Accessibility links

Баспасөзге шолу 12.29.2007 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Cенбілік жарыққа шыққан мерзімді басылымдар негізінен 2007 жылды қорытындылайтын материалдар ұсынып, өтіп бара жатқан жылға бара берген екен. «Неден ұттық, неден ұтылдық?» деген сауалға жауап іздеген «Жас алаш» басылымы нанның қымбаттауы, бағаның өсуі тарифтің көтерілуі мен әлеуметтік экономикалық дағдарыстарды өтіп бара жатқан жылдың негізгі бедері ретінде атаған. Ал «Айқын» басылымы 2007 жылғы жүргізілген әлеуметтік реформалардың оң-терісін таразыға салып осы салаға мамандардың пікірін берген екен. «Время» басылымы болса атышулы «Рахатгейт» ісі бойынша кешегі сотта мемлекеттік айыптаушы осы істің негізгі айыпталушысы Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевті 20 жылға басбостандығын айырып, мүлкін тәркілеуді сұрағанын жазыпты.

Сенбілік санын түгелдей 2007 жылды қорытындылауға арнаған «Айқын» басылымы партиялық тізіммен өткен сайлау мен Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ына төраға болып сайлануын жылдың басты саяси оқиғасы ретінде атапты. «Биыл доңыз жылы туған саясаткерлерден гөрі барыс жылы туғандардың жолы болды», - деген басылым, «доңыз жылы «НұрОтан» партиясы бір партиялы парламентке ие болды. Есесіне доңыз жылы негізі қаланған ЖСДП мен жылқы жылы тіркелген «Ақжол» партиясының жолы болмады. Жалпы оппозицияның парламентке өтпей қалуын жылдың ең сүреңсіз оқиғасы ретінде бағалауға болады» деп жазыпты. Сондай-ақ басылым тарих қойнауына бет алған жылда ел экономикасындағы елеулі оқиға ретінде – нан бағасының екі есеге дейін өсіп, азық-түлік бағасының қымбаттауы қарапайым халық арасында дүрлігіс туғызғандығын айтпасқа болмайды, деп жазады.

Сенбілік санында «Жас алаш» басылымы 2007 жылды қазақстандық сарапшылармен бірге електен өткізіп: «Неден ұтылдық, неден ұттық?» деген сауалға жауап іздеген екен. «Жас алаш» басылымымен бірге жыл қорытындысын шығаруға ат салысқан сарапшылар жылдың басты жақсылығы ретінде - елдегі тыныштықты, табиғи апаттардан амандықты атаса, жылдың басты кемшілігі ретінде – билік пен халықтың арасының біржолата алшақтап кеткендігін айтыпты. Ал жылдың басты жаңалығы ретінде - конституциялық өзгерістер, соның ішінде өмірлік президент мәселесін айтқан сарапшылар саяси жүйе құлдырауға айналды деген пікірлерін айтып, Маловодный ауылындағы қанды қырғын мен Маятастағы жантүршігерлік оқиға ұлтаралық қатынас мәселесінің осалдығын көрсетті депті. Сондай-ақ, «Жас алаш» басылымы кезек күттірмейтін ең бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе ретінде - қолды болған халықтың жер асты мен жер үсті байлығын қайтару, саяси реформаны мүлде басқа бағытта жүргізу керектігін айта келіп «биылғы жылды соттасу жылы деп атаса жарасар еді, «Шаңырақтың» дауы, Казаткомдағы жағдай, «Нұрбанк» ісі бұл сот процестері біздің елімізде заң деген ұғымның жоқ екендігі көрсетті, осы сот процестерінің қайсысында әділет жеңді? «Нұрбанк» ісінің таудай болып басталғанымен аяғы қылдай болып бітетінін көріп отырмыз. Бұл - қатерлі жағдай», деп жазады «Жас алаш» басылымы.

Ал «Время» басылымы болса 2007 жылдың елең еткізер 7 оқиғасын анықтапты. Басылым жылдың ең елеулі бірінші оқиғасы ретінде - «Рахатгейт» ісін атап, онан кейін ырыққа көнбеген инфляция мен тұрғын үй бағасының құлауын, Конституциялық өзгерістер мен парламент сайлауын, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төраға болғанын, мемлекет қажетіне деп жерлерді тәркілеу мен тұрғын үйлерді құлату, Маятас пен Казаткомдағы толқуларды атапты. Сондай-ақ басылым өзінің соңғы санында, қоғамда «Рахагейт» аталып кеткен «Нұрбанк» ісіне орай жауапқа тартылған 32 адамға прокурор айыптау қортындысын жариялады деп жазады. Басылымның хабарлауына қарағанда, прокурор «Нұрбанк» ісінің басты айыпталушысы Рахат Әлиевті 20 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді, ал оның сыбайластары Вадим Кошлякты 18 жылға, генерал Әлнұр Мұсаевты 15 жылға, Виктор Сапожников пен Төлеген Имашевты он жылға бас еркінен айырып, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуді сұраған. «Бұл аттары аталған айыпкерлер Қазақстан аумағынан тыс жерде болғандықтан мемлекеттік айыптаушы үкім олар ұсталған сәтінен күшіне енуін сұрап, тағы 10 сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды, қалғандарын 2 мен 16 жыл аралығында бас бостандығынан айыруды сұрады», деп жазады «Время» басылымы. Сондай-ақ басылымның осы санында исламның бесінші парызын өтеу үшін қасиетті Меккеге аттанған 320 қазақстандықтың еліне орала алмай жатқандығы хабарланыпты. «Қазақстандық мұсылмандарды араб еліне жеткізген туристік фирманың қызметіне жауапсыз қарағанынан қажылық парызы желтоқсанның 22-сінде аяқталған қазақстандықтар елдеріне жете алмай отыр», деп жазады «Время» басылымы.
XS
SM
MD
LG