Accessibility links

Қытай вагондары жолаушылар денсаулығына зиянды ма?


Жаңа жыл қарсаңында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат берген Қазақстанның санитарлық бас дәрігері Анатолий Белоног мырза Қазақстанға әкелініп, қазір елде темір жолмен жолаушылар тасымалына пайдаланылып жатқан қытай вагондары адам денсаулығына зиянды заттар бөлуде, егерде қауіптілігі жағынан айтар болсақ, бұл екінші дәрежедегі улы химиялық заттар бөліп шығаруда деген мәлімдеме жасап, дабыл қаққан болатын. Осы қытай вагондарына тапсырыс беру, оны сатып алу, елге әкелу жұмысына қатысты мемлекеттік тендерді жеңіп алған «Астана-Финанс» лизингтік компаниясы мен «Жолаушылар тасымалы» компаниясының басшылары сәрсенбі күні Алматыда БАҚ өкілдерімен өткізген бас қосуда Республикалық санитарлық бас дәрігер А.Белоног және осы мекеменің басқа мамандарының қытай вагондарына байланысты айтып жүргендері шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

«Астана-Финанс» лизингтік компаниясының директорлар кеңесінің төрайымы Эльмира Ибатуллинаның айтуынша, Қазақстанның Қытайдан сатып алып отырған бұл вагондары Қытайдың «Тянь-Шань» атты әйгілі вагон жасау зауытында жасалған екен.

«Бұл зауыттың жасаған вагондары АҚШ секілді әлемнің көптеген елдерінде қолданыста жүр. Ал Қазақстанға келер болсақ, қытай вагондарын бірден сатып алмас бұрын ішінде санитарлық дәрігер мамандар бар арнайы топ Қазақстаннан Қытайға барып, зауыт жағдайымен танысып, вагондарды жасау барысында қолданатын түрлі химиялық заттар, полимер заттарды тексеріп, олардан сынама алып қайтқан болатын. Сол дәрігерлер елге келген соң зертхана қортындысы туралы ешбір ақпарат жария етпеді. Ал енді міне вагондар сатып алынып, қолданысқа енген соң барып айқай-шу шығара бастады. Бұның сырын түсіну біз үшін қиын болып тұр», - деді ол.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің көліктегі санитарлық эпидемологиялық бас басқармасының бастығы Кенжебек Шайсұлтанұлының айтуынша, осы мекеменің дәрігер мамандары қытай вагондарында адам денсаулығына зиянды фенол, формальдегид секілді химиялық улы заттардың деңгейі болуға тиісті нормадан 1,2-5,3 есе көп екендігін анықтаған. Сондықтан бұл вагондарды пайдалануға болмайтындығын айтып «Қазақстан темір жолы» компаниясына кезінде ескертіпті. Бірақ оны тыңдаған ешкім болмады, ақыры бұл мәселені ақпарат құралдары арқылы айтуға мәжбүр болдық дейді ол.

Жуырда Алматы-Ақтөбе бағытымен осы қытай вагондарында жол жүрген 377 адамның 45-і бастарының ауырғанын, қан қысымдарының көтерілгенін, ауа жетіспеушілігі болғанын айтты, бұл вагондағы улы заттардың тікелей адам денсаулығына әсер етіп жатқандығының көрінісі дейді ол.

Ал «Астана-Финанс» лизингтік компаниясының төрайымы Эльмира Ибаттулина болса, Республикалық СЭС мекемесінде қазіргі заманғы ең озық технологиямен жабдықталған зертхананың жоқ екендігін, ондағы ескі хроматограф құралы вагон ішіндегі ауадан улы газдарды дәл анықтап шыға алады дегенге өзінің үлкен күмәнмен қарайтындығын айтады.

Сонымен, қытай вагондарына қатысты бұл даудың әзір біте қояр түрі жоқ. Ал жолаушылар мінгізген қытай вагондары Алматы-Ақтөбе, Алматы-Атырау бағыттарында зымырауда. Осы қытай вагондарының бірінде жолсерік болып істеген Ержан Тұрдақұн есімді азамат қытай вагондарының іші кең, жарық әрі жол жүруге жақсы, жайлы екендігін айтады.

«Кейде бір иістер болады, ол - Қытайда өндірілген көпшілік тауар заттарда бола беретін иіс, оған да үйренуге болады. Ал жол жүру барысында басы ауырып, қысымы көтеріліп, денсаулығы нашарлаған жолаушыны кезіктірмедім, көрмедім», - дейді ол.

«Астана-Финанс» компаниясының басшылары өз жұмыстарына әдейі кедергі келтіріп отыр деп, Республикалық СЭС мекемесінің бірқатар басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрап қаржы полициясына шағым беріпті. Сондай-ақ осы қытай вагондарына қатысты дау-дамайға араласып, мәселені шешіп беруді сұрап Қазақстан үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовке ресми хат жолдап отыр.
XS
SM
MD
LG