Accessibility links

Қазақстандықтар жаңа жылдан не күтеді?


Қазақстан тұрғындарының көпшілігі жаңа 2008 - тышқан жылында қайтадан көптеген бағалар өседі деп алаңдап отыр. Индустрия және сауда министрлігі Қазақстанда биыл болған азық-түлік бағасының жаппай қымбаттауы келесі жылы қайталануы мүмкін деп ескерткен еді. Кәсіподақ федерациясының мәліметінше, парламент сайлауынан кейін елде азық-түлік, қоғамдық көліктегі жолақы, коммуналдық қызмет тарифтері, банк несиелерінің пайыздары өсті, ал еңбекақы өзгермеді. Билік өкілдері болса көптеген бағаға әсер ететін электр қуатының құны 2008 жылы көтерілуі мүмкін деп отыр.

Тұрғындардың бір бөлігі 2008 жылдың басынан бастап коммуналды тарифтер көтеріледі деп алаңдап отыр. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жаңа жылда Қазақстанның 5 аймағында электр қуатының тарифтері көтеріледі деген болатын. Бақылаушылар 2007 жылы тамызда басталған әлемдік несие дағдарысы 2008 жылы да жалғасады дейді. Республикалық статистика агенттігінің ресми мәліметінше, инфляцияның жылдық көрсеткіші 8,2 пайыз болған. Салыстыратын болсақ, дамыған елдерде инфляция көрсеткіші 2 жарым пайыздан аспайды. Бірақ, кәсіподақтардың айтуынша, баға өскендіктен инфляция шынтуйтында 15-20 пайыздан асып кеткен.

Ресми мәлімет бойынша, инфляция көрсеткіштерінің өсуіне азық-түлік бағасының қымбаттауы әсер еткен. Қыркүйек айында Қазақстанда тек сұйық май литрінің бағасы 80 теңгеден 400 теңгеге дейін көтерілді және үкімет шараларынан кейін бұл баға 380 теңгеге дейін төмендетілді. Сол сияқты нан бағасы да қымбаттады. 2007 жылы диқандар 22 миллион тонна астық жинап, соңғы жылдарда болмаған жетістікке жеткеніне қарамастан, нанның бағасы 35 теңгеден 55 теңгеге дейін қымбаттады. АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың кесірінен 2007 жылдың тамыз айында қазақстандық банктер ипотекалық несие пайыздарын 14-тен 16-ға дейін дейін көтеріп жіберді. Астана тұрғындары өкілдерінің пікірінше, жаңа жылда жағдай сәл реттелуі мүмкін.

Қазақстан экономистері қауымдастығының мәліметінше, бұл дағдарыс салдары Қазақстанда әлі көптеген жылдар бойы байқалады. Ал президент Назарбаев Қазақстанда дағдарыс жоқ деп айтты қараша айында үкімет мүшелерімен өткізген жиында. Бірақ, қазан айында «Standard & Poor's» рейтинг агенттігі Қазақстанның шетелдік валютадағы ұзақ мерзімді тәуелсіз рейтингін бір сатыға төмендетіп BBB деңгейінде белгіледі. Қазақстан президенті Назарбаев мұны «қазақстандық компаниялар құнды қағаздарының бағасын түсіріп, сосын сатып алу үшін жасалып отырған ойын» деп атады. Сондықтан президент үкіметке халықаралық биржада айналымда жүрген қазақстандық компаниялардың құнды қағаздарын сатып алуды тапсырды.

Кейбір экономистердің пайымдауынша, ипотекалық қаржы дағдарысын ТМД елдері ішінде бірінші болып Қазақстан сезіне бастады. Оның сыртында теңгенің долларға шаққандағы құны құлдырап барады. Қазақстандық сарапшылар доллар құнындағы Еуропадағы ауытқулар тек бірнеше центтен аспаса, Қазақстанда оның құны бірнеше долларға өзгереді деп отыр. Ал билік өкілдері жағдай жаман емес дегенді айтады. Қазақстан президенті Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанның жалпы алтын-валюта қоры 40 миллиард долларға жақындаған. Қазір ұлттық қорға мұнай саласындағы 55 кәсіпорынның салықтары түседі. Ал мұнай бағасы әлемде көтеріліп барады.
XS
SM
MD
LG