Accessibility links

«Абай» шахтасындағы апаттан соң «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты шахталардағы кеншілер компания басшылығына өз талаптарын қойып отыр

  • Досан БАЙМОЛДА

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты шахталарда жұмыс істейтін кеншілердің кәсіподағы ұйымы төрағасының орынбасары Сергей Шипков дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында шетелдік миллиардер Лакшми Миттал қожайындық ететін осы компанияға қарасты көмір шахталарындағы жағдайды өте ауыр деп айтты.

Қазіргі жағдаймен осы компанияның Шахтинск ауданындағы «Тентек», «Қазақстан», «Шахтинск» және 2006-шы жылы қыркүйек айында болған жарылыс салдарынан 41 кенші қаза болған «Ленин» атындағы шахтаның кеншілері егерде талаптары орындалмаса, онда жаппай ереуілге шығамыз дегенді айтып отыр.

Қаңтардың 11-і күні «Абай» шахтасында болған жарылыстан соң бірнеше күн өте «Тентек» шахтасының кеншілері жұмыс тастау ереуіліне шықпақ болып жатқаны туралы хабарланған болатын.

Ал осы компанияға қарасты шахталарда жұмыс істейтін 24 мыңдай кеншілердің кәсіподағы ұйымының жетекшілерінің бірі С.Шипков кеншілер атынан кәсіподағы ұйымы компания басшылығы алдына бірқатар талаптардың, атап айтқанда бірінші де кеншілердің айлық жалақылар өсіруді, екінші де шахталардағы қауіпсіздік жағдайын жақсартуды, сол арқылы кеншілердің еңбек ету, жұмыс істеу қауіпсіздігіне компания сенім беру керектігін және тағы басқадай талаптарын қойғанын жеткізді.

Орталық кеңсесі Лондон қаласында орналасқан «Арселор Миттал» компаниясының басшылығы қазақстандық кеншілер талабын алып, қазір оны зерттеп жатыр, кешікпей осы Лондоннан бізбен келіссөз өткізуге компаниянынң арнайы комиссиясы келуі керек деді кәсіподағы белсендісі.

Кәсіподақ өкілінің айтуынша, компания басшыларының алдына қойып отрыған талаптардың бірі ол кеншілердің айлық жалақысын шахтада жұмыс істеген күнімен емес, жұмыс істеген сағатымен есептеп төлеу туралы болса, ал жасы 50 жасқа жеткен кеншіні зейнетке шығару туралы болып отыр.

«Алайда «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты 8 көмір шахтасында жұмыс істейтін барлығы 24 мыңдай кеншінің 15 мыңдайы жер астында, қалған 9 мыңдайы жер бетінде жұмыс істейді, бұларға төленетін айлық жалақы мөлшері әрқандай болады, ал орташа айлық жалақы 84 мың теңге шамасында», - дейді С.Шипков.

Осы жағдайға байланысты «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының көмір департаментінің бастығы Мұрад Перзадаев мырзамен хабарласып, ол кісінің де пікірін білмек болған едік, алайда хатшы қыз бастығының шахталарды аралап жүргенін, сондықтан жұмыс орынында жоқ екендігін айтты.

Егерде кеншілер талабы орындалмаса, онда олар жұмысты тастап, жаппай ереуілге шығатындарын айтып отыр, ал біз компания алдына қойған талаптарымыз жөнінде үкіметтік комиссияға да хабардар еттік деді кәсіподақ жетекшісі.
XS
SM
MD
LG