Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.05.2008 жыл


Сенбі күні жарыққа шыққан бірқатар басылымдар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Рождество мейрамы қарсаңында православие дінін ұстанатын қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтауын басыпты. Сондай-ақ, елде тұңғыш рет орыс ұлт өкілдерінің арасында өткізілген «Тіл – халық жанының кілті» атты республикалық конкурсқа байланысты мақала және Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне байланысты бірқатар қоғам өкілдерінің ойтолғаулар топтамасы жарияланыпты.

«Вечерний Алматы» газеті басты мақаласын Алматы жұртшылығын елең еткізген бірқатар қоғамдық көлік маршруттарында жолақының 60 теңге боп қымбаттауына байланысты наразылық білдірген көпшілік пікірі мен осы саланы басқаратын қалалық әкімшілік өкілінің және автопарк жетекшілерінің пікірлерін жариялапты. Онда «Қазір жолаушылар тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың көпшілігі жекешеленіп кеткен. Олар жолақысын көтеруге жанармай, автобөлшектер мен материалдардың қымбаттауына байланысты барып отырғандығын айтады» деп жазады «Вечерний Алматы» газеті. Басылым «қала әкімшілігінің араласуымен баға қайтадан бұрынғы 40 теңге көлеміне түсірілді, оған наразы болған бірқатар парктың жүргізушілері наразылық ереуілге шықты» деп жазады. Осы газет «жолақы сәуір айына дейін ғана 40 теңге көлемінде қымбаттамай тұра алады» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті «Алматы қаласындағы Жолаушылар тасымалдау кәсіпорындары қауымдастығы қалалық мәслихат пен әкімдіктің рұқсатынсыз, өзім білермендікке барып жолақыны қымбаттатып отыр» деп жазады.

«Казахстанская правда» газеті мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындығымен тұңғыш рет орыс ұлт өкілдерінің арасында өткізілген «Тіл – халық жанының кілті» атты республикалық конкурсқа байланысты конкурс ұйымдастырушысы әрі комитет төрағасы Ерден Қажыбекпен сұхбатын жариялапты. Мақалада, Қажыбек мырза, бұл конкурс мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев пен «Русская община Казахстана» қоғамдық ұйымының төрағасы Юрий Бунаков арасындағы қол қойған «өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум» арқасында жүзеге асқанын айта келіп, «қазір мемлекеттік тіл өте зор әлеуметтік интеграция құралы екенін бәрі түсінді. Және оны қазір тек мансап жолымен көтерілу не мемлекеттік қызметке кіру құралы деп түсінбейді. Қазақ тілін білу бір жағынан осы жерге, осындағы елге, тарихына көрсетілген құрмет болса, екінші жағынан Қазақстанның болашағына көрсетілген сенім» деп ой қорытады. Сөйтіп, «Казахстанская правда», «Қазақ тілі конкурсының гран-при жүлдесінің жеңімпазына 250 мың теңге сыйақы, бірінші орыға 200 мың, үшінші орынға 100 мың теңге сыйақы берілгенін жазыпты. Сонымен қатар газет белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың 65 жасқа толуына орай мақала басыпты.

Ал «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық етуіне байланысты бірқатар қоғам өкілдерінің жариялаған ойтолғаулары топтамасында Атырау облысынан аудандық мәслихатының хатшысы Толқын БЕЙІСҚАЛИ: «Бұл европалықтардың Қазақстан басшылығына көрсеткен шынайы сенімі. Ал жауапкершілікті сезіне алу мен сенімге лайық болу екінің бірінің қолынан келе бермейді» десе, Семейлік соғыс және еңбек ардагері, тарих ғылымының кандидаты Сержан РАМАЗАНОВ: «Кешегі кеңес заманында бұл түске де кірмейтін шаруа еді. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымына Кеңес Одағынан Ресейден бөлек Украина мен Белоруссия ғана мүше болды. Ал солардан Қазақ елінің несі кем еді?! Сондықтан бүгінгі күнге тәубе деуіміз керек. Әрине, алмақтың да салмағы бар деген. Бұл жауапты міндеттің жауапкершілігі де жоғары. Ендеше, соған бүкіл ел болып қазірден дайындала бастауымыз қажет. Осындайда досқа күлкі, дұшпанға таба болмайық, ағайын дегім келеді» деп ой тұжырымдапты.

Сондай-ақ «Казахстанская правда» газеті Валют-Транзит банктың бұрынғы төрағасы Андрей Беляев, яғни Айтбақы Белялов пен оның серіктерінің үстінен басталған сот ісінің аяқталып, банк төрағасы шартты түрде екі жылға сотталып, оған 220 мың теңге айыппұл салынғаны, ал оның серіктері де әртүрлі шартты мерзімдерге сотталғаны туралы мақаламен қатар, Тараз қаласының уақытша түрмесінен жаңа жыл қарсаңында «Абдуали» және «Қырықбаевтар» қылмыстық топ мүшелерінің параға сатылған түрме басшылығының ұйымдастыруымен қашып шығып, олардың екеуі қайтадан тұтқындалғанымен Қайрат Қырықбаев із-түзсіз жоғалып кеткенін жазыпты.
XS
SM
MD
LG