Accessibility links

Нью Йорк биржасында мұнай барелінің бағасы 100 долларға жетті


Халықаралық сарапшылардың пікірінше, баға мұнай өндіруден әлемде 8 орындағы Нигериядағы қақтығыстардың себебінен көтеріліп кеткен. Қазақстандық сарапшылардың бір бөлігі мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан бюджеті үшін тиімді десе, келесі біреулер жаңа бағаның кесірінен жанар-жағар майының құны көтерілуі мүмкін деп отыр.

Бір баррель мұнайдың бағасы 100 долларға жетті. Мамандардың айтуына қарағанда, мұнай бағасы ОПЕК ұйымының құрамындағы Нигерия мен Алжирдегі қақтығыстардың себебінен, қымбаттап кетті. Себебі, әлемде мұнайға деген сұраныс артты, ал мұнайды экспортқа шығаратын елде қақтығыс болып жатыр дейді шетелдік сарапшылар. Олардың айтуынша, нарықтық экономиканың негізгі екі көрсеткіші сұраныс пен ұсыныс қатынасы осылай болса, онда көп ұзамай мұнай бағасы тағы да көтерілуі мүмкін. Ал, Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың пікірінше, мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан үшін тиімді, бірақ бұл уақытша құбылыс, дейді ол:

- Мұнай бағасы қанша көтерілсе, біз сонша қымбат сатамыз, ол жаман бола ма? Ол уақытша бір нәрсе. Мынау соңғы көтерілгені Нигериямен байланысты.

1999-ыншы жылдан бері дүние жүзіндегі мұнай бағасы біртіндеп көтеріліп келеді. 2002 жылы барелінің бағасы 19 доллар деп есептелген мұнай құны 2003 жылы 30 долларға дейін көтеріліп кетті. 2004 жылы әр баррель 47-50 доллар тұратын болды. Ал 2005 жылы Лондон мен Нью Йорктағы саудада мұнай барелінің бағасы 60 долларға жеткен еді. Көп ұзамай мұнай барелінің ең жоғарғы құны 71 доллар болды.

Енді міне мұнайдың әлемдік бағасы тағы көтерілді. Бюджетінің недәуір бөлігін мұнайдан түскен табыспен толтырып отырған Қазақстан үшін бұл жағымды жаңалық деген пікір айтушыларға келіспейтіндер де бар. Қазақстанның энергетика министрлігінің мұнай өндірісі департаментінің өкілі Амантай Суесиновтың айтуынша, мұнай бағасының көтерілгендігі көбінесе тек мұнаймен айналысатын компанияларға тиімді болмақ:

- Баға өскені компанияның табыс табуына жақсы, бірақ, енді әрдайым бұлай өсу, әрине, дұрыс емес. Басқа салалар дамымайды, барлық көңіл мұнайға бөлінеді. Бағасы үлкен, табысты жылдам алады, аса көп ойланудың қажеті жоқ.

Ал, экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменнің айтуынша, қалай болса да мұнай құнының көтерілуі Қазақстан үшін тиімді. Бірақ, базардағы жағдай өзгеше қалыптасуы да мүмкін дейді сарапшы:

- Бюджетке, халықтың жағдайына тікелей қазіргі уақытта мұның көп қатысы болмайды. Өйткені, мұнайдан түскен қаржының барлығы ұлттық қорға құйылады. Ал, енді мұның екінші жағы бар. Өйткені, мұндағы кейбір монополистер, өндіріс жасап жатқандар, мұнай қымбаттап жатыр деп жанар-жағар майдың бағасын қымбаттата беруі мүмкін.

Мұнай барелінің көтерілуі Қазақстанда жұмыс істеп жатқан мұнай компанияларының табысын ұлғайтқанымен, тұрғындардың басым көпшілігі кезекті рет жанар-жағар май бағасының қымбаттауына көнуге мәжбүр болып отыр, дейді жергілікті сарапшылар. Ал, Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың сөзіне сүйенсек, мұнай құнының көтерілуі Қазақстан үшін айтарлықтай әсер етпейді:

- Биржа Америкада солай емес пе. Біздің мұнайымыз ол жерге жетіп жатқан жоқ. Сондықтан да қатынасы болса да шамалы. Екінші, әрине, өзімізде мұнай бағасы көтерілсе, онда жанар-жағар май көтеріледі.

Осылайша, сарапшылардың бір бөлігі мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан үшін тиімді десе, келесілері жаңа бағаның кесірі болуы мүмкін деп отыр. Мұнай көлемі бойынша, Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында тұр.
XS
SM
MD
LG