Accessibility links

Қазақстанның қаржы полициясы оппозициялық басылыммен дауласып жатыр


Қазақстанның экономикалық және сыбайласқан қылмысқа қарсы агенттігі оппозициялық «Республика» газет редакциясына сотқа дейінгі талап хат түсірді. Аталмыш агенттік басылымнан өткен жылғы желтоқсан айының 7-сінде жарық көрген «Егер бұйрық берсе президентті де ата ма?» деген мақаланы теріске шығаруды талап етіп отыр. Ал «Республика» басылымының заңгері Сергей Уткин: «Қаржы полициясына не ұнамай отырғандығы бізге белгісіз. Басылым бетінде жарық көрген мақаланы түгелдей теріске шығару мүмкін емес», дейді.

Былтыр желтоқсан айында «Республика» газетінде жарық көрген «Егер бұйрық берсе президентті де ата ма?» деген мақала шындыққа сәйкеспейді деп басылымнан оны газет бетінде теріске шығаруды талап еткен хатқа экономикалық және сыбайласқан қылмысқа қарсы агенттік төрағасының орынбасары Кожамжаров қол қойған. Талап хатта: «Мақала авторының қаржы полициясына қатысты ойдан келтірген деректері шындыққа сәйкеспейтіндіктен бұл Қазақстан президентіне тікелей бағынатын мемлекеттік органның абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді» дей келіп, әлгі мақаланы жақын уақытта басылым бетінде жоққа шығаруды талап еткен. Ал егер басылым мақаланы жоққа шығарудан бас тартса, онда агенттік мемлекеттік органның абыройы мен іскерлік беделін сот арқылы қорғайтындықтарын ескерткен. Осыған орай экономикалық және сыбайласқан қылмысқа қарсы агенттігіне хабарласқанымызбен олардан қандай бір түсінік алу мүмкін болмады.

«Республика» басылымының заңгері Сергей Уткин сейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген түсініктемесінде:

«Мақалада қаржы полициясына ненің ұнамай отырғандығы бізге түсініксіз. Себебі, мақала өте көлемді. Ол жерде қаржы полициясы мен жалпы құқық органдарына қатысты жайттар айтылады. Сондықтан басылым қаржы полициясына не ұнамай қалғандығын, жарияланған қандай деректер шындыққа сәйкеспейтіндігін анықтауды сұрап хат жолдамақпыз. Ал олар болса жалпы материалды теріске шығарыңдар дейді. Бүкіл материалды жоққа шығару мүмкін емес», 2007 жылдың желтоқсан айының 7-сі күні «Республика» басылымында жарияланған «Егер бұйрық берсе президентті де ата ма?» атты мақалада Қаржы полициясы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, президенттің күзет қызметі сынды мемлекеттік құқыққорғау құрылымдары атына бірқатар сындар айтылады. Мақалада: «Экономикалық және сыбайласқан қылмысқа қарсы агенттігінің қызметкерлер бизнес саласында өздеріне пара алу мен қанау арқылы табыс табуда, бұған өздері арланбайды да», деген жолдар бар, -деді.

Қазақстанда сөз бостандығына бақылау жүргізетін халықаралық Әділ сөз қорының президенті Тамара Калеева:

«Қаржы полициясының талабы жасанды дер едім. Олар негізсіз мәселелерді алға тартып оппозициялық басылымға қысым жасап отыр. Өйткені, естеріңізде болса, өткен жылдың күзінде оппозициялық газеттерге қаржы полициясынан тексерулер келіп, баспаханалар осы басалымдары басып шығарудан бас тартып, кейін министр Ертісбаев оппозициялық басылым редакторларымен кездесіп, саудаласқаннан кейін жағдай реттелген болатын», - дейді.

«Республика» басылымының заңгері Сергей Уткин: «Ендігі қадамымыз басылымның қаржы полициясына жолдаған хаттың жауабына байланысты болады», деп отыр.
XS
SM
MD
LG