Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға ВИЧ инфекциясын жұқтырды деп айыпталған дәрігерлерге сот үкім шығарды


Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт аудандық сотында балаларға ауруханада ВИЧ індетін жұқтыру ісі бойынша қозғалған қылмыстық іске сот үкім шығарды. 5 бала мен 2 анаға ВИЧ індетін жұқтырды деп айыпталған үш дәрігер 2 жылдан 2,5 жыл аралығына бас бостандықтарынан айырылды.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт аудандық соты балаларға ВИЧ індетін жұқтырды деп айыпталған Қазығұрт аудандық ауруханасының бас дәрігері Әлімжан Атамбеков пен оның орынбасары Светлана Нұрханованы 2 жылға, ал реанимация бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Балғабай Түзелбаевты 2,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Және сотталған дәрігерлерді үш жылға дейін медициналық қызметпен айналысуына тиым салынды. Бұл туралы «Азаттық» радиосына сәрсенбі күні Қазығұрт аудандық сотының судьясы Серікбай Төлепбергенов хабарлады

«Дәрігерлер Қазақстан қылмыстық кодексінің 316 бабының 2 тармағы салақтық бойынша айыпталды. Үшеуі де жазаларын колонияда өтейтін болады», - деді Серікбай Төлепбергенов.

Қазығұрт аудандық ауруханасында жатқан балалардың ВИЧ індетін жеке түрде жұқтырғаны былтыр жаппай жасалған тексерулер нәтижесінде анықталған болатын. Ауданда бұл кеселге 15 бала және 2 ананың ұрынғандығы тіркелді. Тергеу амалдарының қорытындысы бойынша, 5 бала мен 2 ана ВИЧ індетін осы Қазығұрт ауданының ауруханасында емделген кезде жұқтырғаны анықталған. Жалпы, өткен жылдың көктемінен бері Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетіне шалдыққан 143 бала тіркеліп, оның 10-ы осы дерттен көз жұмған еді. Ал біреуі шетелдіктер асырауына берілді. Сондай-ақ, ВИЧ індетін жұқтырған 16 ана анықталған болатын. Алайда мамандар бұл саны әлі де өсе түсуі мүмкін. Өйткені өйткені ВИЧ вирусын осы жақтан жұқтырып алып оны ескермей, білмей жүрген балалардың болуы да мүмкін, оны ешкім де жоққа шығара алмайды деген болатын. Бұл орын алған қасіретке бей-жай қарай алмайтын жазушы Айгүл Кемелбаева:

«Бұл айналып келгенде жемқорлықтың нәтижесі. Жайылып кеткендік осыған алып келді. Бұл өзі қордаланып, жарылуға жақын қалған жара сықылды. Бұл біздің медицина саласының өте жаман екенін көрсетеді. Кез-келген кішігірім емхананың дәрігері өзінше бір патша болып отырады. Бақылаудың жоқтығы мен жемқорлықтың нәтижесінде оқу орындары түкке тұрмайтын студенттер дайындап шығарады. Олар барады да сорлатады. Бұл жемқорлық парақорлық жойылмай тоқтамайды», - дейді.

Журналист Болатбек Көрпебай: «Бүкіл Қазақстанды дүрліктіріп отырған ВИЧ мәселесі дәрігерлерді жазалаумен шешілмейтін сияқты. ВИЧ мәселесін ауыздықтауда нақты шаралардан гөрі науқандық шаралар жүріп жатқандай көрінеді. Себебі, баспасөз бетінде соған кінәлі дәрігерлерді соттап, жауапқа тартып жатырмыз деген ақпараттық тұрғыдан халықтың назарын аударатын хабарламалар жүр. Ал негізі балалардың санының өсетіндігі айтылды. Ал аурудың алдын алудағы жұмыстар туралы мардымды ештеңе айтылмайды», - дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың жаппай ВИЧ дертіне шалдығуына кінәлі дәрігерлер мен медицина қызметкерлері үстіміздегі жылдың маусым айында сотталған болатын. Олардың 5-еуі шартты түрде айыпталып, 16-сы бас бостандығынан айырылды. Сотталған 6 адамның жазаны өтеу мерзімі түрлі себептермен кейінге шегерілді. Тағы да алтауы колониядан үй қамауына жіберілді. Қамау мекемесіне тек 4 дәрігер тоғытылды. Жақын арада ВИЧ-инфекциясын таратудың автономиялық ошағы табылған Түркістан қаласында аурухана ішінде балаларға ауру жұқтыру бойынша сот процесі өтеді деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG