Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.27.2007 жыл


Қазақстан президентің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктеріне қатысты сот ісі - бейсенбі күнгі республикалық басылымдар назарында. Онда сот отырысында жәбірленуші жақтың айыпталушылардың екі адвокатын істен аластату туралы өтініші дау тудырып, «Нұрбанктің» қазіргі басшыларының бірі, Рахат Әлиевтің ұлы Нұрәлі Әлиевтен түсініктеме алу қажеттігі түрлі пікір тудырып отырғаны сөз болады.

«Рахат Әлиев пен оның серіктеріне қатысты сот өтіп жатқан Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында кезекті жанжал шықты», - деп хабарлайды «Время» газеті. Мақала авторының айтуынша, оған жапа шегуші Армангүл Қапашеваның қорғаушысы Маржан Аспандиярованың сотталушылардың екі адвокаты, яғни, Балмағамбетова пен Понамареваны қылмыстың іс өндірісінен аластату туралы өтініші себеп болған. Маржан Аспандиярова адвокат Понамарева бір уақытта бірнеше адамды қорғап, заңды өрескел бұзды деп шағымданған. Бірақ мұндай мәлімдеме адвокаттардың наразылығын тудырып, бірнеше сағат бойы пікірталас өзегіне айналған.

Бұл тақырыпқа «Айқын» газеті де «Қорғаушыларға қатысты дау» деген мақалада тоқталады. Онда берілгенМаржан Аспандиярованың сөзіне қарағанда, адвокат Любовь Балмағамбетова ұзақ уақыт Рахат Әлиевтің қорғаушысы болған. Қазір сотта бірнеше адамның мүддесін қорғап отыр. «Оған жауап ретінде Балмағамбетова «Алматур» қызметкерлерін жаппай тұтқындап жатқан кезде өзінің қорғаушы болғандығын айтты», - дейді «Айқын» басылымы.

«Экспресс К» газеті «Оның шындығы қайсысы?» деген мақалада осы сот отырысында болған тағы бір жәйтқа назар салады. «Сотта жәбірленшуі Армангүл Қапашева түсініктеме алу үшін «Нұрбанк» төрағасының бірінші орынбасары, Рахат Әлиевтің ұлы Нұрәлі Әлиевті сотқа шақырмай, бұл іске нүкте қоюға болмайтындығын мәлімдеген», - дейді газет тілшісі. Мақалада айтылғандай, жапа шегуші өз сөзінде Нұрәлі Әлиевтің тергеу кезінде өзінің түсініктемесін бірнеше рет өзгерткендігін тілге тиек еткен. Мысалы, бір жолы қаңтардың 31-і күні Жолдас Темірәлиевті көрген жоқпын десе, Ұлттық қауіпсіздік комитет өкілдері тергегенде өзінің сол күні Темірәлиевпен өз кабинетінде сөйлесіп, оған басты акционерді күтуге кеңес бергендігін айтқан. «Оның шындығы қайсысы? Неге оған бөлек жағдай жасайды? Бәлкім, ол Рахат Әлиев жасырып отырған жағдайды білетін шығар», - депті Армангүл Қапашева. Сотқа қатысушылардың кейбіреуі мұнымен келісіп, Нұрәлі Әлиевті ертерек, банк сейфінен қымбат тастар мен ақшаның жоғалу эпизоды қарастырылған кезде шақыру керек деген пікір айтқан.

«Жас алаш» газеті осыған орай адвокат Любовь Балмағамбетова сот залында Нұрәлі Әлиевтің мәлімдемесін оқып бергенін баяндайды. Онда ол: «Сотқа келуден бас тартамын. Әкеме қатысты ештеңе айтпаймын», - депті. «Мұнысы не сонда? Еркелік пе, әлде менсінбеу ме? Үлкен үйдің тұңғыш немересі сотқа келмесін деп еш жерде жазылмаған. Заң алдында адамдардың бәрі тең екендігін президент әр жерде айтып жүр», - дейді газет тілшісі. «Жас алаш» газетіндегі «2006 жыл 11 ақпандағы ұлттық қасіреттің ұштығы әлі де Рахат Әлиевке тіреліп тұр» деген мақалада соттың бұған дейінгі отырысында Маржан Аспандиярованың Рахат Әлиевтің 2006 жылы оппозициялық қайраткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатыстылығы тұрғысынан қылмыстық іс қозғау туралы мәлімдемесі де сөз болады. Мақалада Рысбек Сәрсенбайұлы «Рахат Әлиевтің Алтынбекті өзіне басты жау санағаны – басы ашық әңгіме», - дейді. Оның айтуынша, 2001-ші жылы «мемлекеттік төңкеріс» жасамақ болған Рахат Әлиевтің жолын Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған, президенттің өзінен тікелей тапсырма алған Алтынбек Сәрсенбайұлы кескен. «Рахат Әлиевтің Алтынбекке жауығуының тағы бір себебі – Рахат Әлиевтің әйелі Дариға Назарбаеваның қоғамға да, халыққа да еш пайдасы жоқ саяси партия құруын, оның орынсыз әрекеттерін ашық, өткір сынауы», - деп есептейді Рысбек Сәрсенбайұлы «Жас алаш» газетінде. Ол Рахат Әлиевтің 2001 жылы Алтынбекті телефон арқылы «көзіңді жоямын, құртамын» деп қорқытпақ болғанына куә болғандығын айтады. «Яғни, оны Алтынбекке қастандық жасауға ертеден дайындалған деп топшылауға болады», - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы «Жас алаш» газетінде. Әрі қарай ол Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандық жасалу оқиғасы мен «Нұрбанк» ісі арасында ұқсастықтардың бар екендігін тілге тиек етеді.
XS
SM
MD
LG