Accessibility links

Қаңтардың 22-сі күні Қазақстан оппозициясы ресми емес «Демократия күнін» атап өтті. Осы күнге орай Қазақстан демократиясының дамуына үлес қосты деген азаматтар 6-ыншы рет «Азаттық» сыйлығымен марапатталды. 2007 жылдың қорытындысы бойынша мұндай сыйлыққа 18 жылға бас бостандығынан айырылған Арон Атабек, заңгер Сергей Уткин, жазушы Герольд Бельгер ие болды.

Қаңтардың 19-ын Қазақстан оппозициясы «Демократия күні» деп атайды. Биыл осы күнді атап өту қаңтардың 19-ынан 22-сіне қалдырылыпты. Оған осыдан 5 күн бұрын тәуелсіз журналист Асқар Дәрімбеттің дүниеден өтуі себеп болыпты. Ал сейсенбіде Демократия күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға оппозиция жетекшілері түгел жиналды. Жыл сайынғы дәстүр бойынша демократияны дамытуға үлкен үлес қосты деп танылған азаматтарға сыйлықтар тапсырылды. Басты ерекшелік - сыйлықтың иегерлері арасында саясаткерлер болған жоқ.

Биылғы «Азаттық» сыйлығы Шаңырақ қақтығысында қара халықтың сөзін сөйлеймін деп 18 жылға бас еркінен айырылып, бүгінде түрмеде отырған ақын Арон Атабекке берілді. Сыйлықты оның зайыбы Жайнагүл Айдархан мен ұлы Асқар Атабек қабылдап алды. Жайнагүл Айдархан бұл күнді тарихи сәт деп есептейтіндігін айтса да, көңілінде мұң бар екенін жасырған жоқ.

«Мен бұл сыйлыққа біріншіден - өте қуанып тұрмын, екіншіден – налимын. Себебі, Арон түрмеде отыр. Менің көкейімде неліктен біз өз жерімізді сыртқы жаулардан емес, ішкі жаулардан қорғауымыз керек деген сауал тұрады. Сол мені қатты күрсіндіреді. Шаңырақ оқиғасы тарихымыздағы қаралы күн деп айтар едім», - дейді Жайнагүл Айдархан.

Арон Атабектің ұлы Асқар: «Менің әкем - нағыз күрескер. Мен бұған мақтанам. Дәл қазір түрмеде отыруы әділетсіздік. Бұған билік кінәлі» деді.

«Азаттық» сыйлығының келесі иегерлері ретінде жазушы Герольд Бельгер мен заңгер Сергей Уткиннің есімдері аталды. Денсаулығына байланысты салтанатты жиынға келе алмаған жазушы Герольд Бельгер телефон арқылы лебізін білдіріп, өзі үшін «Азаттық» сыйлығын алу тосын жаңалық болғанын айтты.

«Бұл абыройлы сыйлықтың «Азаттық» деген аты ұнайды. Адам деген хайуан болмағаннан кейін ол үшін бостандық деген ұғым өте мәртебелі», - деді жазушы.

Қатарынан 6 жыл бойы беріліп келе жатқан «Азаттық» сыйлығын осы уақытқа дейін 25 адам алған екен. Салтанатты жиынды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов:

«Бұл жердегі басты мақсатымыз - демократия жолында ат үстінде жүрген азаматтар еңбегін елеу. Өйткені бізде сөз еркіндігі, саяси еркіндік жоқ. Біз болашақты ойлайтын болсақ демократияның дамуына үлес қосқан азаматтар еңбегін айтуымыз керек», - деді.

Бүгінде 25 адам ие болған сыйлық алғаш рет 2003 жылы саясаткер Ғалымжан Жақияновқа берілген еді. Ғалымжан Жақиянов бұл сыйлықтың өз өмірінде алатын орны ерекше екенін айтады.

«Қанша жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істесем де бұған дейін бірде-бір сыйлық алып, марапатталып көрмеппін. Алғаш рет 2003 жылы Құсмұрын абақтысында жатқанымда маған осындай сыйлық берілгендігі жөнінде хабар келді. Бұл сыйлық біріншіден - менің өмірімдегі тұңғыш сыйлық болды. Екіншіден, абақтыда жатқан Арон сияқты азаматтарға рухани дем береді деп ойлаймын. Мәселен, кез-келген абақтыда жатқан азамат қашанда азаттыққа ұмтылады. Оның еңбегін халық болып талқыға салып, бағалап жатса бұл адамға азаттықтың, еркіндіктің сезімін береді», - деді Ғалымжан Жақиянов. 2001-ші жылы қараша айында Қазақстанның бір топ жоғары лауазым иелері Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрғаннан кейін, 2002-ші жылы қаңтардың 19-ында солардың Ғалымжан Жақиянов бастаған тобы басқа да оппозциялық ұйымдармен бірлесіп Алматыда Қазақстан демократиялық жұртшылығы өкілдері жиынын өткізген болатын. Онда олар Қазақстанға саяси реформалар қажеттігін айтып, елдегі барлық деңгейдегі әкімдер сайлауын енгізу туралы жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныспен шыққан еді. Арада көп ұзамай бұл жиынның бастамашылары Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов тұтқынға алынып, түрмеге қамалды. Ал 2003-ші жылдан бері бұл күн елде бейресми түрде Демократия күні ретінде аталып келеді.
XS
SM
MD
LG