз де бар. Бірақ, жалпы алғанда, болашақта да бейбіт, достық қарым-қатынас тұрақты түрде одан әрі дамиды».

Тағы бір сарапшы – «Мир Евразии» журналының редакторы Эдуард Полетаев болса, сол Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық бәсекелестікте Медведев «Газпромдағы» тәжірибесін пайдаланып, тек Қазақстан емес, жалпы Орта Азиядағы Ресейдің экономикалық мүддесін белсенді түрде қорғаушы болады және Еуропаның бұл бағыттағы әрекетіне онша көнбейді дейді.
XS
SM
MD
LG