Accessibility links

«Абай» шахтасындағы жарылыс салдарынан жер астында қаза болған 2 кеншінің мәйіті табылды


Сейсенбі күні «Азаттық» радиосына Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Светлана Мұратбекова «Көмір» құтқару қызметінің тобы қаңтардың 14-і күні түстен кейін шахтадағы су жіберілген бөліктерге барлау жұмыстарын жүргізу барысында екі кеншінің мәйітін тапқандығын хабарлады.

50 шақты құтқарушы дүйсенбі күні сағат 2-ден 50 минөт өткенде шахта ішінен әуелі бір кеншінің мәйітін тауып жер бетіне шығарған, одан соң көп кешікпей екінші кеншінің мәйіті табылыпты.

«Ал апат кезінде шахта ішінде қалған тағы 21 кеншінің мәйіттерін іздеу жұмыстары бұдан кейін тоқтатылды», - деді ҚР төтенше министрлігінің өкілі С.Мұратбекова.

Оның айтуынша, қаза болған екі кеншінің денелері табылған жер қабатындағы ауа құрамында адам денсаулығы үшін ең керек оттегінің үлесі небәрі 2 процент шамасында болса, метан секілді улы газдың концентрациясы 57 процент шамасында, жер қабатының қызу температурасы 29 градус болыпты.

Сондай-ақ төтенше министрлік өкілі жарылыс салдарынан жер астындағы жолдардың құлаған көмір, кен жиынтықтарымен және шахта ішіндегі құрал-қондырғылардың қираған бөліктерімен жабылып, бітеліп қалғандығын, көмір қабаттарында жоғары температураның болуы, метан, көмірқышқыл газы секілді улы газдардың жиналуы құтқарушылар жұмысының шахта ішінде ары қарай жүруіне кедергі келтіргендіктен бұл жұмыстардың тоқтатылғандығын хабарлады.

Осыған байланысты жарылыс себептерін тексеру және оның зардаптарын жою жұмыстарын ұйымдастыру үшін құрылған үкіметтік комиссия жер астында мәйіттері табылмаған 21 кенші метан газы жарылған кезде сол мезетте қаза тапқан болуы мүмкін деген алдын ала тұжырым жасап отыр.

Ал сейсенбі күні осы үкіметтік комиссяның төрағасы, төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко шахтадағы жарылыс себептері жөнінде алдын ала бір нәрсе айту сәл ертерек дегенді айтты. Оның айтуынша, бұл жерде адам факторы әсер етті ме, жоқ әлде бұл нағыз табиғи апат болды ма - оны анықтау үшін әліде біраз уақыт қажет болмақ.

Қаңтардың 11-күні таңертең Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында болған жарылыс салдарынан алғашында 7 адам қаза болып, 14 кенші түрлі жарақаттармен ауруханаларға түскен болатын. Ал жарылыс кезінде жер астында қалып қойған 23 кеншіні екі күн бойы іздестіру еш нәтиже бермеген соң үкіметтік комиссия оларды өлдіге санау туралы шешім қабылдаған еді.
XS
SM
MD
LG