Accessibility links

Желтоқсанның 23-күні Өзбекстанда президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл жолғы сайлауға түсіп жатқан 4 кандидаттың арасында елді 18 жылдан бері басқарып отырған Ислам Каримов та бар. Алматыдағы өзбек елшілігінде тіркелген Өзбекстан азаматтары жексенбі күні өз елдеріндегі президент сайлауына осы жерден дауыс беруге қатысты.

Бұл жолғы Өзбекстан президентінің сайлауында шетелдегі 43 сайлау учаскесінің бірі Алматыдағы өзбек елшілігінде орналасқан. Мұнда жексенбі күні жергілікті уақытпен таңғы сағат 6-дан кешкі сағат 8-ге дейін сайлаушылардың дауыс беруі өтті.

«Біздегі консулдықта тіркеуде тұрған 338 адам сайлаушылар тізіміне енгізілді», - деді Қазақстандағы өзбек елшісі Тұрдықұл Бутояров «Азаттық» тілшісіне.

Сайлау бюллетенінде президенттікке кандидат 4 адамның есімдері жазылған: Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясынан Аслиддин Рустамов, «Адолат» социал-демократиялық партиядан Дилорам Ташмухамедова, бастамашыл топ ұсынған Акмал Саидов және соңғы 18 жыл бойы Өзбекстанды үздіксіз басқарып отырған Ислам Каримов жарысқа түсіп отыр. Каримовты бұл сайлауға Өзбекстан либералдық-демократиялық партиясы ұсынған. Жексенбі күні дауыс беруге қатысқандардың бірі Алеся есімді 26 жастағы қыз соңғы 3 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп тұрып жатыр екен.

«Бұл сайлаудан соң өз Отаным - Өзбекстанда қандай да бір өзгерістер болғанын қалаймын, халықтың әл-ауқаты жақсарса деп тілеймін. Мен өзім Өзбекстанға оралып, шаңырақ көтеріп, бала сүйгім келеді. Бірақ ол үшін ондағы тұрмыс деңгейі кемінде осы Қазақстандағыдай болса», - дейді Алеся.

Алеся секілді күнкөріс қамымен жұмыс іздеп сырт елге кеткен өзбекстандық азаматтар Қазақстандағы еңбек мигранттарының тең жарымынан астамын құрайды. Бейресми деректер бойынша, маусымдық жұмыстар кезінде Қазақстанға Өзбекстаннан 1 млн.-ға жуық адам келеді екен. Заңсыз жолмен келгендерді Қазақстанның құқық орындары ұстап, еліне қайтарып жатқанымен, өз Отанында жұмыстың жоқтығынан олар ақша табу үшін қайтадан осында келуге мәжбүр дейді Мұзафар есімді 35 жастағы өзбек азаматы.

«Мен үшін қазір ең бастысы ақша табу керек, ал бұл сайлауда кімнің жеңіске жететіні әлдеқашан мәлім болған, сондықтан сайлау мені қызықтырмайды», - дейді Мұзафар.

Өзбекстанның сайлау заңына сәйкес, сайлау өтті деп тану үшін сайлаушылар тізіміне енгендердің кемінде 33 пайыздан астамы дауыс беруге қатысуы тиіс. Жексенбі күні түс кезінде Өзбекстанның орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге сайлаушылардың 60 пайызға жуығы қатысқанын хабарлады. Дауыс берушілердің жартысынан астамының қолдауын алған адам келесі 7 жыл мерзімге ел президенті болып сайланады. Сайлаудың алын ала ресми мәліметтері желтоқсанның 24-інде жарияланбақшы.

Ресми деректер бойынша, Өзбекстандағы сайлауды бақылауға 30 елден және 5 халықаралық ұйымнан өкілдер келген. ТМД елдерінен 78 бақылаушы қатысса, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бұл сайлауға 26 адамнан тұратын делегациясын жолдаумен шектелді. Өзбек билігі ел ішіндегі президент сайлауын батыстың ақпарат құралдары өкілдерінің бақылауына рұқсат бермей қойды.

2005 жылы мамыр айында Әндіжанда болған қырғынға байланысты Өзбекстан үкіметі өзіне сын айтқан батыс елдерімен соңғы екі жарым жылдан бері салқынқабақ саясат ұстанып отыр.

Өзбекстан Ішкі істер әскері 2005 жылғы мамырдың 13-күні Әндіжан қаласындағы ресми билікке қарсы көтерілген толқуды аяусыз, қанға тұншықтырып басты. Адам құқын қорғаушылардың мәліметтері бойынша, осы шара барысында қарусыз бірнеше жүз адам, соның ішінде әйелдер мен балалар оққа ұшқан. Ресми Ташкент болса, Әндіжан қырғыны кезінде бар-жоғы 187 адам, оның өзінде де негізінен қауіпсіздік күштерінің жауынгерлері мен шетелдерден жалданып келген исламшыл топтардың жасақтары қаза болды дегенді алға тартумен келеді.

Әндіжан оқиғасынан соң елде жұмыс істеп келген батыс елдерінің гуманитарлық және адам құқығын қорғаушы ұйымдарының өкілдіктерін өзбек билігі жауып тастаған болатын. Әндіжан толқуларынан кейін Өзбекстанда сөз еркіндігі барынша шектелді.
XS
SM
MD
LG