Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.08.2008 жыл


Сейсенбі күні жарыққа шыққан бірқатар басылымдар келген тышқан жылына арналған болжамдарын жазса, кейбір басылымдар Алматыда Рахат Әлиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша аяқталып келе жатқан сотқа байланысты ой қорыту мақалаларын басыпты. Ал тағы бірқатар баслымдар Грузияда өткен президенттік сайлау нәтижесіне де тоқталыпты.

«Жас алаш» газеті басты мақаласын жексенбіде Грузияда өткен президенттік сайлау нәтижесіне арнап, «Грузин халқы Ресейшіл күштерге ырық та, тізгін де берген жоқ» деп атапты. Ол мақалада автор Михаил Саакашвилидің 52 пайыздан артық дауысқа ие боғанын және оппозиция жетекшісі Леван Гачечиладзенің 30 пайызға жуық дауыс алғанын айта келіп, «Грузия мен Ресей қарым-қатынасының 500 жылдай тарихын ескерсек, Грузия оппозиционерлері бір сөзбен айтқанда «ресейшілдер», «орысшылар» деп айтуға әбден болады. Бірақ, әділ өткен президенттік сайлауда Грузия халқы орысшылдық бағыттан гөрі тәуелсіз еркін бағытты қалады» деп ой қорытады. Газет сондай-ақ жалпы сайлаудың әділ өткендігіне мысал ретінде Михаил Саакашвилидің «ТМД елдерінің бірде-бірінде президенттік сайлау кезінде оппозиция өкілі 30 пайыз дауыс жинай алған емес! Осының өзі-ақ Грузиядағы сайлаудың әділ, демократиялық сипатта өткенін білдірсе керек» - деген сөзін келтіреді.

Сонымен қатар «Жас алаш» газеті «Тышқан жылы тышқаншылап кетпейміз бе?» деген мақаласында өткен жылғы Қазақстандағы инфляция мен үстіміздегі жылда инфляция қарқыны қандай болмақ деген сауалға үш экономист ғалымның пікірін беріпті. Мақала авторы Жұлдыз Әбділда «өткен жылғы инфляцияның мөлшерін келіннің бетін жапқандай өлгенше жасырған үкімет ақырында оның 17,5 пайызға жеткенін мәлімдеді. Бұл ресми көрсеткіш. Әйтпесе 17,5 пайыз деген айсбергтің көзге көрінетін бөлігі ғана» десе, экономист ғалым Қанат Берентаев былтырғы инфляция мөлшерін 30 пайыз деп, ал үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 20 пайыз мөлшерінде болады деген болжам білдіреді. Тағы бір ғалым, Оразалы Сәбден Қазақстандағы экономикалық ахуалды саралай отырып, «Алматы түгілі, Астананың өзінде құрылыс тоқтап тұр. Ауылдың жағдайы ауырлап барады. Қабылданып жатқан бағдарламалардың саны жағынан Қазақстан дүние жүзінде бірінші орын алады. Ал олардың сапасы мен орындалуы қалай? Оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ» деген тұжырым айтады.

Қазақстан коммунистерінің «Правда Казахстана» газеті Алматыда аяқталуға таяп қалған Рахат Әлиевтің сотының қалай өтіп жатқанына қортынды жасаған мақаласында сотқа көптеген куәлардың шақырылмай қалғанын айтады. Автор мақаласында «халық биліктің іс-әрекетіне таң қалуын қойды» дей келіп, «сотты қалай аяқтарын билік те білмейді, одан Рахат та қорқып отыр» деген тұжырым жасайды.

Ал «Жас алаш» газеті осы тақырыптағы мақаласын «оқиғаның бел ортасында жүрген Нұрәлі Әлиев неге сотқа шақырылмады? Неге Дариға Назарбаева, генерал Курбатов сотқа куәгер ретінде болса да шақырылмады?» дей келіп, «сот болса аяқталуға жақын, бірақ Темірәлиев пен Хасенов әлі табылған жоқ» деп аяқтайды.

Сондай-ақ zonakz.net интернет-сайты «қазіргі Қазақстан парламентін журналистер өзара «үнсіз парламент» деп атап кетті деп жазыпты. Автор өз мақаласында «егер депутаттар мәжіліс отырыстарына келгісі келсе келіп, келгісі келмесе келмей жүрсе, парламенттің пайдалы коэфициенті қандай?» деп сұрайды. Сонымен қатар осы сайт 2007 жылы бүкіл дүние жүзінде 86 журналист қаза тауыпты деген «Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымының мәліметін беріпті. Бұл ұйымның мәліметі бойынша, былтыр интернетке ең қатал бақылау орнатқан ел - Қытай екен де, онда 2500-дей сайт жабылып, 50 шақты блоггерлер қамауға алыныпты.
XS
SM
MD
LG