Accessibility links

Тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай аяқталып отырған жылы поскеңестік елдерде болып өткен сайлауларға байланысты ой-пікірін білдіреді


- Міне, биылғы жылы ТМД мемлекеттерінде көппартиялық сайлаулар өтіп, халықтың пікірімен санасу керектігін барлық елдер мойындап жатыр. Украинаны айтпай-ақ қояйық, ол жерде нағыз талас, сайлау әділ өтіп, премьер министрдің өзін тағайындау қаншама уақытқа созылып, әрең шешілді. Ал мына Ресейдің өзінде, парламентке кірген екі партия үкіметшіл болса да, сонымен бірге коммунистердің өтуі қарсы жақтың пікірімен санасайық дегенді білдірсе керек. Сол сияқты мына Қырғызстанда өткен сайлауда ең басты принцип – сайлауды бақылайтын сайлау комиссиясында барлық партиялардың өкілдері бар, олар әділетсіздікке жол бермес үшін бірін-бірі аңдып отырады. «Атамекен» партиясының өтпей қалуы – сол елдің заңында жазылған талап бойынша және оны сол елдің Жоғарғы соты қарады, енді Конституциялық сотта қарайтын шығар. Әні, Грузияны алып қараңыз, халық көшеге шығып Саакашвилиге «кет» деп еді, ол «жарайды, онда сайлау өткізейін» деді дағы, өзінің президенттік қызметін уақытша тастап, ақысыз демалысқа шығып, сайлауға түсуге дайындалды.

Ал Қазақстанға байланысты осындай құбылыстардың біреуін де көз алдыңызға елестете алмайсыз. Мен бір мақаламда жазып едім: «Қазақстан президенті жалғызсырап келе жатыр» деп. Бірақ енді осы жақында ғана Өзбекстанда өткен президент сайлауы оның жалғызсырамайтынын көрсеткендей болды. Енді сол Түркіменбашы, Лукашенко, Каримов төртеуі бірдей боп тұр ғой. Бірақ, біздегі «бұлбұлдар» Қазақстан президенті туралы сөз бола қалғанда оны Бердімұхамедовпен, Каримовпен немесе Лукашенкомен салыстырғысы келмейді, ұялады, намыс санайды. Себебі, олардың түсінігінше, «біздің президентіміз олардан биік тұр-мыс». Ал, шынайы демократиялық елдермен салыстырайын десе, олармен біздегінің үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сондықтан әлгі «жетімсіреп келе жатыр» деген осыдан келіп туындайды.

Оның үстіне ОБСЕ ұйымына төраға боламыз дедік, олар келісті, ол енді саяси сауда-саттықтың нәтижесінің арқасында берілді. Бірақ, енді Қазақстанның арты ашылады. Себебі, өкімет 3 заңға өзгерту енгіземіз деді: сайлау, саяси партиялар және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарға. Мұндай құрғақ уәделерді осыған дейін де талай беріп келген Қазақстан билігі енді осы мәселеде тағы қандай қулыққа барады екен, не ойлап табар екен деп өз басым көз алдыма елестете алмай отырмын. Бір жағынан, мына Интернеттегі веб-сайттарды жауып, оларға тосқауыл қоятын заң қабылдамақшы боп деп жатса, екінші жағынан, демократияға, ОБСЕ стандарттарына сай болатын өзгерістер енгізбек. Ал енді өзіңіз ойлап қараңыз, осы бір-біріне қарама-қайша екі істен не шығатынын?! Биыл парламентке өткен сайлаудың түрі анадай, Ата заңнан бастап өзге заңдарды тағы былықтырып алды. Әлгі орыстарда «беспредел» деген сөз бар ғой, яғни «шектен шыққан бассыздық» деген, жалпы алғанда, біздің елде соны мына саясатқа да, сайлауға да қолданып жатыр. Қоғамдағы жегіштердің жемқорлық, парақорлығы жайында айтыла-айтыла жұрттың құлағы әбден сасыды. Сондықтан 2008 жылы осы тұрғыдан бір дұрыс шаруалар атқарылмаса, бұның барлығының арты жақсылыққа әкеп соқпайды.
XS
SM
MD
LG