Accessibility links

Жол үстінде ұялы телефонмен сөйлескен жүргізуші айыппұл төлеп әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстан жол полициясы жол апаттарын азайту мақсатында көлік жүргізіп келе жатып мобильді телефонмен сөйлескен жүргізушілерге шара қолдану туралы бастама көтеріп отыр. Жол комитеті ұсынып отырған заң жобасы қабылданатын болса көлікте келе жатып ұялы телефонмен сөйлескен жүргізушіге 5 мың теңге көлемінде айыппұл салынбақ, сонымен қатар жол ережесін бұзған жаяу жүргінші де әкімшіліке жауапқа тартылатын болады. Жол полициясының бұл бастамасын қарапайым азаматтар қолдағанымен, оның жүзеге асатындығына сенімдерінің аз екендігін айтып отыр.

Қазақстан жол полициясының жол апаттары мен адам өліміне соқтыратын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жол ережесін бұзған жүргіншілерге шара қолдану туралы дайындалған заң жобасы қазір қабылданған жоқ. Алматы қалалық жол полициясының ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің инспекторы Болатбек жол үстінде жүргізушілерге ұялы телефонмен сөйлесу жол-көлік оқиғасын тудырудың бірден-бір себебі екенін айтады.

«Негізгі сараптама бойынша, жол-көлік оқиғалары жылдамдықты асыра айдау, мас күйінде көлікті басқару сияқты негізгі себептері болатын тараптарға байланысты Жол полициясы комитеті жол апаттарының алдын-алу мен жол ережесін бұзған жүргіншілерге шара қолдану туралы заң жобасын дайындап үкіметке ұсынылған болатын. Бұл заң жобасы қазір қаралып жатыр», дейді Болатбек.

Оның айтуына қарағанда, азаматтар көлік тізгінінде отырып телефонмен сөйлесуді тоқтатса, жол-көлік оқиғаларының саны азаяды. Егер президент қол қойып, заң қабылданар болса жол ережесінің мұндай тәртібіне мойынұсынбағандар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейтін болады. Сондай-ақ жол тәртібін бұзған жаяу жүргіншіде жауапкершіліктен тыс қалмайды.

Жол полициясы ұсынып отырған жаңа ереже алматылық жүргізушілер арасында түрлі пікір туғызып отыр. Жүргізушілердің бірі мұндай заң керек десе, енді бірі оның орындала қоятындығына күмәнмен қарайды. Солардың бірі Азамат есімді жігіт:

«Заң керек шығар. Бірақ менің ойымша, сөйлесетіндер сөйлесе береді. Оның үстіне ұсталған жағдайда да полицейлерге ақшасын қыстырып жіберсең жібере береді. Мысалы, жолда жүргеннен кейін жол полицейлері заң бұздың деп тоқтатады. Ақша берсең жібере салады», дейді.

Амандық Сүлейменов есімді автобус жүргізушісі: «Жол-көлік апаттарының алдын алатын қатайтылғын шаралар керек. Мен бұған дұрыс қараймын. Ал, телефонмен сөйлеспей-ақ қойсын. Егер дауыс ұлғайтқышы болса онда сөйлесуге болады. Ал айыппұл салу дегенді түсінбеймін. 5 мың деген өте көп. Оны кез-келген жүргізушінің қалтасы көтере бермейді. Ескерту есебінде 1-2 мың теңге айыпппұл салсын», дейді.

Алайда Қазақстанда қабылданған заң тек қағаз жүзінде ғана қалатынын еске түсірген Амандық Сүлейменов бұл заңда тек жол полициясы қызметкерлерінің жеке қалтасына қызмет етуі мүмкін дегенді айтады. Оның пікіріне қарағанда, полицияның барлығы ақша алады. Олардың әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Қазақстан қоғамын коррупция жайлап алған. Бұл коррупция полицияда да бар.

Ал Темір Тектібаев есімді азамат: «Қалада көлік жүргізбек түгілі жаяу жүрудің өзі қауіпті. Жол полициясы дұрыс бастама көтеріп отыр, ұялы телефон, көлік салондарындағы мониторлар жүргізушіні қатты алаңдатып апаттарға соқтырып жатады. Бұдан адамдар өлімі орын алады», дейді.

Ресми мәліметке жүгінер болсақ, 2007 жылы тек Алматы облысы бойынша шамамен 2 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның жартысында адам өлімі орын алған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, сенбі күні кешке 21.00 мен 22.00 аралығында апаттар басқа уақыттарға қарағанда көп болады екен.
XS
SM
MD
LG