Accessibility links

Аягөз қаласының тұрғыны, ұзақ жылдар мемлекеттік басқару қызметінде істеген Амангелді Керімтаев Қазақстандағы ресми билік пен оппозиция жайында өз ой-пікірімен бөліседі


- Кеше ғана Семейдің әкіміне жолықтым. Ол қаладағы барлық қоғамдық ұйымдардың басын қосып дөңгелек үстел жиынын өткізіп, «біз неге осы жан-жаққа тартамыз, одан да бір мәмілеге келіп, ортақ пікірді жүзеге асырайық» деген әңгімеден іс-қимылға көшіп жатыр. Қарап отырсаңыз, аудандық деңгейде де, облыстық деңгейде де осындай кішкентай бастамалар бар. Мен бұны құптарлық жағдай деп есептеймін.

Және мен оппозициядағы жігіттерді де, биліктегі адамдарды да білемін. Қазір оппозицияның қатарында сайдың тасындай - біліктілігі де, тәжірибелері де, білімі де жетіскен - тұлғалар бар ғой. Шіркін, соларды еш тартынбастан қызметке қойып, елдің игілігіне жұмыс істетсе. Олар елдің жауы емес, нағыз патриоттар, мүмкін батырып қатты айтып сынайтын шығар, бірақ сыннан ешкім өліп жатқан жоқ қой.

Осындай ойға жетелейтін көптеген мәселелер көтеріліп жатыр, газеттерден оқып жатырмыз. Мысалы, қазір сыртта жүрген Әкежан Қажыгелдинді неге елге қайтарып, жұмысқа салмасқа?! Ол қазір әлемдік деңгейде танылған саясаткер. Сол секілді, Ғалымжан Жақияновтың қолынан іс келетін басшы ретінде Семей, Павлодар облыстарын басқарғанын біз білеміз. Айталық, Ораз Жандосов секілді маман неге бос жүреді? Неліктен Төлеген Жүкеев жұмыссыз болады? Жармахан Тұяқбай, Әміржан Қосановтар неге бос отырады? Олар сын айтса айта берсін, «сын түзелмей – мін түзелмейді» деген ғой халқымыз. Анау-мынаудың барлығын сырып тастап, осындай адамдарды халықтың мүддесі үшін неге жұмысқа қоспасқа?!

Олардың барлығы да бойында үлкен күш-қайраты бар азаматтар, халықтың игілігі үшін ондай адамдарды жұмысқа қосу керек, халықтың пікірі осындай. Онан өзге анау-мынауды қою керек қой. Егер жоғарыдағылар бір-бірімен тіл табыса алмайтын болса, онда мына халықтың басқарылуы да төмендейді, басқарудың дәрежесі де төмендейді. Біздің оппозициямыз да, билігіміз де – барлығы бір қалыптан шыққандар ғой.

Міне, осындай мәселелер бүгінде ел арасында, оңаша жердегі әңгімелерде жиі айтылады. Бірақ осы сөздер біздің билікте отырғандарға жете ме, жоқ жетпей ме, олар осыны ойлай ма, әлде ойламай ма деген сауалдар менің де санамды мазалайды.
XS
SM
MD
LG