Accessibility links

Экс-сенатор Зәуреш Батталова бастаған топ Астана әкімін сотқа берді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Жұма күні Астананың Сарыарқа аудандық сотында қала әкімі Асқар Маминді сотқа берген «Лайықты баспана үшін» ұйымы өкілдерінің өтініштері бойынша сот ісі қаралды. Өтініш беруші тарап, өздеріне шеру өткізуге рұқсат бермегендігі үшін соттан әкімді жауапты деп тануын және 234 млн теңге моральдық шығындарын өтеп беруін сұрап отыр. Ал Астана қаласы әкімдігінің өкілі өздерін айыптымыз деп санамайды.

Астана әкіміне қатысты сот ісі Сарыарқа аудандық сотында төртінші рет дегенде қаралды. Алғашқы екеуінде жауап беруші тарап келмесе, үшінші рет Астана әкімінің өкіліне тапсырған сенімхатының мерзімі өтіп кетіпті. Енді төртінші рет шақырылған сот отырысына Астана әкімінің атынан ішкі саяси істер жөніндегі департаментінің қызметкері Аян Түсіпбаев келді. Алайда шағым түсіруші экс -сенатор Зәуреш Батталова бастаған тарап, сотқа әкім Асқар Маминнің немесе оның орынбасары Ермек Аманшаевтің келуін талап етті. Бірақ Астана әкімдігінің өкілі Аян Түсіпбаев бұл іске қала әкімінің еш қатысы жоқ екенін, ал оның орынбасарының кезекті еңбек демалысына кеткендігін айтып, өзі қызмет істейтін департамент тікелей қаланың ішкі саяси ісіне жауапты деген уәж айтты.

Сот отырысына төрайымдық еткен судья Кәмпитова шағым түсіруші жақтың талабын қанағаттандырмай, Аян Түсіпбаевты жауап беруші тарап ретінде қабылдады. Ал Астана қаласы әкімінің өздерінің өтініштерін тіпті қарамағанын оның жұмысына деген салғырттығымен түсіндірді, шағымданушы тараптың бірі, Адам құқығын қорғау институтының директоры Болатбек Біләлов.

Сот отырысы барысында шағымданушы жақ, өткен жылы Астана қаласының әкімдігіне үйлерін заңсыз бұзып жатқан қала тұрғындарының құқығы аяққа тапталып жатқандығына байланысты және «Қуат» құрылыс компаниясы құрылысшыларының еңбек жалақыларын ала алмай жүргендіктеріне қатысты дауыстарын билікке жеткізу мақсатында, арыз талаптарынан түк шықпағандықтан, бейбіт шеру өткізу жөнінде бірнеше рет өтініш берген. Бірақ қала әкімдігі түрлі сылтаулар айтып, бірде-бір өтініштерін қанағаттандырмаған.

«Бізді желтоқсанның 22-күні түнгі сағат үште соттағанындай, шеру өткізуге түннің кезінде рұқсат берсе де біз дайын едік», - дейді экс-сенатор Зәуреш Батталова.

Зәуреш Батталова «біздің өтініштерімізге үнемі әкімнің құрылыс істері жөніндегі орынбасары Сергей Хорошунмен кездесіңдер деген жауап келеді. Біз сол кездесулер нәтижесіз болғандықтан да шеру өткізуге өтініш беріп келдік» дейді. Ал Астана қаласы әкімдігінің өкілі Аян Түсіпбаев қаладағы барлық құрылысқа қатысты мәселені Сергей Хорошун шешеді, сондықтан да сол адамға сілтеуі орынды деп отыр.

Астана қаласы Сарықарқа аудандық сотының отырысы жалғасын табады. Экс-сенатор Зәуреш Батталова сот отырысына әкім Асқар Маминнің келмеуі, ол жауапкершіліктен қорқады, өзінің айыпты екенін біліп отыр дейді:

- Әкім өзінің қарамағындағы адамдарды лауазымды қызметтерге тағайындайды. Ендеше сол адамдардың істеріне неге жауап бермейді? Бұл әкімнің жауапкершіліктен басын тарту деген сөз.

Ал сот шешімі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету алдында қандай қадамға бара жатқандығын көрсетеді дейді Зәуреш Батталова:

- Біз бүгін Конституцияның қаншама баптарының бұзылып отырғандығын дәлелдедік. Егер сот шешімі әкімді жақтап кетсе, онда Конституцияға қарсы шыққан сот шешімі болып саналады деп ойлаймын. ЕҚЫҰ-на төрағалық ету алдында бұл біздің билікке, сот тармақтарына тағы бір сын болмақ.
XS
SM
MD
LG