Accessibility links

Алматы қаласындағы аяқталмай тұрған құрылыс нысандарын бітіруге 167 млрд. теңге қаржы керек

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Алматыда аяқталмай тұрған құрылыс нысандарын бітіру үшін үкіметтен қаржылай көмек көрсетілетін болады. Құрылыс компаниялары, екінші деңгейлі банк жетекшілері мен үкімет мүшелері бас қосқан жиында үкімет басшысы Кәрім Мәсімов тиісті атқарушы орган басшыларына қаржыландырудың оңтайлы жолдарын қарастыруды және мемлекеттік қаржыны қажет ететін құрылыс нысандарының тізімдерін анықтауды тапсырды. Әзірге не баспанасына, не салған үлесіне қол жеткізе алмай жүрген азаматтар бұл жаңалыққа қуануға асықпайды. Себебі, қаржы құрылыс нарығында жаңа жұмыс істей бастаған аты белгісіздеу компанияларға жетпеуі де мүмкін дейді олар.

Алматы қаласының тұрғыны Айжан Жанқоразқызы 2005 жылы «Верный кз» құрылыс компаниясына үлескер болады. Ол заман талабына сай жарық та кең пәтерге қол жеткізбек түгілі бүгінде салған ақшасының қайда кеткенін білмейді.

«Аумағы 53 шаршы метр бір бөлмелі пәтер алу үшін «Верный кз» құрылыс компаниясымен 2005 жылы мамырдың 13-і күні шартқа отырдым. Олар баспананы 2007 жылдың үшінші тоқсанында бітіріп беруге тиіс болатын. Қазір үйдің тек іргетасының орны ғана қазылған. Басқа ештеңе жоқ. Қашан бастайсыздар, қашан бітіресіздер деп, компанияның кеңсесіне барсақ, бізге ешкім жауап бермейді. Есіктен кіргізбейді», - дейді Айжан Жанқоразқызы.

Айжан Жанқоразқызы сияқты құрылыс компанияларына үлес салып, бүгінде дауласып жүргендер мыңдап саналады. Үлескерлер мен құрылыс компаниялары арасында туындап отырған осындай дауларды, аяқталмай тұрған құрылыс нысандарын бітіруге Қазақстан үкіметі қаржы бөлетін болды. Бұл туралы екінші деңгейлі банк басшылары мен құрылыс компаниялары жетекшілері және үкімет мүшелерінің қатысумен болған жиында белгілі болды.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов тиісті атқарушы орган басшыларына қаржыландырудың оңтайлы жолдарын қарастыруды және мемлекеттік қаржыны қажет ететін құрылыс нысандарының тізімдерін анықтауды тапсырды. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің осы жиынында келтірген деректері бойынша, қазір қаладағы аяқталмай тұрған тұрғын үй кешендерін бітіруге жалпы сомасы 167,2 млрд. теңге қаржы керек. Ал оның ішінде құрылыс жұмыстары 90 пайызға дейін дайын тұрған нысандарды бітіруге 314 млрд. теңге керек екен.

Десе де Алматы қаласында аяқталмай тұрған нысандарды бітіру үшін мемлекеттен қаржылай көмек алатын құрылыс компанияларының тізімі әзірге жариялана қойған жоқ. Содан болар, құрылыс компаниялары мәселеге орай, қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып отыр.

Жоғарыдағы жаңалық үлескерлер үшін жағымды жаңалық болса да, олар мұның іске аса қоятындығына күмәнмен қарайды. Солардың бірі - 2006 жылы «Кереге - Инвест» құрылыс компаниясына үлес салған Еркегүл Хамитова:

«Үкімет басталған құрылыстарды бітірсе бітіретін шығар. Ал менің үйімнің - бір жыл өтті - әлі күнге іргетасының орны қазылған да жоқ. Соған қарағанда біздің үйлер болмайды-ау деп ойлаймын. Ақыр аяғында анау болды, мынау болды деп жоқ болып кетпесе болды. «Кереге - Инвестқа» барып сұрасам бізде ақша жоқ деп отыр. Ал мемлекеттен бөлінген ақша, менің ойымша, тек беделді «Қуат», «Базис» сияқты компанияларға ғана берілетін сияқты. Ал мына «Кереге - Инвест» сияқты кішкентай компанияларға жетпей қалуы да мүмкін», - дейді.

Алматы қаласы әкімі келтірген деректер бойынша қалада 93 құрылыс компаниясы қала бойынша 1000 гектар жерге 143 тұрғын үй кешенін салуға тиіс болған. Салынатын баспананың аумағы 5,1 миллион шаршы метрді немесе 36 мың пәтерді құрайды. Мұның 12 мыңы үлескерлер есебінен төленгендігі хабарланды.
XS
SM
MD
LG