Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.24.2008 жыл


Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдар кеше үкімет басында болған кадр алмастырулары, «Табиғат» қоғамдық қозғалысы жетекшісінің парламент депутатының атына айтқан сыны, сондай-ақ қазақтың жас қыздарының «Алаш Аруы» қозғалысын құрғандығы туралы жазыпты.

«Свобода слова» газеті «Масқара» деп аталатын бас мақаласын, шетелдік ақпарат көздеріне сүйеніп, «Қазақстанның бай шенеуіктері шетелдерде қалай дем алады?» деген сауалға арнапты. Осы газеттің «Ақ мола» деп аталатын редакторлық мақаласында автор «неге Астанада «Абай» шахтасындағы апатқа арналған отырыс жабық жағдайда өтті?» деп сұрайды да, оған: «себебі, билік осы шахтаның иелерімен ымыралас жемқорлар, сондықтан жабық жағдайда, шахтерлардың техникалық себептерден қаза болғаны туралы келесі бір аңыз ойлап жатыр. Ондай аңыздар «өзін-өзі өлтірген» Нұрқаділов, не Алтынбек Сәрсенбайұлына қатысты үш бірдей адамның өлімін «жеке басына қатысты дүрдараздық себеп болған» деп түсіндірген сияқты боп шығады. Ал шындық ақмолада жерленеді» деп, ойын қортындылапты.

«Литер» газеті Қазақстанда қытай тыңшыларының белсенділігінің артып отырғаны туралы мақаласын «Ұлы қытай қорғанының да құлағы бар» деп атап, онда автор соңғы жылдары қытай тыңшыларының Қазақстанда көптеп ұсталғанын айта келіп, соңғы ұсталған қытай тыңшысы – ұлты қазақ Толқын есімді жігіттің 2004 жылдан бері Өскемен маңайында тыңшылықпен айналысып, сондағы зауыттарда жасалатын, әскери техникада пайдаланылатын қандай да химиялық қосындылар туралы ақпарат жинап жүрген кезде ұсталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жазыпты.

Бірқатар басылымдар эколог Мэлс Елеусізов пен оның серіктесі әрі парламент депутаты Ромин Мәдинов арасындағы жерге байланысты туындаған дау-дамай туралы жазыпты. Мэлс Елеусізовтың «Табиғат» қоры кезінде тазы асырамаққа жер алып, бірақ оған төлеуге қаржысы жетпеген соң, серіктестікке депутат Ромин Мәдиновты шақырған екен. Ал соңғы кезде жер қымбаттауына байланысты, сол жерді Ромин Мәдинов сырттай басқа біреуге сатып жібермек болған деп естіп, Мэлс бұқаралық ақпарат құралдарынан араша сұрапты. «Время» газеті осы дауға арнаған мақаласын «Бала бақша демеске амалың жоқ» деп атапты. Ол мақалада Ромин Мәдинов «менің жеке басым ол жерге тіпті де таласым жоқ» депті.

«Айқын» газеті «Қазақ мүддесі қашан көтеріледі?» деген мақаласында «Бекболат Тілеухан бастаған бір топ депутат «Қазақ тілінде телерадиохабарлар таратудың тұжырымдамасы» атты құжат қабылдауды ұсынғаны туралы жазыпты. Онда автор ойын «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі қазақтың ақпарат айдынындағы «Ресейлік үрдістің» қазақилануына бетбұрыс қажеттігі сөзсіз. Ол тұжырымдама күйінде бола ма, жоқ әлде, бағдарлама, тіпті тұтас заң күйінде болса да артықтық етпес. Мәселе, заңнамалық талпыныстың сипатында емес, оның іс жүзіндегі пәрменділігінде болмақ» деп қорытыпты. «Түркістан» газеті осы мәселеге арнаған мақаласын «Ақпарат кеңістігі кімнің қолында?» деп атапты.

«Жас алаш» газетінің «Үш дағдарыс» деген мақаласында Ораз Жандосов «Өткен күзде экономикамызды үш бiрдей дағдарыстық процесс сiлкiп өттi. Екi дүмпудi сезбей қалған жұрт кемде-кем, олар – инфляцияның бiрден секiруi және банк секторының күрт тоқырап, соның салдарынан тұрғын үй құрылысының да басқа ұрғандай мәңгiруi. Ал үшiншi дағдарыс жайлы көп айтылмайды. Үшiншi дағдарыс – менiң байқауымша, дәл қазiр онша сезiлмей тұрғанымен, стратегиялық жағынан ең бiр маңыздысы. Бұл – Ақорда соңғы кездерi «қазақстандық экономикалық керемет» атап жүрген үлгiнiң дағдарысы» деген тұжырым айтыпты.
XS
SM
MD
LG