Accessibility links

Міндеттемесін орындамай отырған «Верный.kz» құрылыс компаниясына наразы үлескерлер үкімет жетекшісін сотқа бермек

  • Досан БАЙМОЛДА

Дүйсенбі күні Алматыда «Верный.kz» құрылыс компаниясына үлес қосушылардың бір топ мүшесі БАҚ өкілдері мен журналистер қауымы алдында компанияның осы уақытқа дейін келісім-шарт бойынша өзінің мойнына алған міндеттемелерін орындамағанын және енді үлес қосушылардың құрылысқа салған ақшаларын қайтарып бермей отырғандығын жеткізді. Нақты емес есеп бойынша, үлес қосушылардың компанияға қосқан қаржысы 20 миллион АҚШ доллары шамасында көрінеді.

Алматы тұрғыны Айжан Жаңқорасқызы 2005 жылы алаңы 53 шаршы метр бір бөлмелі пәтерге, әр шаршы метріне 950 АҚШ долларымен есептеп ақша салған екен. Ал келесі жылы пайдаға беріледі деген осы үйдің осы уақытқа дейін салынбақ тұр ғой, іргетасы да қаланбапты. Айжан оның мән-жайын білейін десе, оған түрлі сылтаулар айтып келген компания басшылары соңғы кезде тіпті есіктен де ішке бастырмайтын болған.

«Сонымен алданып қалғанымды енді біліп, амалсыз сіздерге өз мұңымды шағып айтып отырмын», - дейді ол.

Ал өзін алданып қалдым деушілердің тағы бірі «Верный.kz» компаниясына кезінде 102 шаршы метр алаңы бар 3 бөлмелі пәтер алу үшін 100 мыңдай АҚШ долларын салған Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің оқытушысы Ербол Әбдірәсілов аталмыш компания 2003 жылдан бері бірде бір құрылыс нысанын пайдаға бермегенін айтады.

«Сөйте тұра, бұлар Алматы қаласында тұрғын үй саламыз деген жарнамасы бойынша қазірге дейін тұрғындарды сендіріп, олардан недәуір қаржыны алып отыр. Ал осы қаржыны неге жұмсап отырғандары, саламыз деген құрлыстар неге салынбай жатқаны жөнінде қандай да бір ақпарат беруден олар бас тартып отыр», - дейді Ербол.

«Верный.kz» құрылыс компаниясына үлес қосушылардың ынталы тобының заңгері Сергей Уткиннің айтуынша, үлескерлер осы уақытқа дейін Алматы қаласының әкіміне, Қаржы полициясына, тіпті үкімет басшысына дейін арызданып, осы жағдайға араласуды сұраса да олардан ешбір жауап болмаған.

«Соған қарағанда «Верный.kz» құрылыс компаниясының құрылтайшыларының арасында билікке жақын адамдар барға ұқсайды. Ал компания басшыларымен сөйлеспек болғанымда, олар бар мәселені бұл коммерциялық құпия дегенді желеу етіп жолатпай отыр», - дейді С.Уткин.

Алматыдағы Фурманов көшесі бойындағы бұрынғы қытай елшілігі орналасқан 4 қабат үйдің бір қабатын жалға алып отырған «Верный.kz» құрылыс компаниясының кеңсесіне мән-жайды білмекке бардық. Компания басшысы Мая Әбішева орнында жоқ екен, ал ол кісінің кеңесшісі Александр Шаварев үлескерлердің сондай шу көтеріп жүргенін білетін болып шықты.

«Біз олармен қарым-қатынас байланыстамыз, бұл мәселеге қатысты заңгер Уткинмен де кеше ғана сөйлескенбіз, бізде сәл қиыншылықтар бар, бірақ бәрі дұрыс шешіледі», - деген жауап айтты ол «Азаттық» тілшісіне.

Алайда өздерін алданып қалдық деп отырған үлескерлер енді аз уақыт ішінде жағдай өзгермесе, онда мемлекетті және үкімет басшысы Кәрім Мәсімовті сотқа беретіндіктерін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG