Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.12.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарыққа шыққан басылымдар Алматының Алмалы аудандық сотында қаралып жатқан «Рахатгейт» ісіне байланысты сот залынан репортаждар берген. «Айқын» басылымы осы «Рахатгейт» ісіне тартылған адамдар санының күн санап өсіп бара жатқандығына мән берсе, «Время» басылымы Алматы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Владимир Курбатовтың шағын сұхбатын жариялап, оның Израил емханаларында ем алған соң міндетті түрде Қазақстанға оралып, сотта жауап беретіндігін хабарлапты.

«Время» басылымы сәрсенбілік санында «Рахатгейт» ісіне қатысы бар Алматы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Владимир Курбатовтың шағын сұхбатын жариялаған. Бұған дейін Алмалы аудандық соты төрағасының атына хат жазып, денсаулығына байланысты Израил емханаларының біріне емделуге кететіндіктен сотқа келіп, куәгер ретінде жауап бере алмайтындығын айтқан Владимир Курбатов міндетті түрде Қазақстанға қайта оралып сотта өз жауабын беретіндігін мәлімдепті. Сондай-ақ «Время» газетіне берген сұхбатында «Нұрбанктің жоғалған топ-менеджерлерінің бірінің әйелі Армангүл Қапашеваның өз күйеуі Жолдас Темірәлиевтің жоғалуына қатысты Алматының Медеу аудандық ішкі істер басқармасына түсірген шағымын алып қойды» және «Нұрбанктің бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғилымовқа қарсы айғақтар беруде қызметін асыра пайдаланды» деп өз атына айтылған айыптауларды Владимир Курбатов түгелге дерлік жоққа шығарыпты.

Сондай-ақ, басылымның осы санында «Рахатгейт» ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінің кезекті отырысында Алматыдағы «Әсем» сауда үйіне қатысты тағы екі жәбірленуші - Қайрат Байғожаев пен Жұмабай Қарғаевтың айыпталушы Диас Чектібаев пен Думан Сейтовке қарсы қылмыстық талап арызын қайтарып алғандығы жазылыпты. Басылымның жазуына қарағанда, сотта айыпталушы ретінде жауап берген «Алматур» компаниясының бұрынғы заңгері Анаргүл Ахметова өзінің ұйымдасқан қылмыстық топқа ешқандай қатысы жоқ екендігін мәлімдеген.

«Айқын» басылымы болса жоғарыдағыдай «Рахатгейт» ісіне тартылған адамдар санының күн санап өсіп бара жатқандығына мән беріпті. «Бұлардың барлығын ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері деп айтуға болмайды», - деген басылым тілшісі: «сот процесіне айыпталушы немесе куәгер ретінде тартылып отырғандардың кейбіреулері бір кезде ақша табу үшін Рахат Әлиев қожалығындағы компаниялардың бірінде жұмыс істеген адамдар. Бұлар заңға қайшы келетін істер атқарып жүрміз деп тіпті ойламаған, тек жоғарыдан келген бұйрықты орындаған» дейді. Басылымның жазуына қарағанда, келесі кезекте айыпталушы ретінде жауап бергендердің бірі Рахат Әлиев компанияларының бірін басқарған Равиль Дәуітовте өз атына 1999 жылдан бастап фирма тіркелгенімен, компанияның құрылтайшы құжаттарын да, мөрін де қолына ұстап көрмеген. Мақала авторы: «Равиль Дәуітов компаниядан 2002 жылы жұмыстан кеткенімен бұл компанияның әлі өзінің атында екендігін осы жылдың ақпан айында «Кең дала» кешенінде болған кездесуде ғана білген» дей келе, «мемлекеттік қызметте жүргендіктен Рахат Әлиев өзінің біраз фирмаларын қызметкерлерінің атына рәсімдеген. Бұл Равил Дәуітов сияқтылардың сотқа берген жауабында белгілі болды», деп жазады.

«Литер» басылымы оқырмандар назарын жасөспірімдер арасында қылмыстың артып бара жатқандығына аударған екен. Басылым қарағандылық 14 жасар екі жасөспірімнің бір ер адамды өлтіріп, оның денесін өртеп жібергендігін жазыпты. «Қылмыс жасарып барады!» - деп дабыл қаққан басылым: «жасөспірімдер істеген қылмыстарын мобильдік телефонның видео камерасына жазып, оны өз достары арасында мақтанышпен көрсеткен. Істеген қылмыстарының ауырлығы жасөспірімдерді 10 жылға бас бостандығынан айырып, 300 мың теңге айыппұл салса да жас қылмыскерлер сот үкіміне селт етпеді» деп жазады. Сондай-ақ басылым Алматыда қоқыс өңдейтін жаңа зауыттың іске қосылғандығын хабарлапты. Пластмасса бөтелкелер мен полиэтиленді дорбалар, бума жіптер шығаратын мұндай зауыт Қазақстан түгілі ТМД елдерінде жоқ екендігін жазған «Литер» басылымы: «енді 530 алматылыққа жұмыс орны ашылды. Құны 28 млн. евроға түскен бұл зауыттың жыл сайын 450 мың тонна қалдықты қабылдауға мүмкіндігі бар» деп жазады.
XS
SM
MD
LG