Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.23.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдар биыл Қазақстанда ерекше суық боп тұрған қыс жайында, Лондоннан 50 миллион фунт стерлингке тұрғын үй сатып алған қазақстандық Хорелма Паремам деген бизнесмен жөнінде және Қазақстандағы тастанды балалар тағдыры туралы материалдар басыпты.

«Аргументы факты - Казахстан» газеті «96 сағат үрей мен белгісіздік құшағында» деген мақаласында биыл қардың қалың жауғанына байланысты оңтүстік Қазақстанда, «Алматы-Ташкент» бағытындағы тасжолдың 30 шақырымдай бөлігі және ауданаралық кейбір жолдардың бірнеше тәулікке жабылып қалып, ондағы қар құрсауында қалған жолаушыларға бір бөлке нанды 1200 теңгеден сату оқиғалары кездескені туралы жазыпты.

«Время» газеті «Бр-р-р! Біздің пәтерлер қашан жылыр екен?» деген бас мақаласында, ауа райы 20 градусқа дейін суыған тұста Алматының кейбір аудандарындағы пәтерлерде жылу мардымсыз боп тұрғандығына ТЭЦ-ке қажетті газ тапшылығын сездіріп отырған Өзбекстан кінәлі деп жазыпты. «Соның салдарынан газбен жұмыс істеуге есептелген Алматы ТЭЦ-і бір айдан бері мазутпен жұмыс істеп жатыр. Ал ТЭЦ тек төтенше жағдайларда ғана бір апта мазутпен жұмыс істеуге есептелген» депті мақала авторы.

Ресми басылымдар бас мақалаларын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысына арнапты. Осы кеңес отырысын басылымдар «Енді апатқа жол берген министр қызметтен кетеді» деп қортындылапты.

«Айқын» газеті «Қазақта Хорелма Перамам деген бай бар ма еді?» деген мақаласын The Sunday Tіmes газетінде жарық көрген «Ұлыбритания астанасы Лондонның ең таңдаулы аудандарының бірінде қазақстандық миллиардер Хорелма Перамам ең қымбат үйді сатып алды» деген ақпаратқа арнапты. Ол мақалада автор «ондай азаматты қазақстандық миллиардерлер арасында тұрмақ, оның аты-жөні туралы ақпаратты интернеттен де таппадық» дей келіп, есесіне интернеттен тапқан 50 миллион фунт-стерлинг тұратын сол үйдің суретін басыпты.

«Литер» газеті болса осы үйге байланысты жүргізген сауалнамасына, парламенттің үшінші шақырылымының депутаты Ерасыл Әбілқасымов «Ол Хорелма Перамам деген адам, Теміртаудың қожайыны,Үндістандық Лакшми Митталдың ғана адамы болуы мүмкін» деген болжамын айтыпты.

«Экспресс К» газеті тарифтерге арналған топтамасындағы «Бағаны әзірге ұстап тұрмыз», «Тарифтерді көктемге қарай санайды» деген мақалаларында көктемге қарай тұрмыстық қызмет саласында тағы да баға көтерілуі мүмкіндігін айтыпты.

«Литер» газеті «Дәмсіз статистика» деген мақаласында «былтыр Қазақстанда бағасы ең көп қымбаттаған заттар - халық тұтынатын товарлар болды» деп жазыпты. Мақала авторы «Қазақстанның бірқатар облыстарындағы былтырғы инфляция деңгейі 16-19 процент болғанда кейбір тауарлардың қымбаттауы 28 процентке дейін барды» депті. Сондай-ақ «Литер» «Нарық тулап жатыр» деген бас мақаласын әлемдегі экономикалық ахуалға арнапты. Онда автор «жұма күнгі АҚШ басшысының дағдарыс туралы айтқандары дүйсенбі күнгі Токио биржасының құлдырауына әкеп соқса, кешкісін батыстағы қор рыногында құлдырау байқалды. Ал сейсенбі күні ол құлдырау Қазақстан биржасын да шарпып өтті де, сейсенбі күнгі нәтиже бойынша KASE индексі үш жарым пайыздан артыққа құлады. Сол сияқты «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз» компанияларымен қатар «Казкоммерцбанк», «Халық банк», «ТуранӘлем» банктерінің акцияларының құны төмендеуі байқалды» деп қортындылапты.

«Экспресс К» газеті «Көкек синдромы» деген мақаласында «Алматы облыстық балалар үйінің 200 баласының, тек 28-і ғана жетімдер, ал қалғандарының жалғыз әкесі не анасы, немесе әкесі де, шешесі де бар балалар» депті.

«Караван» газеті «Тордың аржағындағы балалық» деген мақаласында Жауғашты поселкесінде түрмеде отырған аналардың сонда туған балаларының саны 29 екендігі және олар қандай жағдайда тәрбиеленіп жатқандығына тоқталыпты.

Ал бірқатар басылымдар «жетпістегі халық әртісі Асанәлі Әшімовтің әйелі Бағдат Әшімова шекесі торсықтай ұл туды» деп жазыпты. «Айқын» газетіне берген сұхбатында Асанәлі мырза «Алла берсе, тағы да сәбиіміз боп қалар» деп айтыпты.
XS
SM
MD
LG