Accessibility links

Алматы қаласындағы кейбір қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы қымбаттады


Алматы қалалық әкімдіктің жолаушы көлігі және автокөлік департаменті басшыларының жаңа жылдан бастап Алматыдағы қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы қымбаттамайды деп қала тұрғындарына берген уәделеріне қарамастан, жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні, яғни қаңтардың 3-інде Алматы қаласында тұрғындарды бағыттар бойынша тасымалдап, даяшылық ететін жүздеген автобустардың кейбірінде жол жүру бағасы бұрынғыша 40 теңге күйінде болса, қайсыбірінде жол жүру бағасы 60 теңгеге көтерілді.

Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын Рымкеш Қалиева бейсенбі күні таңертең №105-ші автобусқа отырғанда көлік ішіндегі үлкен жазуды көріп, онда жол жүру билет бағасының 60 теңге болғанын бір-ақ біліпті. Алайда ол студенттік жеңілдікпен жаңа бағаның жартысын, яғни 30 теңге төлеген.

«Автобус ішіндегі кейбір жолаушылар өздерінің наразылықтарын білдірген болды, бірақ амал қанша, бадырайтып жазып қойған жазуды көріп, арыға бара алмады. Бұл негізі дұрыс емес. Ең қиыны, студенттер бізге бұл ауыр тиетін түрі бар», - дейді ол.

Алматыдағы «Таулы қырат» және Алматы-1 темір жол бекеті арасында қатынайтын №2-ші автобусты күтіп тұрған Сания есімді әйел жол жүру бағасының қымбаттағанынан бейхабар екен.

«Алдында қаңтардың 3-інен бастап қаладағы қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы 60 теңге болады екен дегенді естігенмін, бірақ кеше телеарналардың бірінде жол жүру бағасы қымбаттамайды деген де айтылды, сонда қайсысына сену керек екенін білмеймін. Автобус келген соң белгілі болады да, қымбаттаған болса қайтемін, елмен бірге көремін де», - дейді Сания.

Ал зейнеткер Максим Максимов болса үйінен бері қала орталығына дейін №29 автобуспен келгенін, жол жүру бағасының бұрынғыдай 40 теңге екенін айтты. Зейнеткер ретінде бұл бағаның жарымын, яғни 20 теңге қана төледім дейді ол.

Алматыдағы бұл жағдайға байланысты бірқатар автобус парктеріне қоңырау шалуға тура келді. Алматыдағы №3 автобус паркінің бас маманы Айнұр Сәбитова бұл парктің автобустары қала тұрғындарын бұрынғы бағамен тасымалдап жатқанын айтса, қаладағы №6 автобус паркінің диспетчері Светлана Алексеевна да бағаның қымбаттамағанын айтты. Қаладағы тағы бір ірі автобус паркін басқаратын Сәкен Ахметұлы да жол жүру бағасына қатысты ешқандай әкімдіктен шешімнің болмағанын, сондықтан барлық бағыттағы автобустардың жолаушыларды бұрынғы бағамен даяшылық етіп жатқанын жеткізді.

Ал жолаушылардан 60 теңге жол ақысын алып отырған №4 автобус паркінен сұрағымызға жауап ала алмадық. Алматы қалалық әкімдіктің жолаушы көлігі және автокөлік департаментінің бастығы Болат Қайсеновпен хабарласқанымызда, ол кісі жол жүру бағасын қымбаттату туралы ешқандай шешім қабылданбағанын айтты.

«Өз беттерінше бағаны қымбаттатқан автобус паркінің басшыларымен сөйлесіп, мән-жайды тез арада реттейміз», - деп уәде етті ол.

Ресми мәлімет бойынша қазіргі таңда 1,5 млн тұрғыны бар Алматы қаласында жалпы саны 500 мың автокөлік тіркелген. Қала ішіндегі 196 бағыт бойынша жолаушы тасымалы қызметімен айналысатын 49 автокөлік кәсіпорындары жұмыс істейді.
XS
SM
MD
LG