Accessibility links

Астанада Маркус Бенсманн есімді неміс журналисі қатты соққыға жығылды


Кейбір сарапшылар өткір материалдарымен ерекшеленетін шетелдік журналисті қасақана сабап кеткен дейді. Ал, қазақстандық полициясының мәліметінше, Маркус Бенсманн оның кәсібіне байланысты емес, тонау мақсатында соққыға жығылған.

Астанада 38 жасар Маркус Бенсманн есімді неміс журналисі соққыға жығылды. Германияның АРД қоғамдық теледидарында істеп жүрген тілші сол елден Алматыға 19 күні келген. Ал, 20 күні кешкісін оны жедел жәрдем қызметі Астана-Павлодар бағытындағы жолда далада тауып алған. Тілші Астананың теміржол ауруханасына жатқызылды. Аурухана дәрігері Сергей Вервейннің айтуынша, Маркустың жағы сынған, басына зақым келген, қабырғалары мен қолы сынған. Қыстыгүнгі арқаның аязды түні далада ұзақ уақыт жатқандықтан қолы мен аяғы үсіген. Сол күні ауа температурасы -35 градус аяз болған. Бірақ, дәрігер Вервейн жарақаттардың неден болғаны белгісіз дейді.

«Өйткені, жағы сынған науқас ештеме айтпады», - деді ол.

Бір тәулік бойы науқас аурухананың жансақтау бөлімінде болған. Сөз арасында дәрігер науқастың адамдар қолынан қатты соққыға жығылғандығын айтты. Ал, Маркустың айтуынша, ол Қазақстанға Астана туралы сюжет түсіру үшін келіпті. Бірақ, «Азаттық» тілшілері ауруханаға кіргенде журналист Маркус Бенсманның өзі және оның туыстары бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімет беруден бас тартатындығын айтып, себебін түсіндірмеді.

Астана полициясы Маркус Бенсманн тонау мақсатында соққыға жығылған деген болжам ұстанып отыр. Және бұл оқиға оның кәсібімен байланысты емес, дейді олар. Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері Эльмира Шауленованың айтуынша, журналисті Астанадағы түнгі клубтардың бірінен көріпті.

«Бірақ, машина тоқтатқан тілші белгісіз себептермен оның ішіне кіргеннен кейінгі уақытын жадында сақтамапты», - деді полиция өкілі.

Қазақстандағы «Журналисты в беде» қорының жетекшісі Розлана Таукинаның ойынша, Маркус Бенсманның әйелі Ғалима Бұхарбаева Әндіжандағы оқиға бойынша АҚШ конгресінің ашық тыңдауларында осы қала тұрғындарына қарсы оқ атылғаны жөнінде куәгер болған. Және оқ тесіп өткен өзінің дорбасын көрсеткен.

«Мүмкін Қазақстанда өзін еркін сезінетін Өзбекстанның арнайы қызметтері Маркус Бенсманнға қарсы әрекет қолданған шығар», - дейді Розлана Таукина.

Таукинаның пікірінше, қазір қылмыскерлер шетелдіктердің қолма-қол ақша емес, төлем карточкасын ұстайтындығын біледі. Сондықтан бұның қатардағы қылмыс болуы екіталай деген пікір айтады ол. Оның үстіне Маркус Орталық Азия туралы өткір материалдардың авторы.

«Қауіптісі - шетелдік журналиске байланысты осындай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ», - дейді Таукина.

Қаңтардың 22-күні Германиядан Астанаға ұшып келген арнайы ұшақ Маркус Бенсманнды отанына алып кетті.
XS
SM
MD
LG