Accessibility links

Халықтық коалиция қазіргі парламентті таратуға ықпал жасай алады ма?


Өткен жылдың аяғында Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбай елдегі саяси, қоғамдық ұйымдардың жетекшілеріне халықтық коалиция құру жөнінде ұсыныспен шыққан еді. Таяуда бірқатар саяси партиялардың жетекшілері биресми түрде бас қосып, халықтық коалицияны құру жөнінде кеңес өткізіпті. Мәліметтерге қарағанда, «Нағыз Ақ жол» партиясының лидерлері ең бірінші жұмысты қазіргі парламентті таратуға ықпал жасаудан бастау керек деген ұсыныс білдірген. Алайда, олар толыққанды шешім шығармаған. Жалпы Қазақстандағы қазіргі билікке қарсы саяси күштер жұмылып жұмыс істесе, «НұрОтаннан» құралған парламентті таратуға ықпал жасай алады ма?

Халықтық коалиция құру жөнінде бастама көтерген Қазақстанның жалпы ұлттық социал демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай жаңа жылдан кейін бірқатар саяси партиялардың жетекшілерімен биресми түрде жиналып, істі неден бастау керек жөнінде кеңесу өткізгенін жасырмайды. Бірақ әзірге нақты шешімге келмегендіктен, өзара бұқаралық ақпарат құралдарына жарияламау жөнінде келісімге келген.

Жармахан Тұяқбай саяси күштердің басын қосуға себеп болып отырған, қазіргі биліктің іс-әрекеті дейді. Оның сөздеріне қарағанда, билік саяси күштерді қорқытып-үркітіп, бірігулеріне кедергі жасап отыр:

- Бүгінгі біздің билік саяси партиялар болсын, қоғамдық ұйымдарды болсын жеке-жеке бір нәрсеге қызықтырып сатып алады, не болмаса қорқытып, үркітіп, қудалау аппаратын қосып, әл бермей келе жатыр.

Ал елдегі саяси, экономикалық дағдарысты, келеңсіз жағдайларды тоқтатуға қарсы әрекет жасап, бірге күресетін болсақ оны алмайтын қамал жоқ дейді Жармахан Тұяқбай:

- Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс жасайтын болсақ, әрине билікке де ықпал етуге, халықаралық деңгейде де көзқарасымызды білдіруге толық мүмкіндік болар еді.

Өткен жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін елде болған парламент сайлауының нәтижесінде, заң шығару билігіне жүз пайыз президентік «НұрОтан» партиясының өткені белгілі. Енді Жармахан Тұяқбайдық құрып отырған халықтық коалициясы халықтық паламенттің рөлін атқарамыз деп отыр. Олар алғашқы жұмыстарын да әділетсіз өткен қазіргі мәжілісті таратуға ықпал жасаудан бастамақ. Ал мәжілістегі «НұрОтан» партиясының мүшесі Асқар Бисенбаев,оппозциялық күштер елдегі дағдарысты тоқтатуға көмектесеміз десе, парламент жанынан құрылған қоғамдық палатаға қатысулары керек еді дейді. Ал парламентті таратудағы ықпалдылығы оппозициялық күштердің өздеріне байланысты дейді Мәжіліс депутаты Асқар Бисенбаев:

- Қазақ айтады ғой, «жеңілген күреске тоймайды» деп. Жеңілген адамдардың барлығы жеңгенді таратамыз деген мәселе көтере беретін болса, өдерінің еркінде. Бірқ олардың қашалықты шамалары етеді, сосын заңға қаншалықты сәйкес келеді, соған байланысты.

Халықтық коалицияны құру кеңесіне қатысқан саяси партияның жетекшілері биресми бас қосуды баспасөзге жарияламаймыз деп келіссе де, экс -сенатор Зәуреш Батталова бір басылымнан оқып қойғанын айтады:

- Екі Коммунистік партия - С.Әбділдин мен В.Косаревтің партиялары кіріп отыр. Сосын кезінде бөлініп кеткен «Ақ жол» мен «Нағыз Ақ жол» партиялары да кіріп отыр екен. Ал «Руханият», «Ауыл» партияларын алатын болсақ, бұлар биліктің сөзін сөйлейтін партиялар. Негізі бұлардың қосылғанын мен қолдаймын. Бірақ олардың нақты мәселелерді шешу жөніндегі ой пікірлкерінің өз қазірдің өзінде тең емес.

Зәуреш Батталованың айтуынша, халықтық коалицияға кіріп отырған билікке жақын партиялар шын мәнінде ашық жұмыс істеуге дайын емес:

- Ол партиялардың басқа мақсаттары бар. Билікте бір ғана партия бар деген сөзді кішкене тоқтату үшін, басқа да партиялар біріге алады деген іс әрекеттері деп санаймын. Нақты Ж. Тұяқбайдың ұсынысын бұл партиялар қолдап отырған жоқ. Сондықтан да нәтижелері нақты болады деп тағы айта алмаймын.

Ал қазіргі елдегі ахуалды алатын болсақ, сайлау алдындағы бағдарламасын орындай алмағандығы үшін «НұрОтаннан» құралған парламент онсыз да таратылуы тиіс дейді Зәуреш Батталова:

- Парламенттік сайлау өткеннен бастап, «НұрОтан» билікке келгеннен бастап, бағалар өсе бастады. Нақты өзгерістер, нақты шараларды қолдана алмады. Халықтың жағдайы нашарлар барады. Бұған жауапты «НұрОтан» ешнәрсе істей алмай отырғанын халық көріп отыр.
XS
SM
MD
LG