Accessibility links

Алмалы аудандық соты Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласын 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сейсенбі күні сағат кешкі тоғыз жарымнан асқанда Алматыдағы Алмалы аудандық соты «Рахатгейт» iсi бойынша шығарған үкімін жарияланды. Сырттай шығарылған үкім бойынша Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, мүлкі тәркіленетін болды. Әлиевпен бірге сырттай сотқа тартылған Вадим Кошлякты 18 жылға, ал Әлнұр Мұсаевты 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Жалпы бұл іс бойынша жауапқа тартылған 24 адамға әртүрлі жаза белгіленді.

Сонымен, Қазақстанда шулы болған «Рахатгейт» сот ісі аяқталды. Сотқа тартылған 24 адамның 67 томнан тұратын ісін екі айдай уақыт қараған Алмалы аудандық соты сейсенбі күні өз үкімін жариялады. Үкім жариялаудың өзі алты сағаттан артық уақытқа созылды. Сот Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевті бірнеше бап бойынша айыпты деп тапты.

«...Қорыта айтқанда, Рахат Әлиевті 20 жылға бас бостандығынан айырып, қатаң режимдегі түрмеге қамау, мүлкін тәркілеу, айыппұл салмай-ақ, қамаудағы мерзімін тұтқындалған уақыттан бастап есептеу, сонымен қатар оның салық полициясының генерал-майор шені мен әскери генерал шенін және мемлекеттік наградаларынан айыру, төтенше және өкілетті елші деген елшілік мәртебесінен айыру туралы республика президентіне ұсыныс түсіру...», - делінген сот үкімінде.

Рахат Әлиев бастаған топқа «ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, адам ұрлаған, басқаның мүлкін заңсыз тәркілеген, құжаттарды қолдан жасаған» деген және тағы бірнеше бап бойынша айып тағылған болатын. Әлиевпен бірге сырттай сотқа тартылған Вадим Кошлякты 18 жылға, ал ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты.

Сондай-ақ Алмалы аудандық соты қазірде Рахат Әлиевпен бірге Венада бас сауғалап жүрген Төлеген Имашевқа 10 жыл, Виктор Сапожниковке 10 жыл мерзімге қамау жазасын сырттай тағайындады. Венада жүрген бесеудің барлығы сырттай сотталды. Үлкен мерзімге сотталғандар арасында Олег Бекбатыров – 11 жыл, (оның да наградаларын қайтып алу туралы шешім шығарылды) және Асқан Бекмұратовқа - 10 жыл үкім шығарылса, өз еркімен Венадан қашып кеп, Қазақстан заң орындарына берілгенін және 2007 жылғы 18-19 қаңтар күндері болған оқиғаларда «Нұрбанктің» бұрынғы төрағасы Әбілмәжін Ғилымовқа телефон беру арқылы оны құтқарып қалғанын ескеріп, сот Айдархан Бектібаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сот қалған қылмысты деп тапқан адамдарды 1 жылдан 5 жыл мерзімге дейінгі аралықта шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал екі адамды - Құрман Сейітов пен Диас Шектібаев толық ақталып, олар сот залынан бостандыққа шықты. Бұл екеуі осы сот ісінде «Әсем» сауда үйін басқа адамдарға сатуға байланысты қатысқан еді. Сонымен бірге сот Рахат Әлиевтің акциялары мен құнды қағаздарын, оған тиесілі жер телімдері мен ұшақ, аутокөліктерді, сол секілді Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың үйі мен пәтерін мемлекет есебіне тәркілеп алу туралы шешім шығарды.

Ал осы сот ісіне зардап шегуші ретінде қатысқан Әбілмәжін Ғилымовтың Рахат Әлиевтен көрген 233 миллион теңге шығынын өндіріп беру туралы талабын сот қанағаттандырмай тастады.

Сот үкімін жариялаған күні негізгі жапа шегуші – Армангүл Қапашева мен оның туыстары сотқа келген жоқ. Ал Армангүлдің соттағы өкілі Маржан Аспандиярова:

«Менің ойымша, қылмыскер Рахат Әлиев үшін берілген жаза әлі де жұмсақ. Ол заңда бар ең қатал жаза алуы керек еді деп ойлаймын», - деді.

Ал осы сотта бірнеше жапа шегушінің жақтаушысы боп қатысқан Елена Ребенчук:

«Сот үкімі әділ болды, тіпті кейбір үкімді гуманизм негізінде жұмсартып қабылдапты, мен сот объективті болды деп eсептеймін», - деп бағалады.

Сот ісі «әділ өтті» деп отырған прокурор Алмас Құдайбергенов үкім туралы былай деді:

«Қазіргі таңда үкімді заңды деп айта алмаймыз. Себебі, ол әлі зерттелуі керек. Тек содан соң ғана, оның заңға сәйкестігін, әр эпизод дұрыс дәрежеленді ме, кесілген жазасы сәйкес болды ма - ол содан кейін ғана белгілі болады».

Рахат Әлиевтің мүліктері мен акцияларының көбі былтыр жазда оның әйелі Дариға Назарбаева екеуі ажырасқаннан кейін қайтадан бөлініске түскені туралы баспасөзде жазылған болатын. Прокурор Алмас Құдайбергенов сотқа шақырылғанмен келмеген куәлар туралы былай дейді:

«Сот отырысы барысында Нұрәлі Рахатұлы Әлиев пен Владимир Курбатовты куәгер ретінде сотқа шақырып жауап алу жөнінде ұсыныстар түсті. Бірақ, заңға сәйкес, Нұрәлі Әлиевтің өкілі ол кісінің «мен өз туыстарыма қарсы көрсетулер беруден бас тартамын» деген арызын сотта оқып, оны заңға сәйкес, сот қабылдап, қанағаттандырды. Сондықтан, Нұрәлі Әлиев сотқа шақырылмады. Ал Владимир Курбатов болса, бұл іске қатысты куәлар арасында жоқ. Себебі, ол оқиға болған «Нұрбанк» ғимаратының тоғызыншы қабатында болмаған».

Дегенмен, прокурор Алмас Құдайбергенов «Нұрбанк» басқарушылары жоғалған былтырғы оқиға кезінде Алматы қаржы полициясының бастығы болған генерал Курбатов Армангүл Қапашеваның шағым-арызын полиция департаментінен алып кетуі арқылы, осы істі дер кезінде ашылуына кедергі келтіргені туралы сот ісі басқа жеке іс боп қаралып жатқанын айтты.

«Оған қарсы қызмет бабын асыра пайдаланған деген бап бойынша қылмыстық ісі қозғалған. Ол іс әлі тергеліп жатыр. Бірақ қазір Курбатовтың науқастығына байланысты ол іс тоқтап тұр. Курбатов жазылған соң, ол іс қайтадан жаңғыртылып, тергеу ары қарай жалғастырылады», - деді прокурор.

Сөйтіп «Рахатгейттің» бір тармағы аяқталды. Ал осы қаңтар айының 23-күні Ақмола әскери сотында, Рахат Әлиев пен тағы да оншақты адамның үстінен «мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болған, мемлекеттік құпияны жария еткен» деген және т.б. баптар бойынша айып тағылып, жабық жағдайда және бір сот мәжілісі басталмақ.
XS
SM
MD
LG