Accessibility links

Түркия президенті Абдолла Гүл мемлекеттік сапармен Астанаға келді


«Түркия компанияларын Қазақстандағы мұнай өңдеу кешенін салуға шақырамыз. Ал, Түркиядағы Жейхан айлағында мұнай өңдейтін зауыт құрылысына «Қазмұнайгаз» қатынасқысы келеді». Астанада 13 желтоқсанда Түркия президенті Абдолла Гүлмен кездесуден кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәлімдеме жасады. Батыс сарапшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы осы сияқты жобалар Ресейдің қытығына тиетінін айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «Қазмұнайгаз» компаниясының белгілі бір жоспары бар:

- Қазақстан құбырды мұнаймен толтыру үшін Каспий теңізінің жағасында айлақтар салып, танкерлермен мұнай тасымалдау мәселесін болашақта шешетін болады. Жейханда 15 миллион тонналық мұнай өңдеу зауыты салынады деген бізде хабар бар, сол құбырдың салынуына Қазақстан қатысқысы келеді.

Қазақстан мұнай-газ шикізатын Еуропаға тасымалдау үшін Түркияның белсенді қатысуымен, яғни біріккен жобалар арқылы ЕуроОдақпен келіссөздер жүргізуге ынталы. Қазақстанның Баку – Тбилиси - Жейхан мұнайқұбырына қосылып, Түркияның транзиттік мүмкіншілігін пайдаланамын деген ниетінен кейін ынтымақтастық өсе түсті.

АҚШ пен ЕуроОдақ Түркияны Каспийден мұнай тасымалдауға шақырып отыр. Геосаясат тұрғысынан бұл орайда Қазақстанның ролі ерекше, дейді сарапшылар. Егер Батыстың ойлағаны болып, біріккен энергожобалар жүзеге асса, АҚШ пен ЕуроОдақ әлемдегі мұнай-газ қорының 10 пайызына қол жеткізбек. Оның сыртында, Қазақстан мен Түркия Жейхан айлағында мұнай өңдеу зауытын салуға мүдделі. Оның болжамданып отырған құны 5 миллиард доллар.

«Қазмұнайгаз» Түрік базарына кіріп Түркиялық серіктерімен бірге мұнай өңдеу зауытын салуды салғысы келеді. Өйткені Қазақстан «Баку-Тбилиси-Жейхан» құбыры арқылы тұтынушыларға шикі мұнайды ғана емес, өңделген мұнайды да сатқысы келеді, дейді компания басшылығы. Бірақ, бұл жобаларға Ресей қызғанышпен қарап отыр, дейді кейбір сарапшылар. Каспий мұнайын өткізу мүмкіншілігі ең жоғары құбыр Ресейдің меншігінде болғандықтан, Ресей жағы мұнайдың едәуір көлемін өз территориясы арқылы өткізіп, транзиттен түсетін табысын ұлғайта беруге мүдделі екенін жасырмайды.

«Қазмұнайгаз» сауда үйінің ауызша берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан үкіметі транзиттік төлемдері ең арзан бағыттарды іздейді. Әзірге, Қазақстан мұнайы Ресей құбырлары арқылы, танкерлермен және темір жол көлігімен тасымалданып жатыр. Бірақ, Түркияның Босфор бұғазында танкерлер, теңіз дауылдарының кесірінен, бірнеше күн тоқтап тұратын кездері болады. Түркия басшылығы бұл орайда, экологияға қатысты талаптарын күшейткен.

Ресейлік саясаткерлердің пікірінше, Каспий арқылы өтетін құбыр Түркия арқылы Чехия мен Австрияға жетуі мүмкін, Бірақ, қауіптісі - бұл құбыр Каспий түбімен өту керек, ал бұл бағыт сейсмология және саяси жағынан тұрақсыз Оңтүстік Кавказ арқылы өтеді, дейді Ресей сарапшылары.
XS
SM
MD
LG