Accessibility links

Тұрғын үй салушы үлескерлер «Қуат» корпорациясын міндеттемесін орындамады деп айыптап отыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Алматыда, БАҚ өкілдері және журналистер қауымымен кездескен «Қуат» корпорациясы тарапынан «Сайран» ауданында тұрғызылатын тұрғын үйлерге үлес қосушылардың ынталы тобы корпорация келісім шартта көрсетілген өз міндеттемелерін орындамай отыр деп кінә тақты. Үлескерлер соңғы айларда бұрынғы атымен Алматыда бой көтеруі тиісті «Манхеттен» жобасын аталмыш корпорацияның мүлдем тоқтатқанына өз алаңдаушылықтарын білдірді.

Тұрғын үй құрылысына деп қаржылай үлес қосқан азаматтар енді бұл мәселеге ел президентінің назарын бұрмақ ниетте мәлімдеме жасап отыр.

«Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтан осы іске тікелей араласып, өз бақылауына алуды өтінеміз. Өйткені, тұрғын үй құрылысы бастап салынбас бұрын корпорациямен арада үлес қосушы ретінде келісім шарт жасасып, корпорация қоржынына қомақты қаржы салған 15 мыңдай адамның ендігі тағдыры қалай болатындығы белгісіз күйде қалып тұр», - деді үлескерлердің бірі Нұркен Халықберген есімді азамат.

Оның айтуынша, өзін Қазақстандағы жетекші құрылыс компанияларының бірімін деп санайтын «Қуат» корпорациясымен 2006 жылы Алматыдағы «Сайран» ықшамауданында салынатын тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтерге келісім шарт жасасып, бірден 100 мың АҚШ долларын корпорация кассасына төлепті. Келісім шарт бойынша тұрғын үй 2008-ші жылдың мамыр айының 31-і күні пайдалануға берілуі тиісті болған.

«Алайда, биылғы 2007 жылдың тамыз айында салынып жатқан үйді барып көрейін десем, әлі күнге дейін ол үйдің іргетасы да қазылмағанына көзім жетті, содан корпорация басшыларынан бұның мән-жайын білмек болған едім, олар түрлі сылтаулар айтып, менімен сөйлескілері келмейді», - дейді Н.Халықберген.

Үлес қосушылардың ынталы тобының мүшесі Жания Әділбекқызының айтуынша, оның үйі салынбақ тұр ғой, үй салынуға тиісті жер әлі күнге дейін бұрынғы иелерінен сатып алынбаған екен.

«Жаңа тұрғын үй салынады деп жоспарланған жерде ескі үйлердің иелері мен байланыс бөлімшесі алаңсыз тұрып жатыр. Бұл қалай деп сұрасам, олар «Қуат» корпорациясының ұсынған ақшасымен өздерінің келіспегендігін айтты, сонда келісім шарт бойынша енді 5-6 айдан кейін іске асуы тиісті тұрғын үй қай жерге салынып, қашан іске аспақшы?», - дейді мұңды жүзді Ж.Әділбекқызы.

Үлескер Нұркен Халықберген басқалар секілді өзінің де банктен ипотека алып, айц сайын соның өсімін өтеп жатқандығын және уақытша пәтер жалдағаны үшін тағы да 600 доллар шамасында ақша төлейтіндігін айтады.

«Қазіргі қымбатшылық мына заманда бұл жағдай бізге қатты әсер етіп тұр, сондықтан амалсыз президентке қайырылып, бір көмек болар деген үмітпен қарап отырмыз. Өйткені, бұған дейін Алматы қаласының әкіміне, үкімет басшысына, парламент мәжілісінің төрағасына жазған хаттарымызға ешбір жауап болмады», - дейді ол.

Бұл мәселеге байланысты «Қуат» корпорациясының басшыларынан қандай да бір түсінік алмақ болған әрекетімізден ештеңе шықпады, көмекшілері басшылардың жұмыс басты екендігін айтып, сауалымызды жауапсыз қалдырды.

Ал ызалы үлескерлер егерде «Қуат» корпорациясы құрылыс салуды бастамай, өздерін осылай әуре-сарсаңға салуды жалғастыра беретін болса, онда сотқа арызданатындарын айтады.
XS
SM
MD
LG