Accessibility links

Шоқантанушы-ғалым Назарбек Қанапия бүгінгі Қазақ қоғамындағы жер және баспана мәселесі, әлеуметтік теңсіздікке байланысты өз пікірін білдіреді.


- Алматы қаласының төңірегінде Шаңырақ деген елдімекен бар. Онда негізінен қазақтар тұрады. Олар жер-жерден қаңғып, күн көре алмай келді деуге болады, себебі қазіргі билік тас-талқанын шығарды ауылдың. Содан келген адамдардың тырбанып салған еңбегін – үйін, баспанасын – полицияның күшімен құлатты. Мына қыс келе жатыр, көбі қазір палаткада, далада жүр. Солардың үйлерін тас-талқан қылып, олардың бала-шағасын зар жылатып отырған үкімет сонда кімге қызмет істеп отыр? Енді қараңыз, Шаңырақтағыларға бір тиын төлемей, ондағы адамдарды қаңғытып, баспанасын күйретіп тастады.

Ал енді мына жердегі Медеу шатқалында, Шымбұлақта ешбір рұқсатсыз салынған екі, үш, төрт қабатты сарайлар бар. Билік басында отырған сыбайлас жемқорлар жекеменшігіне иеленіп алып, анау шыршаларды, тұнып тұрған табиғатын, алма бақтарын бәрін күйретіп тастап, сол жерге өздері білгенінше сарай салдырып алды. Ол сарайда бір-екі-ақ адам тұруы мүмкін, көбіне қаңырап, мола секілді бос тұр, күндіз-түні күзетші, оларға жалақыны мемлекет арқылы төлейді, халықтың қалтасынан алынған қаржыға істелініп отыр осының бәрі. Ал енді оны бұзу керек, олай-былай деп, түс көрген әтеш сияқты біздің басшылық бір кезде айғайлап кеп қалды. Енді ананың барлығы өздерінің туыстары мен өздерінің маңайларына келіп тірелген кезде, бұлар үнсіз отырды да қалды. Ойбай, заңды-заңсыз болсын, оларды салып қойғаннан кейін оған ақша төлеу керек, құжаттарының бәрін дұрыстау керек деп айғайлап шықты.

Ал енді ана Шаңырақтағы баспаналарға келгенде, олар қате беріліпті, бұл заңсыз, оларға бір де тиын төленбейді, түгел сырып тастау керек дейді. Бұл қандай саясат? Бұл – Алматы төңірегіне, Астана сияқты жерлерге қазақтарды жолатпаудың бір түрі. Сонда көрдіңіз бе, позиция екі түрлі: халық бір бөлек, билік басындағылар бір бөлек. Ал мұндай үкіметтен не қайыр, не үміт күтуге болады?

Қазір шенеуніктер байыған үстіне шіріп байып отыр да, ал кедейлер одан сайын кедейленіп, құл есебінде ұсталып отыр қазір Қазақстанда. Мұның өзі, сөз жоқ, әлеуметтік теке-тіреске әкеледі, сонда кінәлі кім болады? Кінәлі – билік болады!

Бұл енді халықты ойландыруы керек. Мына қазіргі саясатты, қазіргі жүйені өзгертпей, еш уақытта қазақтың көсегесі көгермейді.
XS
SM
MD
LG