Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.04.2008 жыл


Жұма күні жарыққа шыққан бірқатар басылымдар өткен жылға қортынды және басталған жылға Қазақстан экономикасы мен қаржы саласының тыныс-тіршілігіне болжам жасаған материалдар басыпты. Газеттердің бірінде «Дүние жүзінде өз тілінде сөйлемейтін жалғыз мемлекет бар. Ол – Қазақстан» десе, енді бір басылымдар Қазақстанда «үш тұғырлы тіл» саясаты пәрменді түрде жүзеге асып отырғанын жазыпты.

«Караван» газеті басты мақаласын Қазақстан Ұлттық банк төрағасы Анвар Сайденовпен жасаған сұхбатына арнапты. Ол мақалада Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда өткен жылы ешқандай дағдарыс болмағанын айта отырып, келесі жылғы ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 5-7 пайыз көлемінде болар деген болжам айтыпты. Бұл болжам өткен жылғы ішкі жалпы өнім өсу қарқынынан едәуір төмен болғанымен, бәрібір өсім болады дейді банк төрағасы. Сонымен қатар ол халықаралық агенттіктердің Қазақстанның белді деген банктерінің рейтингін төмендетіп тастағаны туралы өз ойын қорыта келіп, Қазақстанның банктері келесі жылы шет елдік банктерден алған 12 миллиард доллар қарыздарын қайтаруы керек, сондықтан халықаралық агенттіктер өздерін қауіпсіздендіру мақсатында «артық айтып, семіз шықсын» деген саясат ұстанып отыр депті. Сондай-ақ ол өткен жылғы АҚШ-тағы ипотекалық несие дағдарысы Қазақстан экономикасына сергітерлік әсер етті депті. Ол алдағы жылдары осындай әлемдік тербелістердің экономикаға ауыртпалығын азайту үшін арнайы заң қабылдап, банктерді қандай да соққыдан арашалаудың жолдары қарастырылып жатқанын айта келіп, қазақстандықтарды қанағаттыққа шақырыпты.

«Жас алаш» газеті экономикалық болжамында «2008 жылы ірі қаржы дағдарысы болмайды. АҚШ қазіргі қиын жағдайдан шығады... Мұнай бағасының қымбаттауы жамандықтың белгісі емес, керісінше әлемдегі экономиканың өсу қарқынының нышаны» деп, мақала авторы әлемдік басылымдардағы осы жылға жасаған сарапшы болжамдарын қорытыпты. Сонымен қатар мақала авторы кейбір батыс сарапшыларының пессимистік болжамдары да бар екеніне тоқтапты. Осы газетте белгілі саяси сарапшы Берік Әбдіғалидың «Қазақ өзін елдің егесі, жердің қожасы ретінде сезіне бастады» деген мақаласы басылыпты. Онда автор «Ұлтаралық татулық пен келісімді қолдан жасауға болмайды екен. Мемлекетті құраушы ұлттың мүддесін бәрінен жоғары қойып, сол ұлттың өсіп-өркендеуі үшін қызмет етпеген мемлекеттің тұғыры да берік болмайды екен. Ұлт мәселесі көзжұмбайлықты көтермейді. Өткен жылдың бізге берген ең үлкен сабағы осы» деп ой қорытыпты.

«Казахстанская правда» газеті мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың бірқатар қоғам, мәдениет қайраткерлері мен білім беру саласы өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыстағанын жаза келіп, 1-ші қаңтардан бастап зейнетақы көлемінің ұлғайтылатыны туралы қаулыны басыпты.

Ал «Егемен Қазақстан» ол қаулының қазақшасын баспапты. Есесіне, «Бәрекелді!» деген айдармен «Мемлекеттік тілге деген құштарлық» деген мақалада Петропавлда ұлты қазақ емес жатардың арасында қазақ тілінен жарыс болғанын жазып, қазақстандық жаңа ұрпақ алдағы уақытта кем дегенде үш тілді еркін меңгерген жастар болмақшы депті.

«Қазақстан-zaman» газетінде ұлты өзбек, мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадовтың «Дүние жүзінде өз тілінде сөйлемейтін жалғыз ғана мемлекет бар. Ол – Қазақстан» деген үлкен мақаласы жарияланыпты. Онда ол үкімет басшысы Мәсім Кәрімовке тілге байланысты бірнеше сауал қоя отырып, «бүкіл әлемде өз тілінде сөйлемейтін, өз тілінде іс қағаздарын жүргізбейтін жалғыз мемлекет Қазақстан бұл кешірілмес кемшілігінен қашан арылады?» деп сұрапты. Сонымен қатар газет «Тіл майданы: Оян қазақ!» акциясын өткізіп жатқандығын жаза келіп, осы мәселеге байланысты бірқатар қоғамға танымал тұлғалардың пікірлерін беріпті.
XS
SM
MD
LG