Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.11.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі апталық басылымдарда Қазақстан экономикасынынң мән-жайына арналған күдік пен үміттері туралы материалдар басыпты. Сонымен қатар бірқатар газеттер АҚШ сенаторы Ричард Лугардың Қазақстанға сапарын атап өтсе, мәдениетке арналған мақалаларда тіл тағдыры, қазақ киносы, теледидар өнімдерінің бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдіріпті.

Қазақстан экономикасының мәселесі алаңдатқан ресми басылымдар үкімет басшысының соңғы жасаған мәлімдемесін түсіндіріп жатыр. «Егемен Қазақстан» «осы аптаның ең үлкен оқиғасы Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің 2008 жылға арналған экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі» деп оны «мәні зор мәлімдеме» деп атапты.

«Казахстанская правда» болса, үкімет басшысының мәлімдемесін талқылау нәтижесін «оптимистік, көңіл қуантарлық ахуал» деп бағалапты. Сөйтіп, тағы бір мақаласын «Қазақстанның 50 дамыған деген мемлекеттер қатарына қосылуына елеулі үлес қосып отырған Алматы» деп, оған арнаған мақаласын «Болашаққа ұмтылған қала» деп атап, Алматы шағын бизнес астанасы, бұл жерде 210 мың адам осы салада жұмыс жасайды», «қалалықтардың орташа жалақысы соңғы үш жылда екі еседей өсіп, қазір 77 мың теңге боп қалды. Осы уақыт аралығында 43 мың жұмыс орны пайда болды» деп жазыпты.

Ал «Новое поколение» газеті «соңғы уақытта Алматыдағы Сейфуллин даңғылының бойындағы жұмыс іздеп тұрғандар легі күрт өсіп кетті. Оған себеп - құрылыс орындарында жұмыс тоқтап, жалақысыз қалғандар қайтадан Сейфуллин даңғылын жағалауды бастады» деп жазған. Мақала авторы «егер 2006 жылы Алматыға келген шетелдік азаматтар саны 123 мың болса, былтыр олардың саны 225 мыңнан асыпты, ал ішкі миграцияны ешкім есептеп жатқан жоқ. Сондықтан да қалада болып жатқан бұзақылық пен қылмыстың 70 пайыздайы сырттан келген, іштегі мигранттар үлесіне тиеді» деген қалалық ішкі істер департаментінің мәліметін беріпті.

«Деловая неделя» апталығы экономикалық сараптамасын «Болжам көңіл қуантарлық болмаса да даурықпа сақталып отыр» деп тұжырымдапты. Сонымен қатар осы газет редакторлық бағанасында «Биліктің қазіргі іс-шарасы дағдарысқа қарсы бағдарлама ретінде аутотренинг ұсынып отырғанға ұқсайды» деген ой айтып, «үкіметтің дағдарыс жоқ, бәрі жақсы деген мәлімдемесін, дұғадай қайталамаған басылымдарға билік кейде реніш білдіріп, «қайықты шайқамаңдар» деген ескерту айтады. Ал шын мәнінде бюджеттен қаржыландырылмайтын басылымдардың міндеті – қоғам айнасындай боп, көкейдегі күдік пен үмітін ашып көрсету» деп тұжырымдапты.

«Егемен Қазақстан» «Өзінікін өзекке теуіп, өзгенікіне қол жайған» деген мақаласында «отандық кино және телеиндустрия құлағын ұстағандардың ұстанымдары түсініксіз» деп, осы мәселені көтерген депутат алаңдаушылығына арнапты. Онда депутат «отандық телеарналар өз туындыларын жасаудың орнына дайын ресейлік өнімдерді көрсете салуды дағдыға айналдырып барады. Ал ресейлік эфирде балғындардың санасын улайтын фильмдер өте көп. Осының салдарынан балалар кейбір жағымсыз кейіпкерлерді пір тұта бастады» деп алаңдаушылық білдіріпті.

«Республика» газеті «Жүйенің шатасуы ма, әлде ықпал үшін соғыс па?» деген мақаласын мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақпаевтың президентке жасаған мәлімдемесіне арнапты. Онда дептутаттың «арнайы қызмет орындары мен күш көрсету құрылымдарының Рахат Әлиевтың іс-әрекетіне көзжұмбайлықпен қарауын тоқтату керек! Жемқорлыққа қарсы нақты шаралар керек» деген мәлімдемесінің астарында не жатыр деп, мақала авторы бірқатар сарапшылардан пікір сұраған екен. Оған саяси сарапшы Бөріхан Нұрмұхамедов: «Сәттің мәлімдемесіне «Нұротандықтар» «алдымен фракцияның ішінде талқылап алу керек еді» деп реніш білдіргенінің өзі, «Нұр-Отанның» қолдан құрылған борпылдақ құрылым екенін көрсетеді. Мақсат - елдегі ықпалды топтардың бәрін бір шатырдың астына жинап, оған партия деп ат беріп, партия қызметін осы ықпалды топтар мүддесін реттеуіш тетік ретінде пайдалану еді. Сәттің мәлімдемесі бір партиялық құрылымның дағдарысын көрсетеді. Одан басқа бұл мәлімдеменің астарында ықпалды бір топтың алға шығып кетпеуі үшін екінші топ оған қысымы көрсетіп жатқанының айғағы» деп ой қорытыпты.

«zonakz.net» сайтында экономикалық сарапшы Қанат Берентаев «Доллардың және біздің күніміз не болмақ?» деген мақалада «АҚШ долларының 70 пайыздайы - сыртқы мемлекеттерде. Яғни, әлем экономикасы долларланған, ал қазір доллар құнсызданып барады. Сондықтан да мұнай бағасы аспандап тұр. Бірақ әр кез экономист ғалымдар оның себебін Қытайдың мұнайға деген сұранысының артуымен, Европадағы басталған суықпен түсіндіргісі келеді, ал шын себебін сөйтіп бүркемелейді. Шын мәнінде Қазақстан Ұлттық банкі елдегі қаржылық ахуалды басқара алмайды, оны АҚШ-тың федералдық резерв жүйесі басқарады. Себебі, ел экономикасы тым долларланған. Бұл жақсылыққа апармайды» деген ой айтыпты.

«Айқын» газеті Бен Ладен және Саддаммен болған сұхбатын жарялапты. Бірақ ол тұлғалар Қазақстанның Қызылорда облысында туған, мектеп жасына кеп қалған балғындар екен.
XS
SM
MD
LG