Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.21.2007 жыл


Жұма күні жарыққа шыққан «Караван» басылымы Қазақстан үкіметі келер жылғы инфляцияны ауыздықтауға арнайы шара қолданатындығын жазып, қала базарларында адам өміріне айтарлықтай қаупі бар жаңа жылдық жарылғыш заттардың көбейіп кеткендігіне назар аударыпты. Ал «Новое поколение» басылымы Каспий жағалауымен газ құбырын тарту жөніндегі Қазақстан мен Ресей және Түркіменстан үкіметтерінің арасындағы 3 жақты келісімге қол қойылғандығын хабарлапты.

«Караван» басылымы жұма күнгі санында Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке жасы толмаған балаларды ауыр әрі денсаулыққа аса зиянды жұмысқа салу деректерінің көбейіп отырғандығы сөз болыпты. Мақала авторы Қазақстанда балалар құқығын қорғайтын заңдар болғанына қарамастан Солтүстік Қазақстан облысында балалар үйінің тәрбиеленушісі денсаулыққа зиянды жұмысты атқару кезінде көз жұмғандығын мысалға келтіреген. Илиьч заманынан қалған сенбілік шарасы аясында балаларды көше сыпыру, күл-қоқыстарды жинату сынды жұмыстарға жегу Қазақстанның барлық аймақтарында жалғасып келе жатқандығын жазады. Сондай-ақ басылым оқырман назарын жаңа жыл қарсаңында Алматының «барахолка» базарындағы үш қоймада сапасы күдік туғызатын Қытайдың пиротехникалық жарылғыш заттары табылғандығына аударып, қауіптілігі 4-5 кластық пиротехникалық жарылғыш заттар қала базарларында ашық сатылып жатқанын айтады. Басылымның жазуына қарағанда, өткен жылы жаңа жыл түнінде сапасыз пиротехникалық жарылғыш заттардан 31 алматылық зардап шегіп, түрлі дәрежедегі күйік пен жарақаттар алған. 40 өрт оқиғасына осы Қытайдың пиротехникалық жарылғыш заттары себепкер болған екен. Сонымен қатар басылым, келер жылдың І тоқсанында инфляцияға жол берілмейтін болды деп хабарлайды. Бұл туралы бас министр Кәрім Мәсімов үкімет отырысында ресми түрде хабарлап, тарифтердің бағасы көтерілмейді деп уәде берген.

Ал «Новое поколение» басылымы болса Қазақстан бас министрі тариф бағасы көтерілмейді деп уәде бергеніне қарамастан жанар-жағар май бағасын ауыздықтай алмай қалғандығын сөз етіпті. Басылым: «Сала мамандарының қоймада бірнеше айға жетерлік жанар-жағар май қоры бар дегеніне қарамастан Астанада мерекеден кейін бензиннің орташа бағасы 7 теңгеге көтеріліп кетті. Алайда бағаның өсуіне ешкім жауап бере алмайды», деп жазады. Одан әрі автор «Қазмұнайгаз» бензин құю бекеттер желісінде баға бұрынғысынша қалып отырғандығын еске салыпты. «Новое поколение» басылымы сонымен қатар, Мәскеуде Каспий жағалауымен газ құбырын тарту жөніндегі Қазақстан мен Ресей және Түркіменстан үкіметтерінің арасындағы 3 жақты келісімге қол қойылғандығын хабарлапты. Басылымның жазуына қарағанда, жаңа газ құбыры арқылы жыл сайын Қазақстан мен Түркіменстаннан 20 млрд. куб көгілдір отын тасымалдау көзделіп отыр. Өз кезегінде Ресей Орталық Азия елдерінен жоғарыда межеленген газ көлемін сатып алуға уәде беріп отыр деп жазады «Новое поколение» газеті.

Ал «Қазақстан Заман» басылымы өткен тәуелсіздік мерекесіне мән берілмегендігіне тоқталыпты. «Тәуелсіздік күнінен артық ұлы мейрам жоқ. Бірақ ол биыл аста-төк тойланбады», деген басылым: «Алматыдағы мереке әкімшіліктің 20-30 адамының тәуелсіздік тауқыметіне гүл қоюымен бітіп қалды» деп жазады. Автор мақаласында одан әрі: «Тәуелсіздік күнімен қатарлас аталып өтетін желтоқсан көтерілісі жайында да биылғы жылы мардымды ештеңе айтылмады» дейді. «Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген, қызыл империяның шаңырағын шайқалтқан, қазақ халқының рухын асқақтатқан Желтоқсан көтерілісі жайлы орталық мұражайда да бір дерек жоқ», деп жазады «Қазақстан Заман» басылымы.
XS
SM
MD
LG