Accessibility links

Баспанасыз қалған зағиптар жатақхана ғимаратын өздеріне қайтарып алғысы келеді


Қазақ зағиптар қоғамы Алматы қаласы, Қазақстан көшесі №22 мекен-жайдағы жатақхананы өздеріне қайтарып алу үшін сот табалдырығын тоздырып жүр. 1971 жылы зағиптар қоғамына берілген бұл жатақханада бүгінде тұрып жатқан бөгде біреулердің қолында аудандық және қалалық соттардың оларды осы жатақхананың иесі деп таныған шешімдері бар. Мұндай шешіммен келіспей отырған Алматы оқу-өндірістік №1 зағиптар кәсіпорны енді Жоғарғы сотқа шағымданып отыр.

Алматыдағы зағиптар қоғамында кітапханашы болып қызмет атқаратын 2-топтағы мүгедек Назира Оңалбекқызы баспанасыз жүрген жандардың бірі:

- Ұлым да көз жанарынан айрылған 2-топтағы мүгедек. Екінші балам әлі кішкентай. Жалғыз басты анамын. Мен өзіміздің оқу-өндірістік кәсіпорнына келіп маған баспана тауып беріңіздерші деп өтіндім. Олар: «бар жатақхананы қалалық әкімшілік алып қойды» дейді. Менің билікте отырған ағаларымызға айтатыным - басқа басқа, неге мүгедектердің баспанасын тартып алады? Біз сияқты бейбақтарды жылатпаса екен деп өтініп, сұраймын.

Назира сияқты баспансыз жүрген Ғазиз Оралов 2006 жылы осы жатақханадан шығарылған зағиптардың бірі екен. Ол өзінің баспансыз қалғанына Алматы оқу-өндірістік №1 кәсіпорнының басшыларын жазғырып отыр:

- Басшылар бізді жатақханадан жөндеу жұмыстарын жасау керек деген желеумен шығарды. Негізінде олар жатақхананы қонақ үй жасамақшы болған. Сөйтіп, зағиптардың арқасында пайдаға батып қалмақшы ойлары бар еді. Егер басшылар бізді жатақханадан шығармағанда бүгінде өзіміздің баспанамыз өзімізде қалар еді. Сонда жанары мүгедектерді ешкім қуып, далаға шығармас еді ғой.

Алматы оқу-өндірістік №1 кәсіпорын директоры Алтынай Қоңыратбайқызы бүгінде 25 зағип жан өздеріне тиесілі жатақхананы қайтарып алу мақсатында бірнеше жылдан бері соттасып жүргенін айтады:

- Қала әкімінің алып қойған Қазақстан көшесі №22 мекенжайдағы жатақхана Алматы оқу-өндірістік №1 кәсіпорынға тиесілі. Ол 1971 жылы Қазақ соқырлар қоғамының ақшасына сатып алынған. 1971 жылдан 2006 жылдың мамыр айына дейін ол жатақхана біздің иелігімізде болды. 1994 жылы Президент Н.Назарбаевтың жатақханадағы жандарды жеке үймен қамтамасыз ету туралы Жарлығы шыққандықтан, біз 2003 жылы мүгедектерге жекешелендіруге ұсыныс жасаған едік. Алайда олар жатақхана ескі, күрделі жөндеуді талап етеді деп, өздеріне жекешелендіріп алудан бас тартты.

Ал кейін жатақханаға жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде кәсіпорын басшылары ондағы тұрып жатқан зағиптарды басқа пәтерге шығарыпты. Ондағы 12 адамға баспана әперіп, қалғандарын жатақхана жөнделгеннен кейін қайта кіргізбек болған екен. Бірақ жатақханада тұрып жатқан 1 отбасы мен кәсіпорын басшылығының арасында сот дауы өрбіген:

- Бір жігіт отбасын құрып, кәсіпорын беріп жатқан бір бөлмелі пәтерден бас тартты. Бізді сотқа беріп, жатақхананың 2 бөлмесін өзі пайдалануға шешім шығартып алды. Қозғалмайтын мүлік жөніндегі орталықтың шешімімен біз жатақхананы күрделі жөндеуден өткізе алмадық. Бізге жатақханаға кіруге рұқсат етілмеді.

Алтынай Қоңыратбайқызы жатақхананы заңсыз иемденіп алды деп кінәлап отырған Мадиев деген азаматты аудандық және қалалық соттар 2 қабатты 12 бөлмелік ғимараттың иесі деп танып, тиісті шешім шығарған. Алайда кәсіпорын басшылығы ол шешіммен келіспейді:

- Істі қалалық сотқа Берген болатынбыз, бірақ қалалық сот алдыңғы шешімді күшінде қалдырды. Енді қазір біз істі Жоғарғы сотқа беріп, соның шешімін күтіп отырмыз.

Сот шешімімен жатақхананың иесі деп танылған Мадиевтен осы мәселеге қатысты түсінік алмақ болған әрекеттеріміз нәтижесіз аяқталды. Жатақханада тұрып жатқан Бақытбек Өмірзақов есімді азаматтың қолында үй кітапшасы мен жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтың үйді тіркеу жөніндегі құжаты бар екен:

- Мына үй біздікі. Бұл үйдің 3 қожайыны бар. Біреуі - мен, екіншісі - Мадиев, үшіншісі - бір әйел адам. Бұл үйде біз 2004 жылдан бері тұрып келеміз. 2005-2006 жылдары үйдің құжаттарын заңды түрде жөндеп, өзіміздің атымызға аударып алдық. Бізбен дауласқандарды аудандық және қалалық соттарда жеңіп шықтық. Жер кодексінің 52-ші бабы бойынша үй кімдікі болса, оған қарасты аула да соныкі. Бізбен ешкімнің таласуға қақы жоқ!

Жатақхананы өздеріне қайтарып беруді сұрап отырған зағип жандар 2006 жылдан бері Алматы қаласында көрінген босағада күнелтіп жүр. Баспанасыз қалған олар енді Жоғарғы соттан үміт күтеді.
XS
SM
MD
LG