Accessibility links

Президент Назарбаев көппартиялыққа асығудың қажеті жоқ деп санайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстандағы кедейлер саны барлық тұрғындар санының 1,4 пайызына дейін кемітілді. «Ал көппартиялық болашақта болады, асығудың қажеті жоқ», деді Назарбаев. Бұл туралы ол Астанада 14 желтоқсанда елдің тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткізілген жиында хабарлады. Алайда кейбір тұрғындар Қазақстанда кедейлер саны президент келтірген көрсеткіштен әлдеқайда артық деп отыр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның жалпы алтын-валюта қоры 40 миллиард долларға жақындапты.

«Биыл жан басына шаққандағы елдің ішкі жалпы өнімі 7 мың долларға жетеді», - деді президент.

Назарбаевтың айтуынша, Қазақстандағы кедейлік шегінен төмен тұратын тұрғындар саны 2002 жылы 8 пайыз болған.

«2007 жылы бұл көрсеткіш 6 есеге азайып, барлық тұрғындар санының 1,4 пайызына дейін кемітілді», - деg мәлімдеді Қазақстан басшысы.

2005 жылы Әлемдік банктің экономикалық өсім талдауы жөніндегі баяндамасында қазақстандықтардың 20 пайызы кедейлерге жатқызылса, кедей болуға жақын тұрған адамдар 50 пайызды құраған-ды. Астанаға тәуелсіздік мерекесін тойлауға көршілес ауылдардың бірінен келген Әлия Есенаманова халықаралық сарапшылар келтірген көрсеткіштер қазір жақсы жаққа өзгерген, бірақ, президент келтірген мәлімет шынайы жағдайды суреттемейді деген пікір айтады:

- Кедейлер саны 1,4 пен 20 пайыздың ортасында деп отыр ғой, мен ойлаймын 15 пайыз деп.

Елдің Еңбек министрлігі Қазақстандағы еңбекақы өсіп келеді және жұмыссыздар саны азайып бара жатыр деген мәлімет таратқан болатын. Халықаралық ұйым өкілдерінің пікірінше, Қазақстанда көптеген адамдардың айлық табысы ең төменгі күнкөріс шегіне жеткенімен тамағынан артылмайды. Әлемдік банктің экономикалық өсім талдауы жөніндегі баяндама авторларының бірі Руслан Немцовтың айтуынша, Қазақстанда кедейлерді есептейтін көрсеткіштер басқа елдермен салыстырғанда өзгеше. Өйткені, тұрғындардың ең төменгі тұтыну тауарларының мөлшері адамға тек тірі қалуға септігін тигізеді, дейді ол.

Ал, билік өкілдері Қазақстанда ішкі жалпы өнім өсуінің көрсеткіштері жақсы деген пікірде. Қазақстанның статистикалық агенттігінің деректерінде Қазақстанда кедейлер саны азайып келе жатқаны айтылады. 2006 жылы ең төменгі тұтыну мөлшерінен төмен табыс алатындар саны өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға азайған. Халықаралық сарапшылар болса, материалдық емес құндылықтарды да есептеу керек деген пікір ұстанады. 2007 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының мамандары Қазақстанда адам дамуы шеңберінде бірнеше көрсеткіштер төмендеді деген мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, Қазақстан экономикасы бірнеше жылда көтерілгенімен адам өмірінің ұзақтығы 68 жастан 65 жасқа дейін азайған.

Елдегі оппозиция өкілдері елдің жағдайын жақсарту үшін саяси реформалар керектігін айтып жүр. Президент Назарбаев биыл жаңартылған Конституция елдің болашағына жұмыс істейді деп отыр.

«Көппартиялыққа, идеялар мен бағдарламалардың бәсеке таласына жол ашады. Яғни, болашақта мұның бәрі болады. Бұл жерде асығудың қажеті жоқ», - деді ол желтоқсанның 14-күні ел тәуелсіздігінің 16 жылдығына орай Астанада өткен жиында.

Ал оппозиция өкілдері болса, Қазақстан тәуелсіздік алғанына 16 жыл өтсе де осыдан 16 жыл бұрын қабылданған тәуелсіздік декларациясында жазылған кейбір ұлттық мәселелер тек қағаз жүзінде қалып қойған деген пікірде.
XS
SM
MD
LG