Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.18.2008 жыл


Жұма күнгі апталық басылымдар Қарағандыдағы «Абай» шахтасында болған жарылыс құрбандарына арнаған мақалалар және Алматыда ел президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен аяқталған сот ісі туралы жазуды жалғастырыпты. Ресми басылымдар Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес мәжілісі жайында, бірқатар басылымдар «Қашаған» жобасындағы Қазақстан үлесінің артқаны туралы жазыпты.

POSIT.KZ сайты мен «Республика» газеті «Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстанға қайтып келуі мүмкін ба?» деген тақырыпты жалғастырыпты. POSIT.KZ сайты «Возвращение блудного Акежана» деген мақаласында «Әкежан Қажыгелдинді премьер-министр етіп тағайындау арқылы, оның қолын босатып, биліктегі жемқорлықты тоқтатуға жол ашса, Назарбаев Қазақстанды мемлекеттік дағдарыстан сақтап қалған болар еді. Себебі, Қажыгелдин елдегі ешқандай кландық топтармен байланысы жоқ таза адам әрі оның құрбан болғаны да осы топтардың тартысы еді» деген тұжырым жасапты. Ал «Республика» газеті осы тақырыпты жалғастырып, Әміржан Қосановпен сұхбатын жариялапты. Онда Әміржан өз ойын: «шынымен Әкежанның оралуын қолдайтындар қазір қол жинаумен айналысып жүр. Мұндай әңгіме бұрындары да болған. Билік бұрындары да, менің Әкежанмен тығыз байланысым бар екенін біліп, осы мәселемен маған нөкерлерін жіберген. Шынайы саясат дегеніміз – ымырашылдықтың өнері. Бірақ ол ешкімнің принциптік тұғырнамасына нұқсан келтірмейтін ымырашылдық болуы керек. Оның үстіне билік, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға елде, режим оппоненттерінің саяси себептермен елден аластатылуына жол бермеуі керек екенін жақсы түсінеді» деп аяқтапты.

Апталық басылымдар Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен болған сот туралы жазуды жалғастырыпты. Осы орайда KUB.INFO сайты Рахаттың осы сот үкімі туралы көзқарасын жариялапты. Онда Рахат Әлиев «...бүгінгі Қазақстанда бір ғана адамның - президент Назарбаевтың жазаға да кесе алатыны және рақымшылық та көрсете алатыны баршаға аян. Ешқандай да тәуелсіздігінің нышаны жоқ қуыршақ сот жүйесі президент әкімшілігінің жіберген нұсқауларын ғана орындайды. Сондықтан судья Сеитовтың біреудің айтқанымен шығарған үкіміне қандай да түсініктеме беру ешқандай мағынасыз болар еді» депті.

Ресми басылымдармен бірге «Литер» және «Айқын» газеттері бейсенбі күні президенттің қатысуымен Астанада өткен «Нұр Отанның» партиясы саяси кеңесінің кешегі жиыны туралы ауқымды материалдар беріпті. «Айқын» осы жиын жайлы «Елбасы «Нұр Отанға» мемлекеттік тілді дамытуды міндеттеді» деген мақаласында «... Мемлекет басшысы «Нұр Отанға» коррупциялық жанжалдарға қатысы бар ірі шенеуніктердің және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғаларының отставкаға кетуіне бастамашы болуды міндеттеді» деген тұжырым айта отырып, «Нұр Отанның» жемқорлыққа күйрете берілетін 10 соққысының бірі партияның өз ішіндегілерге арналуы мүмкін бе?» деген көкейдегі сауалына бірнеше тұлғалардың жауаптарын жариялапты. Оған мәжіліс депутаты Тито Сыздықов: «Нұр Отан» коррупциямен күресте міндетті түрде көпшілікке үлгі болуы керек. Нұротандықтар таза болуы керек. Мен Президенттің айтқандарын қолдаймын. Көптеген министрлер, қала, аудан әкімдері «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғандықтан, коррупциядан алыс жүруі тиіс» десе, саясаттанушы Азат Қонысбек: «Жемқорлықтың та шегі бар шығар. Бұл тұста жоғары жақтағылар жемқорлармен күресті өз ішінен бастаса, басқаларға бұл үлкен сабақ болары сөзсіз. Әрине, коррупциямен күрес жоғары жақтан үлгі ретінде көрсетілсе, бұдан артық үлгі болмас еді» деген ой айтыпты. Осы сауалға жауап берген жазушы Смағұл Елубай сенімсіздік танытқандай болып, «бұл ұзаққа созылған асқынған ауру деп ойлаймын» депті.

Осы тақырыпты кеулеген «Деловая неделя» «Риторический съезд» деген мақаласында «президент шенеуніктерді қорқытқан болды, ал шенеуніктер қорыққан сыңай танытты» деген ой айтыпты.

Бірқатар басылымдар Қазақстанда биыл қыс қатты суық боп тұрғаны туралы жазып, осының салдарынан «кейбір жерде газ тапшылығы, кейбір аймақта электр энергиясының тапшылығы байқалады» деп жазыпты «Экспресс К» газеті. Ал «Караван» газеті «Әкім сөзінің құны» атты тізбекті мақаласының екінші бөлігін жариялапты. Онда автор әрбір облыс, аудан және жергілікті әкімдер көпшілік алдында қандай уәделер береді және оларды неге орындамайтыны туралы бірқатар мысалдар келтіріпті. Сондай-ақ осы газет кезекті «Қазақстан қызыл кітабының» келесі жылы ғана шығатынын айта келіп, автор ол кітаптағы тізім жыл сайын ұлғайып отырғанына алаңдаушылық білдіріпті.
XS
SM
MD
LG