Accessibility links

Астанада экс-сенатор Зәуреш Батталова бастаған топты заңсыз шеру өткіздіңдер деп полиция жасақтары ұстап әкетті


Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана шетіндегі Окан Атрико алаңында Астана қаласы студенттерінің Альянсы «Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу» деген атпен акция өткізді. Аталған акцияға «Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымы мен төрт айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген «Қуат» корпорациясының жұмысшылары да қатысты. Өйткені дәл сол жерге шеру өткізуге «Қуат» компаниясының жұмысшылары да алдын ала арыз берген екен. Бірақ қала әкімшілігі олардың өтініштерін қабылдамай тастаған. Акция аяқталып, жастар тарқай салысымен, полиция жасақтары «Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымының Астанадағы жетекшілерін заңсыз шеру өткіздіңдер деп ұстап алып кетті.

Астананың бір шетінде орналасқан Окан Атрико алаңынан жастар өткізген акциядан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және студенттер тарап кеткеннен соң, сырттай бақылап тұрған Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы генерал Досымов бастаған полиция жасақтары «Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымының Астанадағы өкілі экс-сенатор Зәуреш Батталованы, адам құқығын қорғаушылар Тимур Кулиев пен Болатбек Біләловті күшпен көліктеріне отырғызып әкетті. Әзірге келіп түскен ақпарат бойынша, оларды жеке-жеке алып кетіп, заңсыз шеру өткіздіңдер деп тергеп жатыр.

Ал сенбі күні Астана қаласы студенттерінің Альянсы жастар ұйымының өткізген акциясына келетін болсақ, журналистердің сұрақтарына қысылып жауап берген ұйымдастырушылардың өздері акция өткізуге өтінішті осыдан екі күн бұрын ғана бергендерін айтты. «Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымының Астанадағы өкілі, экс сенатор Зәуреш Батталова төрт айдан бері айлықтарын ала алмай жүрген «Қуат» компаниясының жұмысшыларымен бірге шеру өткізуге қалалық әкімдікке өтінішті желтоқсанның 4-де берген екен. Бірақ оларға әкімдіктен ол жерге акция өткізуге Альянс жастар ұйымының өтініші бұрын келіп қойған деген жауап келген.

Сондықтан «Қуат» компаниясының жұмысшылары мен «Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымының өкілдері жастар өткізетін акцияға қатысуға келіскен.

Ал жастар акциясы өткен алаңға ұзын саны жиырмаға жуық студент жиналды. Бастапқыда күннің аязында қол қусырып, үш- төрт студент әрі-бері жүрді. Кейіннен акция өтетін уақыттан жарты сағат кешігіп барып, жеңіл көлікпен Қазақстанның тулары жеткізілді, «Қазақтелеком» мемлекеттік компаниясының дыбыс күшейткіш көлігі келді. Қазақстанның басты рәміздерінің бірі – мемлекеттік туларды жастар иықтарына жамылып, ал көлемі он-он бес метр болатын Қазақстан туын әрі-бері сүйреткеннен кейін оны жерге тастай салып, микрофон алдында ұрандап сөйлеп жатты:

- Тәуелсіздік алып, алға басып, өзінің қазақ екенін, Қазақстан екенін көрсеткелі 16 жыл толып отыр!

- Біз президент пен ол жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясының жүргізіп отырған саясатын қолдаймыз!

Акцияға келген жастарды «Азаттық» радиосы сөзге тартқан еді:

- Акцияға сіздерді қашан шақырды?

- Мен Еуразия ұлттық университетінің студентімін. Бізге бүгін таңертең айтты. Болайын деп жатыр деп. Мен жастардың іс-әрекеттерін сырттан бақылап тұрмын. Заң бойынша, туды көйлек сияқты жамылып алған дұрыс емес. Бұл еліміздің қасиетті рәміздерінің бірі. Осы туларды біздің олимпиада жұлдыздары, мемлекет басшысы басқа мемлекетке барғанда Қазақ елі бар дегенді көрсететін белгі. Ал мына жастардың істеп отырғаны дұрыс емес деп ойлаймын.

- Мен қаржы министрлігінде жұмыс істеймін.

- Сіз айлығыңызды уақыты алып жүрсіз ғой?

- Ия, уақытылы аламын.

- Жастар өткізіп жатқан акцияға, бас қаланың гүлденуіне үлестерін қосып жатқан жұмысшылар да келіп тұр. Бірақ олар төрт айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Сіз ол жастарға қалай қарайсыз?

- Қиындық қазір тек Астанада емес, Қазақстанда болып тұрған экономикалық ахуалға байланысты. Менің ойымша, олардың еңбекақы ала алмай жүргендері дұрыс емес, теріс көзқарастамын. Әрбір адам өз еңбегіне қарай уақыты жалақы алып тұруы керек.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, «Қуат» компаниясының басшылары өз жұмысшыларына желтоқсанның он бесіне дейін еңбекақыларын толық төлейміз деп уәде еткен болатын. Бірақ сол уәделі күнде жастар акциясына қатысып тұрған «Қуат» компаниясының елуге тарта жұмысшысы еңбек ақыларын әлі алмағандықтарын айтады:

- Таңертең компания басшылары бізді шақырып алып, айлықтың 40 пайызының есеп-шоттарымызға түскенін айтты. Ал одан кейінгі ақша 19-23 желтоқсан арасында толық төленеді деді.

- Біз бірақ, таңертең банкке барып тексердік. Онда бір тиын да жоқ.

«Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымының Астанадағы өкілі, экс-сенатор Зәуреш Батталова өзі куә болып тұрған көрініс жайында «Азаттық» радиосына былай дейді:

- Осы алаңға Астана қалалық студенттер Альянсына рұқсат беріпті. Біз соған келіп қатысып отырмыз. Дәл осы күнге, осы жерде, осы уақытқа «Қуат» корпорациясының жігіттері шеру өткізуге өтініш берген. Бірақ билік оларға рұқсат бермей, жастарға беріп отыр. Менің түсінбейтінім, ел тәуелсіздігіне арналған шараны салынып жатқан құрылыстардың жанында, Астананың бір шетінде өткізгені дұрыс па? Оны ешкім естімейді де, ешкім білмейді де. Шеру өткізуге Астана қаласының әкімдігі осы алаңды белгілеп қойған. Енді міне, мұнда шоу өткізіп жатыр.

Алаңға тек жастар мен «Қуат» компаниясының жұмысшылары ғана емес, Астана қалалық ішкі істер басқармасының басшысы, генерал Досымов бастаған полиция жасақтары да келіп тұрды. Олар «кез келген шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету біздің міндетіміз» дейді.

Ал акция соңында полиция жасақтары «Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымының жетекшілерін күштеп алып кеткені белгілі болды.
XS
SM
MD
LG