Accessibility links

Үкіметтің елде атом электр стансасын салу жоспарына «Табиғат» экологиялық қоғамдық ұйымының жетекшісі Мелс Елеусізовтің пікірі


- Қазір атом стансаларын салудың өте қауіпті жақтары аз емес. Мысалы, терроризм қатері де бар, оның құбырын бір жерден қопаратын болса, оның соңы стансаның жарылысына апарып соғады. Оның қорғап тұру үшін қыруар ақша жұмсап, сақтық үшін қаншама адам ұстау керек болады. Бұның барлығына мүдделі болып отырған, үлкен атом кәсіпорны бар Ресей басқа елдерге зорлағандай етіп осындай атом стансаларын салуға тырысып отыр. Қазақстанға қажет емес деп санаймыз. Біріншіден, өте көп қаржы салып тұрғызған стансаны 20-30 жылдан соң қайткенде де жабуға тура келеді. Себебі, соншама жылдан соң тіпті ішіндегі реакторы істеп тұрса да, ондай стансада адам жұмыс істеуге жарамсыз болады. Сондықтан ондай қыруар ақша жұмсаудың қажеті жоқ оған.

Екіншіден, ең үлкен мәселе – радиоактивті қалдықтар. Қазір дүниежүзінде ондай қалдықтарды қайда жіберерін білмей отыр. Тіпті, күнге апарып тастайық деген ұсыныс-пікірлер болды. Қазіргі уақытта қай жерде атом стансасы бар болса, сол жерде әлгіндей қауіпті, зиянды қалдықтар да көп жиналады. Атом стансасының құрылысын қолдаушылар энергия қуаты жетпей жатқандықтан, проблеманы шешудің жолы ретінде соны салуды ғана дұрыс көреді, басқадайларға олар көңіл бөлгісі де келмейді. Ал Қазақстанда, мысалы, осы мақсатқа күн сәулесінің энергиясын немесе табиғи желдің күшін пайдалануға болады. Жыл бойына Жоңғар қақпасы тұсында соғатын қатты жел энергиясының бір процентінің өзі барлық керекті қуатпен бізді қамтамасыз ете алады деп айтып келеміз, бірақ ол жерге әлі бір станса қойған жоқ.

Бізде қазір коррупциясыз ешбір мәселе шешілмейді. Мәселен, жаңағыдай бір атом стансасын салу құрлысынан біздің шенеуніктер өз қалтасына көп ақша түсіруге мүмкіндікке ие болады. Ал жел стансасын біреу емес, көптеп салу керек, бірақ онда жаңағыдай алып құрылыспен салыстырғанда, ақша жымқырудың мүмкіндігі күрт азаяды. Сондықтан бізде бірінші орында осы коррупция да қолбайлау болып тұр. Ана мұнай қорындағы шетелде жатқан ақша инфляция және басқадай да себептердің әсерінен ертеңгі күні түк болмай қалады деп мамандар да айтып жатыр. Біз қазір сол қаржылардың есебінен әлгіндей күн сәулесі мен жел күшінен қуат беретін стансалар салуымыз керек. Сонымен бірге, біз қазір қолда бар энергияны дұрыс пайдалана алмай жатырмыз – оның жартысы құр ауаға кетіп жатыр. Бұл үлкен проблема, осыны ойластыру керек.

Міне осылардың барлығын біздің қозғалыс үнемі айтып ұсынып жүр, бірақ оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Құр бос сөз естиміз, алайда ешқандай ынта байқалмайды. Осы мәселелердің барлығын шешуі тиіс депутаттардан да мұны ойлап жатқан ешкім жоқ. Ол депутаттарды сайлайтын қоғам да осы іске жауаптылықпен қарап, құр жанбағыстық тақырыптармен шектелмей, ұйымдасып бұл мәселеге қатты назар бұруы керек.
XS
SM
MD
LG