Accessibility links

Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев елдегі құқық орындарын мұқият тексеру керек дейді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сәрсенбі күні мәжіліс депутаты, генерал Сәт Тоқпақбаев Қазақстан президентінің атына үндеу жариялады. Ол елдегі барлық құқық орындары - прокуратура, президенттің күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін жаппай тексеруден өткізуін сұрап, басшыларын қызметтен алуын да талап етті. Өйткені елде болып жатқан сыбайласқан қылмысқа солардың басты қатысы бар дейді. Мәселен, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік құрылымында істеп жүріп, қылмыстық әрекеттер жасағанын айтқан Сәт Тоқпақбаев сол кезде құқық орындары неге шара қолданбаған дейді.

Екі аптаға жуық аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп, Астанадағы жылы орындарына қайта жайғасқан мәжіліс депутаттары жаппай үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына сын айта бастады. Парламент коридорында депутаттар енді үкімет басшысын отставкаға жібереміз деген де сөздер айтып жатты. Ал мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев болса, елдегі құқық қорғау құрылымдарына жауап беретін барлық лауазымды тұлғалар қызметтерін кету керек деп шүйлікті. Өйткені оның сөздеріне қарағанда, елде сыбайласқан жемқорлық өршіп барады, бірақ құқық қорғау орындары тыныш ғана отыр.

«Мысалы, Қазақстанның бұрынғы Австриядағы елшісі Рахат Әлиев ұзақ жылдар бойы өзінің қызметін пайдаланып, қылмыстық әрекеттер жасағанда жанындағы президенттің күзет қызметі қайда қарап отырды?» дейді.

Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясының мүшесі Сәт Тоқпақбаев Алматы шатқалындағы Шымбұлақтан заңсыз берілген жерлерді анықтау тек президенттің тікелей араласуымен ғана шешілгенін айтады:

- Алматының түбіндегі жер мәселелері жайында қаралды емес пе? Ол тек Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысынан кейін ғана тексерілді. Неге құқық орындарының қызметкерлері қателіктері үшін жауап бермейді. Австриядағы Қазақстанның бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің заң бұзушылық жасаған істеріне біраз уақыттар болыпты. Неге арнайы органдар көріп, уақытында шара қолданбады?

«Азаттық» радиосы: - Сөзіңіз аузыңызда, Рахат Әлиевке қарсы, оның қылмыстық әрекеттерін, жемқорлықтарын әшкерелеп, 2001 жылдың аяғында үкімет құрамындағы жас шенеуніктер қарсы шыққан жоқ па? Бірақ олардың өздері қуғынға ұшырап, түрмеге жабылды ғой? Бұған не айтасыз?

Сәт Тоқпақбаев: - Мен оны білмеймін. Сіз не деп отырсыз? Кешіріңіз менің уақытым жоқ.

Экс-депутат Серікбай Әлібаев мәжіліс мүшесі Сәт Тоқпақбаевтың бұл үндеуі президенттің тапсырмасымен жасап отыр деп санайды:

- Бұл кісінің өзі де министр болды. Бұл кісі де талай жылдардан бері лауазымды қызметтерде болды. Сол кезде өзі неге үндемеді? Менің ойымша, қазір депутаттардың арасында бір адам осы мәселені көтеріп, елді тазалау мәселесін қозғап жатыр. Расында да 2001 жылы үкіметте жүрген жас азаматтар Рахат Әлиевке қатысты бәрін айтып, президенттің көзін ашқан сияқты болды. Бірақ ол кезде президент ешкімді тыңдамай, Рахат Әлиевті кешіре салды. Сол кезде шара қолданып, босатса, онда ел осы кезде басқа жағдайда болар еді. Онда мүмкін Заманбек Нұрқаділов те, Алтынбек Сәрсенбайұлы да аман болушы ма еді?!

Қазақстаның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Астана филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаевтың пікірінше, бұл үндеуден таяу арада қазіргі үкіметтің отставкаға кететіндігін болжауға болады:

- Соңғы кезде, менің естуімше, әсіресе Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қызметтен кетіп жатқандар көп екен. Олардың саясатына, бүгінгі жағдайларға қарсылық білдіріп, ашық айта алмай кетіп жатыр екен. Барлық мәселені президент ғана шешеді. Егер әрі қарай шара қолданбаса, біздің елдің басына қауіп келіп тұр.
XS
SM
MD
LG