Accessibility links

Абай көмір шахтасындағы жарылыс салдарынан жер астында қалған 23 кенші өлдіге саналып отыр


Қаңтардың 11-і күні таңертең Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында болған жарылыс салдарынан жарақат алған 14 кенші мен қаза болған 7 кеншінің денесі жер бетіне шығарылған соң, жер астында қалып қойған 23 кеншіні құтқару жұмыстары нәтиже бермеген соң, олардың тірі қалуы мүмкін емес деп хабарланып отыр.

Бұл жөнінде «Азаттық» радиосына дүйсенбі күні айтқан Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бас маманы Жетпісбай Рахметуллин төтенше оқиғаға байланысты құрылған үкіметтік комиссия қаңтардың 13-і күні кеншілерді құтқару жұмысын тоқтатуға шешім қабылдағанын хабарлады. Ол метан газының жарлысы салдарынан шахтаның жер астындағы көмір қабаттарында пайда болған аса жоғары қызулы температура жағдайы құтқару жұмыстарына кедергі жасағандықтан шахтаға су жіберіле бастағанын жеткізді.

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко басқарған үкіметтік комиссия жер астында қалып қойған 23 кеншінің 3 күні бойы табылмағанын және алдағы құтқару жұмыстарының қиындығын ескере отырып оларды өлген адамдарға санау туралы шешім қабылдапты. Жарылыс кезінде шахтада болған 195 адамның 161-і құтқарылып, қаза болған алғашқы 7 кеншінің қатарына енді жер астында қалып қойған 23 адамды қосып, сонымен құрбан болғандар саны 30 адамға жетті деп саналып отыр. Ал жарақат алған кеншілердің саны 14 адам.

Бұл жарақат алған кеншілер Абай қаласындағы ауруханада және Қарағанды қаласындағы клиникалық ауруханада емделіп жатыр. Осы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Аманжол Апырайымов жарақат алған кеншілердің басым бөлігінің денсаулық жағдайлары ауыр қалде екенін айтты.

«Қазір оларды шок жағдайынан шығару үшін дәрігери көмектер беріліп жатыр», - деді ол «Азаттық» тілшісіне.

Абай қалалық әкімдіктің аппарат жетекшісі Қарлығаш Мүсілімова жарылыс салдарынан қаза болған кеншілердің әр отбасына және зардап шеккен кеншілерге әлеуметтік көмектер беру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Дүйсенбі күні Абай қаласына келіп, қаза болған кеншілерді жерлеу рәсіміне қатысқан «Арселор Миттал» компаниясының директорлар кеңесінің президенті әйгілі миллиардер Лакшми Миттал шахтадағы жарлыстан қаза болған әрбір кеншінің отбасына компания 10 жылдық жалақы көлемінде ақша төлейтіндігін, ал зардап шеккен кеншілерге 5 жылдық жалақы көлемінде ақша төлейтіндігін айтып, бұны компания бір айдың ішінде орындайтынына уәде еткен.
XS
SM
MD
LG