Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.15.2008 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Сейсенбі күні жарыққа шыққан басылымдар Қарағанды облысындағы Абай шахтасында болған қайғылы оқиғаны басты тақырып етіп алыпты. «Айқын» басылымы соңғы санында кеншілердің қайғылы оқиға жөнінде халыққа үндеу жариялауды жоспарлап жатқандығын хабарлапты. Ал «Жас алаш» басылымы болса «Абайдағы апатқа кінәлі кім?» деген сауалға жауап іздепті.

Cейсенбілік санында «Время» басылымы кешелі бері қаза болған кеншілерді жерлеу рәсімдері өтіп жатыр деп жазады. Басылымның жазуына қарағанда, дүйсенбі күні Қарағанды облысына келген «Арселор Миттил Теміртау» компаниясының иесі миллиардер Лакшми Миттал жақындарын жоғалтқан кеншілердің отбасында болып, кеншілерді жерлеу рәсіміне қатысқан. 15 минут қана уақыт бөліп журналистермен тілдескен Миттал мырза төтеден келген апаттың орны толмас өкініш болғанын айтып, тергеу-тексеру жұмыстарынан кейін алдағы уақытта мұндай апаттарға жол бермеуге тырысатындықтарын және апатқа кінәлілер анықталған жағдайда оларды лайықты жазалайтынына уәде берген. Алайда басылым, «Қарағанды шахталарында болған әр жарылыстан кейін Миттал мырза дәл осындай уәде берумен келеді, бірақ кеншілердің опат болуы жалғасуда. Миттал мырза Қарағандыға тек кеншілерді жерлеу үшін ғана келеді» деп жазады.

«Айқын» басылымындағы «Қарағанды қара жамылып тұр» атты мақалада шахта астында қалған 23 кеншіні іздестіру жұмыстарының сәтсіз болғандығы хабарланыпты. Мақала авторы: «Қарағанды облысының әкімшілігі кеншілердің отбасыларымен, ет жақындарымен ақылдаса келе жарылыс болған маңға олар үшін белгітас қою жөнінде шешімге келді. Сондай-ақ Абай шахтасында болған жарылысқа байланысты облыс прокуратурасы (қауіпсіздік ережелерін бұзу туралы) қылмыстық іс қозғады» дей келіп, кеншілердің қайғылы оқиға жөнінде халыққа үндеу жариялауды жоспарлап жатқандығын хабарлапты. «Бір қызығы, компания басшылығы өндірісті 12-ден 17 миллион тоннаға дейін арттырамыз деп бөріктерін аспанға атқанымен, жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін ештеңе жасамаған» деп жазады «Айқын» газеті.

Ал сейсенбілік санында сенбіден бері Қарағанды облысы қара жамылып отыр деп жазады «Жас алаш» басылымы. Облыс аумағында кешеден берi үш күндiк аза тұту жарияланды. Өткен жылы Донецкiдегi Засядько атындағы шахтадағы осындай апаттан кейiн бүкiл Украина мемлекетi аза тұтқанын еске салған мақала авторы: «бiздiкiн қарасаң, Қарағанды бөтен мемлекетте орналасқандай: республикалық теледидар сайқымазақ хабарлары мен киноларын көрсетiп жатыр, мемлекеттiк органдар күнделiктi тiршiлiгiн жасап жатыр» деп жазыпты. Одан әрі «кез келген елде осындай қайғылы, тосын жағдайлардан кейiн мемлекет басшылары апат орнына өздерi барып, адамдармен кездесiп, көңiл айтып жатады. Бiздiң ел басшылығы болса, Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр мен жергiлiктi әкiмдi жұмсаумен ғана шектеледi. Әлде ел басшылары тек мәртебелi жиындарға ғана қатысып, жаңа ғимараттар мен өндiрiс кешендерiнiң ашылу салтанатына бару үшiн ғана керек пе? Басқа жағдайда, әсiресе осындай азалы күндерi оларға елi мен халқының қажетi шамалы ма? Әлде ашынғандардың қатты сөзi мен қарғысынан қорқа ма?» - деген сауал қояды. Сондай-ақ басылым «Абай» шахтасында болған қасiретке байланысты Қазақстанның демократиялық «Нағыз Ақ жол» партиясының мәлiмдемесін жариялапты. Мәлімдемеде партия жетекшілері «Арселор Миттал Темiртау» компаниясының қожайынына ауыр айыптар тағып, миллиардердiң корпорацияға қарасты шахталар мен өнеркәсiп нысандарындағы еңбек жағдайын жақсартуға кемiнде 100 миллион доллар жұмсауын талап еткен.

«Экспресс К» басылымы болса сейсенбілік санында оқырмандар назарын Талдықорғандық жезөкшелердің наразылық шарасына шыққандығына аударыпты. Тәнін сатуды кәсіпке айналдырған бикештер өздерінің азаматтық құқығын қорғау мақсатында көшеге шығып қол жинауды бастаған. «Наразылық шарасының символы ретінде алқызыл қолшатыр ұстаған олар өзге азаматтар сынды еркін тұрмыс құрумен қатар, жынысы мен сексуалдық бағыт-бағдарына қарамастан қоғамның барлық саласына араласуды, ішімдік ішкен клиенттер мен полиция қызметкерлерінің өздеріне деген қарым-қатынасын жақсартуды масқат етіп отыр» деп жазады «Экпресс К» басылымы.
XS
SM
MD
LG