Accessibility links

Алматы халықаралық әуежайында болған ұшақ апатында бір адам қаза болды

  • Досан БАЙМОЛДА

Бұл туралы радиомызға хабарлаған Алматы қалалық құтқару қызметінің диспетчері Жамила Қаймолдинаның айтуынша, Германияның Ганновер қаласынан Қытайдың Гонконг қаласына қарай №LCX826 рейсімен ұшып шыққан Германияның жекеменшік «Джет конекшн бизнес флайт» компаниясының «Гольфстрим (CL)-60» үлгісіндегі шағын ұшағы сәрсенбі күні Алматы халықаралық әуежайына қонып, жанармай құйып алып қайтадан әуеге ұшуға бет алғанда апатқа ұрынған.

Таңғы 2-ден 20 минут өткенде Алматы халықаралық әуежайына келіп қонған соң, жанармай құйып алып, 40 минуттен кейін Гонгконгке қарай ұшуға бет алған ұшақ әзірге белгісіз себептерден жолдан тайып, жол шетіндегі темір бетон дуалды барып соғып жарылғаннан кейін өрт құшағына оранған.

«Алматы халықаралық әуежайында болған бұл төтенше оқиға жөнінде хабар алған Алматы қалалық құтқару қызметінің тобы оқиға болған жерге дереу жетіп өртті сөндірді», - дейді құтқару қызметінің диспетчері Жамила Қаймолдина.

Оның айтуынша, ұшақ ішінде 4 адам – бір жолаушы мен үш экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан жолаушы қаза болып, қалған 3 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді деп хабарлады құтқару қызметінің өкілі. Қаза болған жолаушының есімі Лорс Вун Хорс деген азамат екендігін, ал экипаж мүшелерінің екеуі Германияның, тағы біреуі Түркия азаматы екендігі айтылып отыр.

Ұшақ апатынан зардап шеккен 3 адамның денсаулық жағдайы жөнінде радиомызға сұқбат берген Алматы қалалық №4 аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Ольга Пугач апаттан жарақаттанған екі ер кісі мен бір әйел адамның қазір сонда емделіп жатқанын айтты.

«Олар өздерінің ақыл-естерін жоғалтқан жоқ, сондықтан олардың денсаулық жағдайларын орташа деп бағалауға болады», - деді ол.

Германия ұшағының Алматы әуежайында апатқа ұшырауы себебін анықтау жұмысын Қазақстанның азаматтық әуе қатынасы комитетінің қызметкерлері қолға алмақшы. Бұл жерде бір айта кетер жайт, соңғы күндері Алматы қаласында қар қалың жауып, жол үстінде қатқан көктайғақ мұз жол қатынасын біршама қиындатқандығы. Жуырда ғана Атырау халықаралық әуежайында ауа райының қолайсыздығынан жол үстіндегі көктайғақтан қазақ-британ бірлескен «Эйр Астана» әуе компаниясының ішінде 145 жолаушысы бар «Боинг 767» ұшағының апатқа ұшырай жаздаған еді.
XS
SM
MD
LG