Accessibility links

«Қазақмыс» компаниясының кеншілері еңбекке қатысты қойған талаптары орындалмаса, ереуілге шығатындарын ескертті

  • Досан БАЙМОЛДА

Қарағанды облысындағы Сатпаев қаласында орналасқан, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Оңтүстік» кеніш орнындағы үш шахтаның бірі, №65-ші шахтаның кеншілері егер де корпорация басшылығы ақпанның біріне дейін талаптарымызды орындамаса, жұмысты доғарып, ереуіл бастаймыз деп мәлімдеп отыр.

Сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына бұл туралы хабар берген кенші Саят Әжібаевтың айтуынша, ереуілге шығамыз деп отырған кеншілер бұдан жарты жыл бұрын «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы алдына 13 түрлі талап қойыпты.

«Олардың арасында кеншілердің айлық жалақысын көтеру, шахтадағы еңбек жағдайын жақсарту, ауырған кеншілерге төленетін қазіргі еңбек жүйесін өзгерту, зейнет жасына шығу мерзімін қайта қарау, сондай-ақ қазіргі 12 сағаттан жер астында істелетін екі ауысым тәртібін 8 сағаттан 3 ауысым тәртібіне көшіру және тағы басқадай талаптар қойып отырмыз. Бірақ, осы уақытқа дейін корпорация басшылығы тарапынан оған құлақ асқан ешкім болмады», - дейді кенші С.Әжібаев.

Қаңтардың 20-сынан 21-іне қараған ауысымның 300-дей кеншілері жер астынан шықпай наразылық танытқан соң барып корпорация басшылығының өкілдері кейбір талаптарды орындауға уәде еткеннен кейін кеншілер жер бетіне шыққан. Ал қаңтардың 23 күні «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы атынан «Жезқазғанцветмет» өндірістік бірлестігінің бас директоры Талғат Ақанов №65-ші шахтаға келіп кеншілермен сөйлесіп, олардың қойып отырған кейбір талаптарын корпорация басшылығына жеткізуге сонда бір шешім шығартуға уәде еткен.

«Бірақта кеншілер бұл уәдеге онша сенбей отыр», - деді кенші С.Әжібаев.

Ал «Қазақмыс» корпорациясы басшылығынан бұл мәселеге қатысты көзқарас, пікірлерін білу оңай іс болмады. «Жезқазғанцветмет» компаниясының бас директоры Талғат Ақановпен де, БАҚ өкілдерінің сауал-сұрақтарына жауап беруші корпорацияның баспасөз қызметімен де «Азаттық» тілшісінің байланыспақ болған әрекеті ешбір нәтиже бермеді.

Сатпаев қаласы әкімінің орынбасары Марал Сағынтайқызы сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында кеншілер тарапынан қандай да бір талап, арыздың әкімдікке келіп түспегенін айтты.

«Егерде кеншілер жұмысты тастап, ереуіл өткізетін болса, онда заң бойынша бұл туралы әкімдікке алдын ала ескертіп айтулары керек», - деді әкім орынбасары.

Сондай-ақ ол кісі кеншілердің алға қойып отырған талаптарын корпорация басшылығы өздері шешетін мәселе екендігін де білдіре кетті.

Сәрсенбі күні «Южный» кен орнының кеншілері Қарағанды облысындағы тәуелсіз кәсіподағы ұйымдар конфедерациясына қайырылып, өз бастарындағы жағдайға көңіл бөлмей отырған корпорация басшылығымен мәселені бірлесіп шешуді сұраған.
XS
SM
MD
LG